Қоғам

Жүзуді де, жүгіруді де меңгерген

Облыс орталығында алғаш рет триатлоннан республикалық сайыс өтті. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Мәскеуден келген 35 кәсіби спортшы «спринтерлік» және «супер-спринтерлік» қашықтықтарда бақ сынасса, 21 әуесқой триатлоншы «TEMIRADAM» Кубогының X кезеңінің рейтингтік ұпайларына таласты.
– Спорттың триатлон түрі бізде жақында ғана ашылды, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков. – Жеңіл атлетика манежі базасында триатлон бөлімшесін ашып, онда төрт жаттықтырушыны жұмысқа алдық. Қазіргі уақытта спорттың осы түрімен 80 бала айналысып жүр. Балаларға жол және трек белесебеттер сатып алуға қаржы бөлдік.
Өскеменде алғаш рет өткізілген жарыс спортшылар мен ұйымдастырушыларға тәжірибе жинақтауға үлес қосқанын алға тартқан басқарма басшысы алдағы уақытта бұл жарысты Шығыс Қазақстанда тұрақты түрде өткізіп тұруға күш салынатынын атап өтті.
Жарыстың бірінші күні U15 санатындағы спортшылар «супер-спринт» қашықтығындағы (350 м жүзу, 8 км веложарыс, 2 км жүгіру) ел чемпионаты аясында сайысса, U19 және U23 санаттарында екі есе ұзақ қашықтықтағы триатлоннан Қазақстан Республикасының Кубогы финалының мықтылары анықталды. Ал U17 санатындағы спортшылар Гундерсен жүйесі бойынша «супер-спринт» қашықтығында ел Кубогының финалында сайысты. Бұл жүйеге сай спортшылар екі кезеңнен тұратын бәсекеде бақ сынасты.
Жарыстың екінші күнінде Age Group санатындағы спортшылар арасында «спринт» қашықтығында 21 әуесқой спортшы «TEMIRADAM» Кубогының оныншы кезеңінің жеңімпазы атану үшін барын салды. Әуесқойлар арасында павлодарлық Александр мен оның әйелі Светлана Дымовскихтар абсолютті жеңімпаз деп танылды.
Сонымен қатар бұл күні жарыс жолына шыққан U17 санатындағы спортшылар Гундерсен жүйесі бойынша «супер-спринт» қашықтығында ел Кубогының жеңімпазын анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында алматылық Александр Теннің, Егор Крупяковтың және Елдар Шекербектің, әйелдер арасында жерлестеріміз Виктория Бабинаның, Лисана Савченконың және Арина Арифтың бағы жанды.
Жарыс соңында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова спортшыларға алғысын білдіріп, естелік медальдар мен мадақтау қағаздарын тапсырды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button