Қоғам

Зияткер жастарды анықтады

Жуықта аягөздік оқушылар арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы өтті. Бұл шараға «Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК Аягөз аудандық филиалы мұрындық болды.

Қазылар алқасының мүшелері аудандық білім бөлімінің әдіскерлері С.Қыржыбаев, Г.Тоқанова және Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейдің директоры А.Жүзжасарова сайысқа қатысқан үміткерлердің ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады.

Осы шара барысында білім бөлімінің атынан Дүниежүзілік музей күнімен құттықтап, қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Әріп пен Сара» атты кітабын музей қорына сыйға тартты.

Бұл білім додасын ұйымдастырудағы мақсат – жас ұрпақты іскер де батыл, тапқыр да өнерлі етіп тәрбиелеу, ХХІ ғасырдың талабына сай келетін жоғары бәсекелестікке негізделген білімді, шебер, жан-жақты дарынды жас буынды қалыптастыру.

Барлығы бес кезеңнен тұрған байқауда терең біліммен  көзге түскен №4 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Н.Калелова бірінші орынды жеңіп алды. Жүлделі екінші орынды  көпбейінді  мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Н.Берікханова иеленсе, үшінші орын №5 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Т.Нұрланға бұйырды.

Жеңімпаздар «Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК Аягөз аудандық филиалының мақтау қағаздарымен және  бағалы  сыйлықтарымен марапатталды.

 

Баршагүл Сиязбекқызы

                                                                             Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button