Зілзала, қырғыздар мен велосипед туралы

Мәскеуде Мексика Германияны 1:0 есебімен жеңіп сенсация жасаса, соңы төбелеске ұласа жаздаған Сербия мен Коста-Рика арасындағы кездесуде 1:0 есебімен еуропалықтар жеңіске жетті. Ал Дондағы Ростовта Швейцариямен кездескен Бразилия ойламаған жерден ұпай жоғалтты, деп хабарлайды Мәскеуден арнайы тілшіміз.
Ел сілкінді, жер сілкінді…
Бразилия демекші, 1978 жылы Аргентинада өткен Мундиальда Пеленің жерлестері Швеция құрамасымен тең ойнаған екен. Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін үнемі жеңіспен бастайтын бразилиялықтар Ресейге келіп 40 жыл бұрынғы «ерліктерін» қайталады. Ал неміс машинасын тоқтатқан Мексика құрамасының жеңісінен жер сілкініп жатыр дейді. Иә, кәдімгідей жер сілкінген. Ирвинг Лосано гол соққан мезетте зілзала мониторингімен айналысатын әлемдік SIMMSA орталығы табиғи емес сипаттағы жер сілкінісі тіркелгенін өздерінің твиттер парақшасында жазды. Айтуынша, арнайы датчиктердің екеуі бір мезетте миллиондаған адамдардың тоқтамай секіруінен болған жер сілкінісін тіркеген.
Жері де, елі де сілкініп жатқан Мексиканың Мәскеудегі жанкүйерлері стадионнан шығар-шықпастан жеңіс тойын тойлап кетті. Көшедегі адамдардың барлығымен құшақтасқан олар, тіпті кептелісте тұрған таксистерді де көліктен шығарып алып құшақтап, беттерінен сүйіп жатқанын көрдік. Көшеге сыймай ағып бара жатқан жасыл өзен іспетті мексикалық жанкүйерлердің Никольск көшесіндегі думаны таңға дейін жалғасты.
Ал жеңіліске үйренбеген Германия фанаттарының үндемей сыра ішіп отырудан басқа амалдары болған жоқ. Айтпақшы, Йоахим Левке шетелдік журналистер: «Мексиканы менсінбей шыққан сияқтысыздар, солай ма?» деп сұрақ қойды. Әлем чемпиондарының бапкері бұл сұраққа: «Иә, сәл жинақы болуымыз керек еді, неге екенін білмеймін біздің жігіттердің біраз сасқалақтап қалғаны рас», деп жауап берді.

«Кетчуптеріңді өздеріңмен ала келіңдер»
Мәскеудегі футболдан тыс өмірде де түрлі оқиғалар мен қызықты хикаялар орын алуда. Енді солардың біразын айта кетейік. Англия құрамасының бұрынғы капитаны Терри Бутчер Мәскеудегі мейрамханалардың бірінен тамақтанып болған соң, кетчуптың ақшасын төлемей кеткен. Бұл оқиға қазір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
– Маған кетчуп әкелді. Оның құны тамақтың ішіне кірмеген болатын және оны мен сұраған да жоқпын. Маған чек әкелген кезде: «бұл не үшін» деп сұрадым. Олар маған кетчуп үшін екенін айтты. «Жоқ, жоқ, жоқ! Сіз менен кетчуп үшін ақша ала алмайсыз» дедім. Даяшы «ала аламыз» деді де менеджерді шақырды, – деп жазады ол.
«Менюде жоқ кетчуп чекте де болмауы керек» деген экс-капитан соустың ақшасын сол күйі төлемей кетіпті. Оның үстіне бұрынғы футболшы бүкіл ағылшындарға «Ресейге келсеңдер, кетчуптарыңды өздеріңмен бірге ала келіңдер» деп үндеу тастаған.
Аспанда жұлдыз көп, Мәскеуде қырғыз көп
Ресей астанасындағы қызмет көрсету орындарының барлығында дерлік қырғыздың қыз-жігіттері жұмыс істейді екен. Сол сияқты көше жиектерінің бойында тізіліп тұратын сужаңа сары «Яндекс» таксилердің денін қырғыз ағайындар тізгіндеген, әуежай, дәмхана, метро, көше тазалығы қызметінде де түріміз бен тіліміз ұқсас ағайындар жүр. Біз тоқтаған Измайлово ауданынан «Лужники» стадионына дейін таксимен жетуімізге тура келді. Көлік руліндегі Фархад деген жігіт Ош қаласынан екен.

– Күніне 1 500 рубльді машинаның арендасына төлеймін, қалғаны менікі. Табыс былайда жаман емес, күніне 2 000 рубльден артық ақша табамын. Күн сайын елге ақша жіберіп тұрамыз, бала-шағаны солай асырап жатырмыз. Қырғызстанға жылына бір рет, кейде екі рет барып тұрамыз, – дейді Фархат.
Бізден 750 рубль алған ол егер Ресейде жұмыс істеп жүрген қалың қырғыз елге ақша жібермесе, Қырғызстандағы бүкіл базарлар тоқтап қалатынын да айтты.
Осы ретте, алдыңғы күнгі елді дүрліктіріп, жанкүйерлердің жағасын ұстатқан оқиға да такси жүргізушісінің қатысуымен болғанын айта кетейік. Рульде отырған адамның 28 жастағы Қырғыз Республикасының азаматы екендігі анықталды. Ол өзінің түсініктемесінде 20 сағат бойы ұйықтамағандықтан көзі ілініп кетіп, тротуар бойында тұрған жанкүйерлерді қаққанын жазыпты. Абырой болғанда, адамдар аман, бірақ ауыр жараланған шетелдіктер бар екендігі айтылады.
Велосипедпен де келгендер бар
Матиас Амайя осыдан бес жыл бұрын Бразилиядағы Әлем чемпионатына бармақ болып жолға шығып, кейін қайтадан еліне, Аргентинаға оралады. Одан кейін Мәскеуді бетке алған ол велосипедіне мінеді де төрт жыл бойы 80 мың шақырым жол жүріп, ақыры Қызыл алаңға келіп бірақ тоқтаған. 80 келі жүкті велосипедіне артып алып, әлемнің қаншама қаласын артқа тастаған Матиастың ерлігіне бас иетін жанкүйерлер көп болып шықты. Оның жүріп өткен жолы мен қалаларын көру үшін жиһанкездің әлеуметтік желідегі парақшасын қарау керек.

Сол сияқты Испанияның Валенсиясынан велосипедпен келген Роберто Фернандес деген жігіттің ерлігін де атап өтуге әбден болады. Әлем чемпионатына Германиядан трактормен келген шал туралы кейін жазармыз. Испандық Роберто Фернандес кәсіпқой велоспортпен айналыспайтын адам екен. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын ол «Тәуекел түбі жел қайық» деп жолға шығып кеткен.
– Ресей территориясына кіре салысымен футбол тойына келе жатқанымды білген жергілікті жұрт мені тамақтандырып отырды. Әсіресе, борщ ұнады. Шынымда айтсам, жолға ақшасыз шығып кеткен едім. Маған ризашылық білдірген адамдар азын-аулақ тиын-тебендерін беріп, менімен суретке түсіп жатыр. Ең бастысы, Мундиальға жету деген арманым орындалды, – дейді Робертоның өзі.
Алты мың шақырымды артқа тастап келген Роберто енді төрт жылдан кейін өтетін әлемдік футбол тойына да велосипедпен барам деп отыр.
Мәскеуден арнайы
«Дидар» газеті үшін –
Дарын Нұрсапаров