Қоғам

Өзін-өзі басқаруға жастарды тартпақ

Өзін-өзі басқаруға жастарды тартпақ


2009 жылы елімізде алғаш болып Өскеменде әр аумақ бойынша жергілікті өзін-өзі басқару кеңестері құрылды. Қазір қалада он кеңес жұмыс істейді.
Олардың құрамына қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын ерікті азаматтар енген.

Кеңес мүшелері өз аумақтарындағы әр тұрғын үйдің проблемасын бес саусағындай біледі. Қандай да бір мәселе туындаса, басшылыққа жеткізбей-ақ шешеді. Ал үлкен қаржыны қажет ететін мәселелер кезінде бірігіп атқарушы билік органдарына ұсыныстарын айтады.

Талдау және болжау институтында Өскемен қаласындағы аумақтық өзін-өзі басқару тақырыбы қаузалған дөңгелек үстел отырысы өтті.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғындарды қоғамдық кеңестер көмегімен аумақтарды басқаруға тарту арқылы дамыту» деп аталған жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаш, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығының директоры Надежда Сафонова, облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов, Өскемен қаласы жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы және өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Өскемендегі жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі қазір азық-түлік, дәрі-дәрмектің бағаларын ауыздықтау мақсатында сауда орындарына, дәріханаларға рейдтер ұйымдастыруды бастаған. Бұл жөнінде Серік Оразбайұлы әңгімілеп берді.

– Біз атқарушы билік пен халық арасындағы көпір іспеттіміз. Өзін-өзі басқару кеңестерінің қызметі өте қажет. Десек те салада қордаланған мәселелер жетерлік. Елбасы өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекітті. Енді сол тұжырымдама негізінде жұмысты жалғастыру керекпіз, – деді ол.
Басқосуда жергілікті билік өкілдері мен белсенділер жастарды қоғамдық өмірге қалай тартуға, қала мәселелерін шешуге олардың әлеуетін қалай пайдалануға болатынын талқылады.

Жиынға қатысқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ проректоры Ирина Ровнякова кеңестердің жұмысына студент жастарды тарту ұсынысын білдірді. Келер жыл Жастар жылы ретінде ресми түрде жарияланғанын ескерсек, бұл бағытта ортақтаса атқарар жұмыс жетерлік.

Осы ретте Серік Оразбайұлы Жастар жылы аясында кеңес құрамына бірқатар жас әрі белсенді азаматтарды алу жоспарда бар екенін атап өтті.
Жиын барысында Надежда Сафонова жалғызілікті қариялар үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырып жатқандарын жеткізді.

– Алда жаңажылдық мерекелер келе жатыр. Осы сәтте кім де болсын сыйлық күтеді. Қоғамда қарт адамдардың, әсіресе жалғызілікті жандардың назардан тыс қалып жататыны жасырын емес. Сол себепті елден жылу жинап, сол апа-аталарымыздың көңілін аулауды жөн санап отырмыз, – деді ол.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button