Руханият

Жырақта жүрген ұрпағы аталарына ас берді

Жырақта жүрген ұрпағы аталарына ас берді


Қызылордадан арнайы ат арытып, ата мекендері Абай елі, Қарауыл жеріне келген Смағұловтар әулеті ата-бабаларына ас беруді ұйғарыпты. Байлықтары тасығаннан емес, өмірден өткен ата-бабаларының рухына тағзым етіп, оларды сағынышпен еске алып, бүгінгі өсіп-өнген ұрпақтарының атынан елге рақмет айту үшін.

Бұл ас Сағұловтардың өмірден өткен әкелері Смағұл атаға, аналары Жәкен шешемізге, Смағұл ұлдары Сайлаухан, Тілеухан, Сиязханға, Смағұл қыздары Бақтығайша, Рыстығайша, Тілеуғайшаға және осы әулеттің үлкен келіні Садуақас қызы Рахимаш рухына арнап берілді. Асқа арысы Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Көкшетау, Қарағанды, берісі Семей, Аягөз бен Абай елінің әр ауылынан өкілдер қатысты.

Аста ел үлкендері М.Жанболатов, А.Ахметжанов, Н.Құмарова, М.Балтақаев, М.Мұқанов, К.Әлиасқаров, У.Нүрсейітова тарихы терең естеліктер айтса, ақын Т.Жанғалиев әулетке арнаған өлеңін оқып, Рахимаш апайдың шәкірті Р.Молдаханова жылы лебізге толы еске алуын білдірді.

Сыр елінен, осы асқа арнайы келген туыстарымыз, Қанаттың құдасы Әбдіғабит ағамыз бен Қанаттың досы Қызылорда өңірінің танымал азаматы Талғат Ыстықбаев осы әулеттің Оңтүстіктегі елеулі еңбегі мен ел ортасындағы беделін айтып Абай еліне деген туыстық тілектерін жеткізді.

Ас соңында әулет үлкендері Бекен мен Гүлнәр қатысушы халыққа зор алғыстарын айтса, Қанат бауырымыз Қарауылдағы Құнанбай қажы мешітіне, Рахимаш апай қызмет істеген орталық кітапханаға және мүмкіндігі шектеулі балалар орталығына қайырымдылық көмек ретінде, қаржы ұсынды.

Ас қызығы Қарауыл төбеде жалғасып, жиналған жұрт осы асқа арнайы ұйымдастырылған ат бәйгесін тамашалады. Астың дақпырты мен «аламан бәйгеге жеңіл автокөлік тігіледі» деген сөздің таралуы себеп болды ма, ат бәйгесіне алыс-жақыннан 58 тұлпар келіпті.

Алғашқы тай жарысқа 18 ат қатысты. Әр айналым сайын жұрт делебесі қозып, атойлап ат бәйгесін қолдап отырса, жарыстың жүргізушісі Д.Қабдолдин өлеңмен өрнектеп, сөз термелеп, той қызығын қыздыра түсті.

Сонымен тай жарысында бас жүлде Исатаев Мақсұт баптаған, Үржар ауданының аты «Никаға» бұйырса, топ бәйгеге 13 ат қатысып, Қарағанды облысынан келген «Патрица» аты жеңімпаз атанды.

Ал аламан бәйгеде Самар өңірінен келген, Шайырғазин Руслан баптаған «Астана» аты бағы озып бас бәйгеге тігілген жеңіл автокөлікке ие болды. Жеңіл автокөлік кілтін ас иесі Қанат Смағұлов салтанатты түрде өзі табыс етті.

Азаматтың азаматтық келбеті, іс-әрекеті осындайда танылады. Осы асты ұйымдастырып, басынан аяғына дейін жауапкершілікпен қарап, әсіресе ат бәйгесін ұйымдастырып жүрген, белгілі кәсіпкер азамат, өзі де ат бапкері, аудандық ат спорты федерациясының президенті Қанат Кәбердің еңбегін айта кеткен жөн.

Бір кездері Смағұл ата отырған құтты орынға жаңадан салынған, еңселі қара шаңырақтың бүгінгі иелері Мұрат пен Бәзила Дулат деген ұлынан Ақтөре атты немере сүйіп отырса, ол Смағұл атаның немереден сүйген шөбересі болады. Ендеше ұрпақ жалғасы деген осы.

Әсет Медеуханұлы
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button