Руханият

Әзілхан Нұршайықов: – Журналистер – көреген халық

Әзілхан Нұршайықов: - Журналистер – көреген халық

Журналистика күні қарсаңында Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың журналистика туралы, қоғам жайындағы афоризмдерін жариялап отырмыз. Әз-ағаң өзін әуелі журналиспін деп есептеген. Кейбір жазушылар бұлай деп айтуға арланатыны жасырын емес. Ал Әзағаң үлкен әдебиетке келердегі осынау мамандықты әрқашанда ыстық ілтипатпен аузына алып, оқырмандармен кездесулерінде жиі айтуды дәстүрге айналдырған. Ол кісі өзінің «Сыр» атты мөлтек әңгімесінде былайша ағынан жарылады: «Мен журналистикада ұзақ жүріп, әдебиетке кеш келдім. Соның өзінде де журналистикадан қол үзбедім: газет, журнал, радио, телевизия тапсырмаларын жиі орындап жүрдім. Өйтпесіме және болмады. Журналистиканың алдында тұрған асығыс, шұғыл міндеттерді мен жақсы білемін. Өзім журналистен шыққан жазушы болғандықтан, оларға көмектесіп отыруды борышым деп есептеймін. Әрине, көп жазушылар журналистік заказдарды қабылдамайды. Кейбіреулер оны арзанқол, өткінші жұмыс деп есептеп, бар уақытын көркем шығармаға жұмсауға тырысады. Журналистік қызмет кейбіреулердің қолынан келмейді де. Сондықтан ондайлар газетке очерк, мақала жазуды менсінбейтін кісі боп көрінуге тырысады. Ал журналистиканың бар жанрын құрметтеп өскен менің өйтуге дәтім шыдамайды. Мәселен, телевизия «Қайдасыңдар, қаруластар?» хабарын жүргізуге шақырса, соғыстан келген солдат, сен қалай бас тартасың? Бұл да халыққа керек қызмет. Сенің еңбегің жұрттың жігерін тудырса, оларды қоғамдық ерлік еңбекке құштарландырса, тек қана көркем шығарма жазамын, қолым тимейді деп қалай айтарсың?» (06.07.1985 жыл).
Атақты қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың соңғы жылдары шыққан «Өмір өрнектері» атты төрт томдығын оқып отырып, оның адам, қоғам, өмір туралы сан қилы ой-толғаныстарының куәсі боласыз. Пәлсапалық ой орамдарымен қатар қысқа да нұсқа мөлтек пікір-түйіндер де жеткілікті. Осындай сөз маржандарын өрнектеу арқылы жазушы оқырмандарға үлкен ой салып отырған. Ендеше, солардың бірқатарына үңілелік
Редакция.

Афоризмдер

Әзілхан Нұршайықов:
-Журналистер – көреген халық

Біз, жазушылар мен журналистер, күні кешеге дейін өз жалынымызды өзіміз көрсете алмай келдік. Өзімізді жұртқа жылу беріп, жарық шашар от деп есептесек, оны лаулатпай, үстіне себезгілеп су құюмен болдық. Өзімізді қағазға түскен өрнекті жазу деп бағаласақ, сол жазуды күн сайын резеңкемен өшіріп отырдық. Мұның мәнісі – бар өмірімізді көсемдердің сөздерін насихаттап, бар өнерімізді, бойымыздағы дүниеде сирек кездесетін асыл металдар іспеттес талант қуатын партия қаулыларын бұлжытпай жүзеге асыруға жұмсадық. Ол сөздер мен қаулылардың мәніне, дұрыс я бұрыс екеніне баға бермедік. Оны ойлап, сараптауға деген өз тілегімізді қолма-қол өшіріп отырдық. Бұл ойымызды біреу біліп қойған жоқ па екен деп, жалтақтап, жан-жағымызға қараумен болдық. Осының салдарынан халықтың жүрегіндегі қайғы-қасіретті көрмедік, көрсек те, көңіл бөлмедік. Өйткені партия өмірдің көлеңкелі жағын емес, күнгей жағын көрсетуді қатты қадағалап отырды. Өйтпесек, еңбегіміз еш болады, өзіміз сүйкімсіз көрінеміз, қаламақыдан қағыламыз деп ұқтық. Бір сөзбен айтқанда, күнкөріс қамын ойладық. Ал күнкөрісіміз қайыршының аз алдында ғана бола тұрса да, өзімізді партияның қолғанаты деп есептедік. Көсемдер солай деп айтады деп, соған семірдік, соған күпіндік. Көкіректегі талантымызды осылай тоздырдық. Енді таланттың алау боп лаулайтын, айналаға шексіз жарық шашатын шағы туды. Адамның өмірде көрген зорлық, қорлық, қиындығын жасқанбай жариялау – парыз. Олай етуге біз қартайып қалдық. Көкіректегі өзіміз су сеуіп, сызып, шимайлап өшірген талант қоламтасын қайта үрлеп жылтыратар күй, қауқар жоқ. Сондықтан біз табиғат берген ой талантын халық өмірінің шамы тәрізді жарқыратып өтуді жас жазушы қауымына, қаламгерлердің келешек буынына аманат етеміз. Өз таланттарыңды өздерің өшірмеңдер. Одан асқан қасірет, қайғы жоқ дейміз.

***
Журналистика – хабардың қан базары

***
Журналист – жортып жүретін жолаушы. Аяңдаса – аш қалады.

***
Жалқаудан журналист шықпайды. Журналист жортып жүруі керек. Жалқаулар ілбіп аяңдайды.

***
Журналист – жүрек жыршысы.

***
Адамзат ішіндегі ең жүрдек жандар – журналистер. Журналистердің бармайтын жері, шықпайтын шыңы жоқ.

***
Журналистер – көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі жорғалаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің әр лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып жария етеді.

***
«Семіздікті қой ғана көтереді» деген. Сиыр семірсе – сүзеді, жылқыға жал бітсе – тебеді, түйе тойынса – тарпиды. Тек қой ғана ешкімге соқтықпайды. Ал адам семірсе (байыса) – басынан сөз асырмайды, басқаның бәрін өзіне бағынышты, жағынышты болуын тілейді, өзгелерден өзім ғана биік болсам екен дейді. Адамды семіртетін – атақ, дәреже, даңқ. Осы үшеуінен айырылмау үшін кейбіреулер қиын қылмыстарға дейін барады. Сол себептен де халық «Қанағат қарын тойғызады», «Ұрлық түбі – қорлық» дейді. Халықтың осы үш сөзін ұмытпау қажет-ақ.

***
Сапситып сақал қойғанның бәрі Толстой болмайды,
Бұйра шаштының бәрі Пушкин емес.

***
Білегіне сағат байлағанның бәрі бірдей уақыт қадірін біле бермейді.

***
Түрте берсе, тақырға да түк бітеді. (Шөп шығады, өнім өнеді деген мағынада).

***
Күннен қашқан көлеңке сағалайды.

***
Өзге жұртпен өз-өзімен өштесіп жүретін баққұмар, атаққұмар, өзімшіл жауыз жандарға кездескенде, соларды көргің келмейді. Көлденең жұрттан ұялғандықтан, амалсыз амандасуға тура келеді.

***
Есуастың үйіңе келгені есік қаққанынан белгілі.

***
Жібек көйлек киген әйелдің бәрінің жаны жібек бола бермейді.

***
Тиянақтылық – адамның ең ардақты қасиеті.

***
Шындықтан тыс шығарма қанаты қайрылған құс іспеттес: аспанда самғаудың орнына, жалпиып кітап дүкендерінде жатады.

-***
Өлім жағадан алып, аяқтан шалғанда ғана адам жер бетінде, алыс-жақын адамдар жүрегінде өшпес із қалдыра алмағанына өкінеді. Жазылған соң және ұмытып кетеді. Ал өлер алдындағы өкініш – өрттің жолына түскен гүлмен тең.

***
«Адамның сөз сөйлеу мәнері әртүрлі: біреу ағыл-тегіл боп ағып сөйлейді, біреу айналасын бағып сөйлейді. Ал енді біреулер бет алдына лағып сөйлейді.

***
Өлі жүз аруаққа сыйынғаннан, тірі бір бастыққа сүйенген пайдалы. Адам адамдарға қарыздар.

***
Адам – мемлекеттің ең асыл қазынасы

***
Көп сөйлегеннен көсем емес, көк мылжың шығады.

***
Көңіл күйін көп базарлаған адамнан тұрақты достық шықпайды.

***
Бар білімін жұртты жамандауға жұмсаған, бар сауатын арыз жазуға арнаған адам – ең сорлы жан.
***

«Рахат пен қуаныш адамды өмір бойы қартайтпауға тырысады.
***

«Адамды ерте қартайтатын сегіз сергелдең бар. Олар: жәбір мен үрей, ашу мен ыза, қайғы мен сағыныш (зарығу), күншілдік пен өшпенділік.

***
Қоғамдық, азаматтық ауқымы кең адамның назарынан тыс қалдым деп қапаланба. Ол жеке адамдардың емес, көптің қамын жейді. Ал сен өзіңді сол көптің ішіндемін деп ойла.

***
Ойланбай істеген іс опық жегізеді. Жеке адамның өкініші уақа емес. Ал ол көптің қасіретіне айналса, қоғамға зиян.

***
Адам қамын ойлаған көсем ғана қоғамды гүлдендіре алады.

***
Өмір – теңіз, қоғам – құм, адам – қиыршық.

***
Өмір – мұхит, қоғам – көл, адам –тамшы.

***
Ешбір қоғам ақымақтан – Абай, талантсыздан Толстой жасай алмайды.

***
Саяси қайраткер – қоғамның уақытша жетекшісі. Ғалым – халықтың ғасырлар бойғы ұстазы, Қотан күзетсіз, қоғам басқарусыз өмір сүре алмайды: бағусыз қойды қасқыр жейді; басқарусыз адамдар бірімен-бірі жауласады.

Осы айдарда

Back to top button