Жырға айналған жағажай

Биыл табиғаттың тосын мінезі семейліктерді әбден титықтатты. Мәселен, көктемдегі су тасқыны қаланың едәуір бөлігін алып кетті. Алайда оның зардабы мұнымен бітпеген-ді. Анықталғандай, былтыр пайдалануға берілген жағажайды да қызыл су басып, бүгінде оның сау тамтығы қалмаған.
Семейліктердің заманауи жағажайға жарымай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі толды. Шомылушыларға арналған қарапайым жағажайдың өзі Семей жұртына арманға айналды. Ал былтыр ашылған шомылу орнының сапасын биылғы тасқын бағамдап бергендей. Ол жерді: «жағажай», деп айтуға тілің бармайды. Себебі тастақ жерде төгілген құм мен күннен қорғайтын шатырлардан басқа дым да жоқ. Соның өзінде бұл орынды көркейтуге бюджеттен миллиондаған қаржы жұмсалған еді. Ақыры бөлінген қыруар сома тасқын сумен шайылып та кетті. Қош, сонымен жергілікті басшылық жаңа жағажайды салып беруге уәде беріп отыр. Бұл туралы шомылу маусымының басталуына орай өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Ол үшін жаңа орын да белгіленіп қойған екен.
– Қаланың сол жақ жағалауында, Сорокин көшесінің маңында тұрғындар үшін жаңа жағажай салынады. Мұнда шомылуға барлық жағдай қарастырылады. Автотұрақ, биоәжетханалар және киім ауыстыратын орынға дейін орнатылады деп көзделуде. Оның құрылысы биыл басталады. Негізі, бұл жөнінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы айтып беру керек еді. Өкінішке қарай ол келе алмады, – деді Семей қаласы ТЖБ төтенше жағдайды ескерту бөлімінің бас маманы Марат Дәулетин.
Сол секілді мамандар, жағажайға апаратын жолға асфальт төселіп, құтқарушыларға арналған орын да қарастырылатынын атап өтті. Бірақ бұған қатысты түсініктемені қалалық ТҮКШ өкілдері беру керек-еді. Алайда баспасөз жиынында жауапты бөлімнің бірде-бір қызметкері төбе көрсетпеді. Белгілі болғандай, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына байқау ағымдағы жылы жарияланбақ. Ал оғанға дейін адамдардың тыйым салынған орындарда шомылмасына ешкім кепілдік бермейді. Өкінішке қарай, жаз басталмай жатып, екі адам суға кеткен екен. Оның бірі Жезкент кентінің тұрғыны болса, екінші мәйіттің кім екені әлі анықталмаған.
Жақсылық Мұратқали
Семей.