Зияткер оқушылардың көмегі
Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы тасқын суда зардап шеккен жандардың тағдыры Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларын көмектесу үшін жұмылдырды. Тұрғындарға қол ұшын беруді ұйғарған зияткерліктер қайырымдылық спектаклін қойып, флешмоб ұйымдастырды.
Баспасөз құралдары мен интернет желісінде оқиға орнынан берілген фактілермен танысқан оқушылар шаңырақтарда бұл тақырыпты талдап, «Әнет Баба» шаңырағының өкілдері қайырымдылық шараларын өткізу туралы ұсыныс жасады. 24 сәуірде оқушылар «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты театрландырылған көрініс қойып, флешмобқа қатысты.
Балалардың өнерін тамашалауға құрбыларымен қоса тоқымашылар шағын ауданындағы «Әжелер алқасы» мен ақсақалдар кеңесінің өкілдері, ата-аналар, CIS (халықаралық мектептердің кеңесі) комиссиясының мүшелері жиналды.
Қойылымда оқушылар қазақ халқының қалыптасу тарихы мен басынан өткен небір нәубеттерді, соған қарамастан, рухы сынбай, жасампаздықпен дамып келе жатқанын бейнеледі. Спеектакльді көрермендер жылы қабылдады. Ақсақалдар көріністің мазмұнына терең, балалардың ойын шеберлігіне кәсіби деген баға берді.
Ал флешмоб Қазақстанда тұратын әр алуан ұлт өкілдерінің ортақ тағдыры мен ондағы қазақ халқының рөлін көрсетті. Құрманғазының «Сарыарқа» мен «Балбырауын» күйлерін күмбірлеткен домбырашыларды бишілер алмастырды. «Туған ел», «Атамекен» сияқты патриоттық әндер шырқалды.
– Акция кезінде жәшік орнатылған болатын. Оған көмек қолын созам дегендер қаражат салды. Зардап шеккендерге қаржы жинау аптаның аяғына дейін созылады, – деді мектептің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажина.