Қоғам

Өзін-өзі қамтып отырған өңірдегі жалғыз балабақша

Өзін-өзі қамтып отырған өңірдегі жалғыз балабақша


Елбасының «Балапан» бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда ауданда мектепке дейінгі тәрбиеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазір Тарбағатай ауданында балабақша мәселесі оң шешіле бастады. Шағын ауылдарда да шағын орталықтар ашылды. Орталықтанған балабақшалар шаруашылық есепке көшіп, өзін-өзі қаржыландыра бастады. Батыстағы өркениетті елдерде бұл үрдіс ертеден қалыптасқан. Шаруашылық есепке көшіп, өзін-өзі қаржыландырып отырған осындай мекеменің бірі – Ақжар ауылындағы 65 жылдық тарихы бар балабақша.

Бұл балабақша осы күнге дейін талай қиыншылықты бастан кешірсе де, бүгінде қалыптасқан мекемеге айналған. Біз әңгімелеп отырған балабақшаны тоқырау кезінде тоқыратпай аман алып қалған – білікті маман-педагог Алмагүл Құсайынова. Оның айтуынша, балабақша егемендіктің алғашқы жылдарында тіптен тұралап қалды. Алып ғимарат ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпесін деп, сол кездегі аудан басшылығының көмегімен бұрынғы ұжымның тарап кеткен мамандарын қолдан келгенше қайтарып, балабақшаны ұстап қалуға тырысты. Он шақты маман жалақысыз жұмыс істеді. Ауыл тұрғындарының бәрінде бірдей қаражат болмады. Балабақшада бір ғана топ болды. Мекемені қалайда сақтап қалу мақсатында ғимарат ішінен бастауыш сынып, музыка сыныптары, наубайхана, ұстахана, тігін цехы ашылды. Тәрбиешілердің қолынан не келеді, соның бәрін жасауға тура келді. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, абырой болғанда, сол ісіміздің бәрі оңға басты. Бала санын жүзге жеткізгенде, қуанышымызда шек болмады. Осының барлығы шағын ұжым мен ата-аналардың бірлігі арқасында жүзеге асты. Бүгінгі балабақшаның жиһаздары, басқа мүліктері – осы еселі еңбектің несібесі, – деп еске алады Алмагүл Құсайынова.

Бүгінгі күні балабақшадағы он топта 200-ден аса бүлдіршін тәрбиеленеді. Барлығы 62 адам жұмыс істейді, бәрі де – жоғары білімді, білікті мамандар. Балабақшаны ұлғайту мақсатында 2014 жылы аудан әкімінің көмегімен қосымша ғимарат қосылып, ауданда алғаш рет төрт топтан тұратын, сегіз айдан екі жарым жасқа дейінгі бөбектерді қабылдайтын бөбекжай ашылған. Бұл – аудандағы бөбекжайы бар жалғыз балабақша. Меңгерушінің айтуынша, онда барлық жағдай жасалған. Балабақша облыстық «Дарын» орталығымен тығыз жұмыс істеп, нәтижесінде ағылшын тілін оқыту орталығы ашылған. Орталық Кембридж бағдарламасына негізделген. Ауылдағы үш мектептің оқушылары осы орталықта дәріс алады. Қазір балабақша кешенінде 113 бала ақылы қызмет түрін алады, жетістіктері де көңіл қуантарлық. Өткен жылы екі оқушы халықаралық олимпиададан жүлдемен оралған. Балабақша кешені – 2014 жылдан бері өзін-өзі ақтап отырған ұжым. Сол жылы алғаш рет ауласында жылыжай ашып, жылдың төрт мезгілінде көкөністің барлық түрін өсіреді. Ол өнімдерді сатып, қомақты қаражат түсіріп отыр. Одан қомақты қаражат түседі. Ал бөбектер жыл он екі ай экологиялық таза өніммен қамтылған.

Балабақша өткен жылдан бастап ұзындығы қырық метрлік жерасты жылыжайын салып, қазір онда көкөністен басқа гүл өсіруді қолға алды. Мұнда гүлдің сегіз түрі өсіріледі. Қазір гүл сататын дүкен арқылы аудандағы 53 білім мекемесін, ауылдық округтерді қамтамасыз етіп отыр. Балабақша жылыжайынан түскен пайда бақшаның ішкі қажетіне жаратылады. Айталық, балалардың мерекелік шараларда киетін ұлттық киімдеріне, түрлі байқауларға қатысуға жұмсалатын шығындарға жаратылады. Балабақшадағы тігін цехы мекемені төсек-орынмен толықтай қамтумен қатар тапсырыс та қабылдайды. Бүгінде цех өндіретін көрпе-жастыққа өзге аудандардың жиырма балабақшасынан тапсырыс түскен. Биыл аудан әкімінің қолдауымен ауылға жақын маңнан жер алып, екі гектар жерден алма бағының плантациясын ашты, ал келер жылы шағын тауық фермасын ашуды жоспарлап отыр. Аудан әкімі С.Садуақасовтың айтуына қарағанда, өзін-өзі қамтып отырған осындай балабақша кешені облыста жалғыз.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button