Руханият

Жырақта жүріп жерлестерін жебеген

Жырақта жүріп жерлестерін жебеген


Жазушы Николай Андреевич Горбачев 1923 жылы 13 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Балғын ауылында дүниеге келген. Өмірінің соңына дейін кіндік қаны тамған топырақтан байланысын үзбеген соғыс ардагері, қаламгер жазушы. (1923-2000).

Жырақта жүріп жерлестерін жебеген

Әкесі Андрей Федорович бұл өлкеге Қазан төңкерісінен кейін келген көрінеді. Қалыптасқан большевик ретінде Ертіс, Уба, Бұқтырма аңғарындағы ұсақ бандылармен күрескен партизандар қозғалысына қатысады. Колчактың Сібірге өрлеген кезінде ақтардың қолына түсіп, ату жазасына кесіледі. Бір ғажабы, үкім орындалуға бірер сағат қалғанда олар қамалған түрмені «ЧОН» отряды босатады.

Горбачевтер отбасы тағдыр талқысымен қоныстарын жиі ауыстыруға мәжбүр болады. Бейбіт заманда тері өңдеу зауытында, «Союззолото» қарамағында жұмыс істейді. Николай Андреевичтің әкесіне Балғын ауылы ақсақалдарының берген аты – Андриан. Ол ауылдағы ұн тарту диірменінде, орманды қорғау (орманшы) мекемесінде және басқа да түрлі жұмыстар атқарған. Зайыбы Татьяна Александровна екеуі дүниеге бес ұл әкеліп, барлығын да өсіріп-жеткізді. Ұлдарының болашағына алаңдаған Горбачевтар балаларымыз оқысын, білім алсын деген ниетпен 1930 жылы Воронеж облысына қоныс аударады.
Болашақ жазушы Николай Горбачев сол жердегі Тойда селосында, содан кейін Новый Курлак, кейін Кавказдағы ескі қала Дербентте оқып білім алады. Алайда, бала Николай алғашқы білімді осы Үлкен Нарын өңіріндегі өзі туған Балғын ауылында алған. Оның балалық шағы да осында өткен. Николай өзінің алғашқы өлең, әңгімелерін Махачкала жол-құрылыс техникумында оқып жүргенде және Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған. Бірақ ол әдеби шығармашылықпен соғыстан кейін, Харьков радио-техника академиясында оқып жүргенде ғана нақты айналыса бастайды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда 18-ге енді толған бозбала Баку жаяу әскерлер училищесіне жіберіледі. Курсант Н.Горбачев соғыстың алғашқы жылдарының қиыншылығын көре жүріп, Кавказды жаудан азат етуге қатысады. 1943 жылы 37-армияның кіші лейтенанттар даярлайтын курсын бітірген соң, резервтегі полк сапында, содан кейін әуе-десант әскерлерінің 9-гвардиялық армиясының құрамында Венгриядағы ауыр шайқастарға араласады. Венаны азат етіп, Прагаға бағытталғанда Чехтың «Зноймо» қаласында жеңіс күнін қарсы алады.

Соғыстан кейінгі 1948 жылы Л.Говоров атындағы радио-техника академиясына түсіп, 1953 жылы оны ойдағыдай бітіреді. Әскери инженер бола жүріп, алғашқы зениттік-ракеталық кешендер сынағына қатысып, елдің әуе қорғаныс күштері басқармасында қызмет істейді.

Алайда, қолы қалт еткенде қаламын қолына алатын Николай Горбачевтің әңгімелері газет-журналдарда жиі жарияланып, есімі оқырман қауымға жылдам таныла бастайды. Осы кезде, нақтырақ айтар болсақ, 1960 жылы оны «Красный звезда» газетіне жұмысқа шақырады. Подполковник Горбачев 1967 жылға дейін осы газеттің арнаулы тілшісі болып еңбек етеді. «Ракеталар мен қызғалдақтар», «Звездное тяготения» повестерінен кейін ол КССРО Жазушылар одағына қабылданады.

1967 жылы РСФСР Жазушылар Одағының өтініші бойынша Н.Горбачев армиядан босатылып, «Москва» журналына қызметке алынады. Ол оқырманға кеңінен таныс «Әскери істегі төңкеріс» деп бағаланған «Тіреу нүктесін берсін», «Екпінді күш», «Ұрыс» романдарының авторы. Елдегі әуе қорғанысы әскерлерінің құрылуына арналған соңғы романы үшін РСФСР Мемлекеттік сыйлығын алады. Осыдан соң оның кітаптары үлкен тираждармен әлемнің бірнеше тілдерінде шығарыла бастайды.

Кейінірек Николай Горбачев өз Отаны, түсті металдар өлкесі Кенді Алтайға арналған «Бергалдар», «Қорғасын», «Ажалды жеңгендер» романдарын жазады. Жазушының бұл еңбектері ВЦСПС-тің Бүкілодақтық байқауының және КССРО Жазушылар одағының бірінші сыйлықтарын жеңіп алды. Жазушы осы екі сыйлығын да өзі дүниеге келген Балғын ауылындағы жаңа мектептің құрылысына тарту етті.

Николай Андреевич Москва Жазушылар ұйымының хатшысы, КССРО Жазушылар одағы жоғары әдеби курсының жетекшісі, жазушылар қоры басқармасының төрағасы міндеттерін абыроймен атқара білді.

Ұлы Отан соғысының ардагері, көптеген орден-медальдардың иегері, жерлесіміз Н.Горбачев Лениногор (Риддер) қаласының және қазіргі Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы.

ТУЫП-ӨСКЕН БАЛҒЫНЫН ҰМЫТПАПТЫ

Өзім директор болып жүргендіктен, тозған ескі мектептің орнына жаңа мектеп салуға ықпал етер деп, қанша төңіректесем де, аудан, облыс басшылары жазушының маңына жолатпады. «Қонаққа шақырып алып, ананы бер, мынаны бер десек, ұят болады. Шыдамдылық керек, ақырын тосайық», – деп өзіме уәж айтты. Айтқандарына амалсыз көніп, іштен булығып жүрдім.

Бұрын ақсақалдар «ебепке-себеп» дейтін. Құдайдың бергені ме, сол Горбачевке қарап жүріп құда болып қалдық. Үлкен Нарын ауданының тумасы Ермек Мұқатаев Мәскеудің әскери-теңіз академиясында оқып жүріп, Горбачевтің егіз қызының бірі Ленаға үйленіпті. Ермектің жездесі, сол кезде Үлкен Нарындағы «Қазақстан 40 жылдығы» атындағы совхоздың директоры Сейсенбай Өмірзақов Мәскеудегі құдаларына барып келіпті. Облысқа іссапарымен келгенде, Николай Андреевич те құдаларына соғып кетіп жүрді.

Осындай бір келісінде өзінің жеке кітапханасын мектепке сыйламақ болып мені де шақыртты. Өмірімдегі бір ерлігім сол шығар, Балғын ауылына жаңа мектеп салынбай, мәдениет ошақтары түзелмей, соғыстан оралмағандарға ескерткіш қойылмай, жас ұрпаққа толымды білім, ұлағатты тәрбие берудің мүмкін еместігін дәлелдеп жазған хатымды қолына ұстата қойдым. Расында да, өзімнің жүгіруіммен, сол кісінің көмегімен, ықпалымен ауылға жаңа мектеп салынатын болды.

Артынан білдім, әдейілеп келмесе де, іссапарлары барысында Николай Андреевич Алматыда, Өскеменде болған кездерінде сол кездегі Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа, депутат Славскийге, обком хатшыларына кіріп, мектеп құрылысы жөнінде қозғау сала беріпті. Мұның барлығын кейін құдасы Сейсенбай Өмірзақов арқылы естіп білген едік.

Сол кездегі билік басындағы азаматтар бірі шешіп, екіншісі атқарып, жаңа мектеп сметасын жасап, 1988-89 жылдары мектеп құрылысы басталып кетіп еді. Құрылыс бастауына сол кездегі совхоз директоры Сейсенбай Өмірзақовтың көмегі көп тиді. Құрылыс совхоз қаражатына жүргізіле бастады. Себебі, Балғын ауылы «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының бір бөлімшесі болатын.

Жаңа мектепке қажетті жићаздарды алудың өзі де оңайға түскен жоқ. Бөлінген қаржыны енді игереміз деп отырғанда, ол ақшаның басқа мақсаттарға лайықталғаны белгілі болды. Шұғыл түрде Өскеменге барып, бір күнде барлық бөлінген қаржыны игеріп, қажетті құрал-жабдық, жићаздарды қала іргесіндегі ауылға жеткізіп алдық.

Жырақта жүріп жерлестерін жебеген

Түк білмегенсіп, ауданға келгенімде алдымнан, «Ақша басқа мақсатқа жұмсалсын!» – деген нұсқау шығыпты. «Әттеген-ай, ақшаны игеріп қойып едім» – деп тағы бір ерлік жасап, қулыққа бастым. Онымды басшылар сезген де шығар, бірақ сол жолы олар да бір мәрттік танытып, үнсіз қалған еді. Мектептің ішкі-сыртқы жөндеулеріне мектеп ұжымы ауыл адамдары бел шешіп көмектесіп, екі қабатты мектеп үйі қазір ауылдың көркі, сапалы білімнің кепілі болып, жас ұрпаққа қызмет етіп жатыр. Сол мектеп салынғанда ауыл көшелеріне асфальт төселіп, жаңа клуб үйі де пайдалануға берілді. Осылайша жерлес жазушы Николай Горбачевтің қозғауымен, жерлес азаматтардың жанкешті еңбегінің арқасында Балғын ауылы жаңа білім ошағына ие болды.

1993 жылы қыркүйек айында Н.Горбачевтің 70 жасқа толған мерекесі туған ауданында өткізілді. Балғын ауылына бір топ жолдастарымен келген Николай Андреевич жаңа мектепті аралап, әсем безендірілген, жақсы жабдықталған пән кабинеттерін, өзіне арналған мұражайды тамашалады. Ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктерін көрген мәскеулік жерлесіміз разы болып аттанған еді.

Бұл естелік жазбамды «Кезінде Одаққа танымал болған жерлесіміз, шалғайдағы қазақ ауылының өсіп-өркендеуіне қолғабыс жасаған, соғыс ардагері, жарықтық Н.Горбачевтің, сонымен қатар, бейнелері тек суретте ғана қалған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, сол соғыстан оралмай қалғандардың аруақтары разы болсын», – деп жазып отырмын.

Нұрғожа Серьянұлы,
Қазақстан Республикасы
білім беру ісінің үздігі

Осы айдарда

Back to top button