Әзілқой жастар жемқорларды нысанына алды

Жуырда Өскемендегі металлургтар Мәдениет сарайында қалалық КТБ (көңілді тапқырлар клубы) филиалы лигасының 1/4 ойыны өтіп, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кубогын сарапқа салды.
Бұл сайысты Өскемен қалалық КТК филиалы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті бірігіп өткізіп отыр. Астарлы әзілмен қоғамның кейбір келеңсіз тұстарын нысынаға алған жастар көрермендерге риясыз күлкі сыйлады. Тартысты өткен сайыста 12 команда бақ сынады.
Нәтижесінде ШҚМТУ-дың «Престиж» командасы бас жүлдеге тігілген 150 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қанжығаға байлады. Ал бірінші орынды иеленген «Қамажай» құрамасы 125 000, екінші орынға лайық деп танылған ШҚГК-ның «Пысықтар» командасы 100 000 теңгені еншіледі. Сондай-ақ, үшінші орынға табан тіреген «Голд» командасы 75 000 теңгеге ие болды. Бұдан бөлек «Ізбасар» командасы «Көрермен көзайымы», ШҚМУ-дың «Селт еткізер» құрамасы «Үздік көрініс» аталымдарына ие болса, «2000» командасының ойыншысы Бақытгүл Еркінбекқызы «Үздік ойыншы» атанып, 10 000 теңгелік арнайы жүлде алды.
Сонымен қатар «Ізбасар», «Селт еткізер», «Пысықтар», «Голд», «Престиж», «3 G», «Қамажай», «95-тер» командалары Өскемен қалалық лигасының 1/2 финалдық бәсекесіне жолдама алды.
Мұратхан Кенжеханұлы