Жүз елді мекенге су басу қаупі төніп тұр

Шығыста ақпанның аяғы наурыздың басында күн күрт жылынып, ауа температурасы +8 градусқа дейін жылынады. «Қазгидрометтің» болжамына сүйенсек, қар жылдам еріп, өзен-сулар арнасынан асуы мүмкін.
Оған қоса таяуда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі 100 елді мекенге қарғын су қаупі төніп тұрғанын хабарлаған болатын. Бородулиха ауданының – үш, Катонқарағай ауданының – сегіз, Зайсан ауданының – 12, Аягөз, Үржар, Көкпекті аудандарының – төрт, Абай, Зайсан, Жарма, Тарбағатай аудандарының – бес, Ұлан, Шемонайха аудандарының – алты, Глубокое, Бесқарағай аудандарының 10 ауылына қауіп төніп тұр деген олар. Біз бұл келтірілген санға аймақтағы ірі үш қаланың төңірегіндегі мекендерді де қосуға тиіспіз. Мәселен, облыс орталығында су жайылуы мүмкін 22 нүкте анықталған екен.
Ол туралы тасқынның алдын алу шараларына байланысты өткен баспасөз жиынында Өскемен қаласы әкімінің бас инспекторы Қаныш Мұқажанов пен төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Дастан Ахметов айтқан еді.
– Көктемгі су тасқынын сөз қылғанда әуелі қаланың географиялық орналасуына тоқталамыз. Таудан бастау алатын бұлақтар мен Ертіс, Үлбідей екі үлкен өзен тұрғанда жолдағы Меновной, Красин, Шмелев, Аблакетка, Солжағалау аудандары көктемде судан құтыла алмайды. Осы ретте біз тасқынды болдырмауды емес, оны қауіпсіз арналарға бұрып жіберуді ойластыратынымызды айтпақпыз. Басқа амал жоқ, – деді Қаныш Мұқажанов.

Инспектордың сөзінше, аталған 22 нүктенің түгелі тасқынға әзір. Соңғы рет Меновной кентінде төтенше жағдай қызметкерлерінің дайындығы пысықталды. «Көктем – 2019» дайындық шарасына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, шаруашылық қызметкерлері, сарбаздар, полицейлер және дәрігерлер қатысып, 20-дай техника жұмылдырылды. Дайындық шарасы ойдағыдай жүзеге асып, тұрғындыр қауіпсіз жерге көшірілді. Осы орайда былтыр Меновной ауылындағы 27 үй мен 68 үйдің ауласын су алып кеткенін айта кеткен орынды болар.
– Былтырғы қарғын судың қатты болуына тоңның қалың қатқаны себеп. Кей аймақта тоң екі метрден асты. Сондықтан да қардың суы жерге сіңбей, бетімен ағып жатты. Биыл жерге 70 сантиметрдей тоң жүріпті. Дегенмен былтырғыдан аз деп, қол қусырып отыруға болмайды. Тұрғын үй иелердің аулаларындағы қарды тазалағаны жөн. Тазалау дегенде, үйіп қана қоя салмай, Ертістің сол жағалауындағы, Ахмердегі және басқа да аумақтағы күресінге тасу керек. Әйтпесе еріген қардың суы бір емес, көрші тұрған бірнеше үйдің іргесін шайып кетеді. Бұл айтқанымыз елеусіз, қарапайым ғана іс болғанымен, қаншалықты зиян келтіретінін былтыр көрдік қой. Тұрғындардың ескертпемізге жауапкершілікпен қарайтынына сенеміз, – дейді инспектор.
Тасқын Болатұлы