Қоғам

Анастасия Слонова, шаңғышы: – Шаңғы спортымен 13 жасымнан бері шұғылданып келемін

Анастасия Слонова, шаңғышы: - Шаңғы спортымен 13 жасымнан бері шұғылданып келемін

Еліміздегі қысқы спорт түрлерінің отаны саналатын Шығыс өңірінде тағы бір «жұлдыз» жарқырап туып келеді. Оның аты – Анастасия, тегі – Слонова. Жақында ғана Словакия жерінде өткізілген ХХVII қысқы Универсиадада екі рет топ жарып, Қазақ елінің әнұранын асқақтатқан 23 жастағы шаңғышы қызбен Өскеменге келгенде тілдесудің сәті түскен еді.

– Жүлделеріңіз құтты болсын! Чемпион болу қалай екен?
– Жұрттың ықыласына бөлену жаман болсын ба, жақсы, әрине. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Жеңіске жеткен сәттегі алған әсерім әлі басылатын емес (күледі).
– Бұған дейін Слонова деген спортшыны адамдардың көбісі білген жоқ. Енді ғана біліп жатыр. Сондықтан оқырмандарға өзіңіз туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстандағы қысқы спорттың отаны – Риддер қаласында туып-өстім. Қазір сонда тұрамын. Шаңғы спортымен мектеп қабырғасынан, дәлірек айтқанда, 13 жасымнан айналысамын. Отбасында алты баланың тұңғышымын. Жасым – 23-те. Соңымнан ерген төрт сіңілім, бір бауырым бар. Тұрмыстамын, әзірге бір ұлдың анасымын. Келешекте бір қыз сүйсем деген тілегім бар. Оны жүзеге асыру үшін сәл күте тұру керек. Алдымен әрбір спортшының басты арманына айналған Олимпиада ойындарына қатысып, бағымды сынап көрсем деймін. Содан кейін спортты аяқтап, әйел атаулыға бұйыртқан ұрпақ сүю, бала тәрбиелеу сияқты асыл міндеттерге ден қоятын боламын.
Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой, бүгінгі күні Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясында магистратурада оқып жүрмін.
– Алғаш рет аяғыңызға шаңғы байлаған сәт есіңізде ме?
– Иә, есімде. Мектепте оқып жүргенде барлық балалар шаңғы секциясына жазылдық. Өзіңіз білесіз, Риддерде қысқы спорт түрлері жақсы дамыған ғой. Сөйтіп, бастапқы кезде біріміз қалмай секцияға қатысып жүрдік. Бірақ уақыт өте келе қатарымыз сирей бастады. Спорттың қиындықтарына шыдамағандар кетіп қалды. Ең соңында біздің сыныптан екі қыз ғана болашағымызды шаңғы спортымен байланыстырдық. Оның біреуі – сыныптасым, қазіргі күні бір командада өнер көрсетіп жүрген Марина Матросова.
– Түсінікті. Енді әңгіме ауанын Универсиадаға қарай бұрсақ. Жалпы, жарыс қалай өтті? Ұйымдастырылуы, қызмет көрсетуі, шаңғы жолының сапасы секілді мәселелер көңілден шықты ма? Риддердегі қысқы спорт түрлерінің базасымен салыстырғанда айырмашылықтар бар ма?
– Алып бара жатқан артықшылығы жоқ. Керісінше, ондағы жасанды қардың сапасы біздегі табиғи қармен салыстыруға келмейді. Дегенмен, әлемдік деңгейде жарыс өткізіп отырған соң, Словакия елі барлық талаптар үдесінен шығуға күштерін салыпты, көрініп тұрды. Шаңғы жолында ұзақ өрлер, шұғыл бұрылыстар, еңістер – бәрі кездесті. Көңілден шықты.
Негізі, өзге халықаралық сайыстармен салыстырғанда, Универсиада маған соншалық бір қиындық туғызған жоқ. Ондағы қатысушылардың бәрі – өзімнің қатарластарым, студент-спортшылар. Біз бір-бірімізбен тез тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік. Сайыс кезінде де көңілді жүрдік.

Универсиадада чемпион атанар алдында түс көрдім

– Бір жарыста бақандай төрт медаль алдыңыз. Екі алтын, екі күміс! Осы жүлделердің ішінде қайсысын ұтып алу қиынға түсті?
– Ешбір жеңіс жеңіл жолмен келмейді ғой. Бар күшімді жұмсап, намысты қолдан бермеуге тырыстым. Дегенмен, спринттің өзіндік қиындығы бар. Өйткені онда шаңғышылар жарыс жолына жаппай шығатындықтан, алға ұмтылған кезінде бір-біріне кедергі жасап, тіпті құлап қалатын, таяқтарын сындырып алатын күтпеген жағдайлар болады. Бұл орайда бапкерімнің дұрыс таңдаған тактикасын атап өткен дұрыс. Менің физикалық тұрғыда мықты екенімді білетін бапкерім маған жарыстың басты фавориттері саналған ресейлік қыздардың соңынан бір елі қалмай жүгіріп отырып соңғы айналымда бар күшпен алға ұмтылу керектігін қадап тұрып түсіндірген. Сол кісінің айтқан тактикасын бұлжытпай орындауымның арқасында чемпиондық атаққа қолым жетті. Әйтпесе, бәсекелестерім осал болған жоқ.
– Басты бәсекелестеріңіз қай елдің өкілдері болды?
– Жоғары наградаға таласқандардың арасынан ресейлік шыңғышыларды бөле-жарып айтуға болады. Олар шынымен де мықты екендерін жеңіп алған көптеген медальдарымен дәлелдеді. Сол секілді украин және поляк қыздары да үлкен бәсекелестік туғызды.
– Жаңа бапкеріңіздің еңбегін атап өттіңіз. Осындай чемпионды тәрбиелеген бапкердің аты-жөні кім екен?
– Негізі, жастайымнан тәрбиелеген – жеке бапкерім Алексей Наконечный. Ол кісі маған шаңғымен жүгірудің әліппесін үйретіп, спорттың қыр-сырына қанықтырды. Алексей Александровичтің шәкірттерінің басым көпшілігі – ұлдар, олармен бірге жаттығудың өзіндік артықшылықтары бар. Физикалық жағынан шыңдаласың, спорттық рухын да биік болады.
Ал қазіргі бапкерім – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Сергей Снытин. Ол кісіден де үйренген, білгендерім көп.
– Универсиада чемпионына елінде қандай сый-құрмет көрсетілуде? Олимпиада ойындары демесек те, Универсиадада топ жару екінің-біріне бұйыратын бақ емес.
– Бұйыртқан сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Рақмет бәріне, жанкүйерлерге, жауапты орындарда отырған адамдарға ризамын. 50 мың доллар ақшалай сыйақы алдым. Басқа да көрсетілген құрмет-қошеметтерге тәнтімін. Сыйлыққа алған қаражаттарымды жинап жүрмін. Риддер қаласында екі қабатты үй салсам деген арман бар. Әрине, бұл қаражат жеткіліксіз, әлі тағы жинау керек.
– Бір сөзіңізде «Универсиада чемпионы атанар алдында түс көрдім. Түсім айна-қатесіз орындалды» деп айтыпсыз.
– Иә, ол рас. Универсиаданың алғашқы алтынын алатын кезде түнде түс көрдім. Түсімде қатты қуанып жүр екенмін. Мұны өзім іштей жақсы ырымға жорыдым. Айтқандай, ертеңінде бағым жанып, чемпиондыққа қол жеткіздім. Дәл сондай түсті екінші рет алтын медальды иеленер алдында да көрдім. Оған да іштей қуанып, стартқа сенімді шықтым. Нәтижесін білесіздер. Жалпы, бұл маусым мен үшін сәтті өтіп жатыр.
– «Сәтті өтіп жатыр» дегеніңізге қарағанда, сіз өнер көрсететін жарыстар әлі аяқталмаған сияқты. Солай ма?
– Әрине, солай. Бұл – үлкен жарыстардың басы ғана. Алда талай сын күтіп тұр. Бір апталық демалыстан кейін ақпан айының 18-і күні Швецияның Фалун қаласында басталатын Әлем чемпионатына аттанамыз. Үлкен додаға елдің атынан қатысып тұрғандықтан, ол жақта да барымды салуға тырысамын. Үміт артқан бапкерлердің, жанкүйерлердің сенімін ақтау – парызымыз.
– Туған жеріңізде тілеуіңізді тілеп, тақымын қысып отырған қалың жұрт Анастасиядан алдағы Әлем біріншілігінде не күтеді? Жанкүйерлерді тағы қандай жүлдемен қуантасыз?
– Ол жағын нақты айта алмаймын. Уақыт көрсете жатар. Бір анығы, Әлем чемпионатына үкілеп қосқаннан кейін аянып қалатын мен емес. Қолдан келгеннің бәрін істеймін. Қалғаны бақ-тәлейіме байланысты.
– Ендеше, байрақты бәсекелерде бағыңыз жансын деген тілекпен әңгімемізді түйіндейік.

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button