Өзімізде өндірілетін азық-түлікті қымбаттатуға еш негіз жоқ
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен аппараттық кеңес бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларының, сонымен қатар жағар-жанармай мен дәрі-дәрмектің бағаларын ырықтандыру мәселесіне арналды.
Өткен демалыс күндері облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс топтары, облыс Әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен департаменттер басшылары, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері барлық аудан-қалаларға барып, бағаға қатысты жағдайды зерделеп қайтқан болатын. Кеңесте негізінен сол іссапарлардың қорытындысы баяндалды.
Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың мәліметтері бойынша, теңге бағамы өзгергеннен кейін кейбір елді мекендерде тіпті, жергілікті өндірушілер шығаратын тауарлар да қымбаттай бастаған. Баға өсімі әсіресе, Өскемен, Семей, Шемонайха қалалары мен Ұлан ауданында айқын байқалады. Айталық, облыс орталығындағы «Весна» дүкенінде бір бөлке нанның құны 65 теңгеге дейін көтерілген. Ал картоп, пияз, орамжапырақ, ұн, ет, қант, күріш сынды тауарлар бағасы 25-30 пайызға дейін қымбаттапты. Қазір осы деректерді қадағалау органдары тексеруде.
Ұн тарту комбинаттарымен бірінші сұрыпты ұнның бағасын ұстап тұру жөнінде келісім жасалған. Мұнымен қоса, облыстық тұрақтандыру қорынан Өскеменге 150 тонна, Зайсан ауданына 50 тонна, Аягөз ауданына 40 тонна, Тарбағатай мен Абай аудандарына 20 тоннадан ұн бөлінген.
Бағаны ауыздықтау жұмыстары Риддер мен Курчатов қалаларында, Зайсан, Зырян, Катонқарағай, Үржар, Абай аудандарында салыстырмалы түрде айтқанда жүйелі жүргізілуде, өкінішке қарай, Көкпекті, Глубокое, Шемонайха аудандарында ондай қарқын байқалмайды.
Жанармай мен дәрі-дәрмек бағасы бойынша жағдай бірқалыпты деуге болады. Алайда, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Қайрат Оразбаевтың айтуынша, риддерлік «ЛНП» бекеттері АИ-95 маркалы бензиннің бағасын 125 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Қазір бұл факт бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин Өскемендегі бірқатар дәріханаларға тексеру жүргізгендерін, олардың кейбірінде аса қажет дәрі-дәрмектер құнының 30 пайызға дейін қымбаттағанын алға тартты.
Барлық баяндамашыларды тыңдап болған соң аймақ басшысы кеңеске қатысушыларды осы маңызды жұмыста көзбояушылықпен айналыспау жөнінде ескертті.
– Жұмыс топтарының басты шаруасы бағаларды тексеру ғана емес, сол бағалар кәсіпкерлердің нақты шығындарына сәйкес келе ме, келмей ме, міне осыны анықтау қажет. Тауар құны он пайыздан жоғары көтерілген әрбір дерек түбегейлі тексерілуі тиіс. Бүгінгі таңда нан, өсімдік майы, көкөніс, картоп секілді өзімізде өндірілген азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына еш негіз жоқ. Ал тұрақтандыру қорынан түсетін тауарлар бағасының өсуіне мүлдем жол беруге болмайды, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, толайым сауда базарларының иелері атқарушы билік органдарымен қол қойылған меморандумдар мен келісімдердің шарттарын бұлжытпай орындаулары тиіс. Сонымен қатар, өз аумақтарындағы, сауда орындарындағы бағаларды да, тәртіпті де олар өздері бақылауда ұстауы керек.
– Өскемендегі «Метро» және «Арзан» супермаркеттеріндегі сауданың ұйымдастырылу деңгейі көңіл қуантады. Іші кең, таза, жайлы, жағымды музыка ойнап тұрады, ең бастысы – ондағы тауарлардың бағасы қолжетімді. Ал «Фреш-маркет» фермерлік гастрономында, «Дина» базарында, «Весна» дүкенінде жағдай керісінше, сауда орындары қалай болса солай орналасқан, сөрелердегі тауарлардың бағалары жазылмаған, көптеген тауарлардың құны тым қымбат, – деді аймақ басшысы.
Облыс Әкімі жиынды түйіндей келе, өкінішке қарай, жұмыс топтары өз істеріне немқұрайлы қарап отырғанына қынжылыс білдірді. Расын айтсақ, олардың тарапынан нәтижелі жұмыс атқарылмаған. Енді олар қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесе сауда орындарын аралап, бағаларды ұдайы бақылап тұруы тиіс. Бұл іске «Нұр Отан» партиясы да белсенді атсалысуы қажет. Бердібек САПАРБАЕВ жергілікті депутаттарды тауар бағасының негізсіз көтерілуімен күресуге, ал саудагерлерді үстемеақыны он пайыздан асырмауға шақырды.
Ержан Әбіш