Қоғам

Жылу қазандықтары қыс маусымына сақадай сай

Жылу қазандықтары қыс маусымына сақадай сай

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласындағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандарды аралап, шаһардың қысқа әзірлігін, жылу қазандықтарының дайындығын, тұрақтандыру қорындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жеткіліктілігін тексерді. Сонымен қатар, облыстық драма театрдың құрылысымен танысып, нысанды мерзімінде тапсыру үшін мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Театр құрылысы белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс

Жылу қазандықтары қыс маусымына сақадай сай

Облыстық драма театрдың құрылысы бас мердігер «АДС компаниясы» ЖШС өкілдерінің жоспары бойынша Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, яғни, бір жарым айдан соң тапсырылуы тиіс. Алайда, атқарылған шаруаның көлеміне қарап, құрылыстың уақытында бітпей қалуына алаңдауға толық негіз бар. Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын аралап көрген облыс әкімі, қазіргі жұмыс қарқынына көңілі толмайтынын жеткізді. Уақыт аз қалса да, әрлеу жұмыстары енді ғана қарқын алған, ғимараттың қасбеті де, төбесін жабу да әлі толық бітпеген. Жылу мен судың, электр желісін тартудың жайы шешілгенімен, байланыс мәселесі шешілмеген. Дәлірек айтсақ, талшықты-оптикалық кабель төсейтін канал дайын емес. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, әрлеу жұмыстарымен 180 адам шұғылдануда.
– Жұмысшылардың санын арттырып, екі ауысымда демалыссыз жұмыс істеуге көшу қажет. Сонымен бірге сенбіліктер, асарлар жасап, аудандардан қосымша жұмыс күшін тарту керек. Қандай жағдай болмасын, театр мерзімінде тапсырылуы тиіс,-деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Көмір қоры жеткілікті

Бұдан кейін өңір басшысы қаланы жылумен қамтамасыз ететін бірнеше жылу орталықтарында болып, қазандықтардың қысқа әзірлігімен танысып, қажетті отын қорының жеткіліктілігін қарады.
«AES Өскемен ЖЭО» және «AES Согра ЖЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің техникалық директоры Тоқтар Ақтайлақовтың мәлімдегеніндей, аталған жылу станциялары қысқы жылыту маусымының жүктемесіне толықтай әзір. Өскемен ЖЭО-ның тоғыз қазандығының сегізі жөндеуден өткен, қалған біреуінің жөндеуі жоспарға сай айдың соңына дейін аяқталады.
– Өскемен ЖЭО-да әзірге 227 мың тонна көмір қоры бар. Бұл қаланы жылытуға 50 күнге жетеді. Құрал-жабдықтар бойынша ешқандай мәселе жоқ. Ал ЖЭО-ны 2015 жылы көмірмен қамтамасыз етуге қазіргі уақыттан бастап «Қаражыра ЛТД» ЖШС мен келіссөздер жүргізілуде,-дейді Тоқтар Ақтайлақов.
Бұл жерде облыс басшысына алдағы уақытта қондырғылардың қуаттылығын 120 мегаВатт-қа дейін жеткізу жоспары таныстырылды. Алайда, бұл жобаның жүзеге асырылуы облыстық экология департаменті мамандарынан ауаға шығарылар қалдықтар көлемін арттыруға рұқсат алынғасын ғана мүмкін болмақ. Сондай-ақ, аймақ басшысы іргесі енді қаланып жатқан №12 турбогенератордың құрылысымен танысты.
Екінші Соградағы ЖЭО-ның қоймасында 34 мың тонна қатты отын қоры бар. Бұл қор бір айға жетеді. Көмір тасымалы үзілген емес, қазандықтар мен турбиналардағы жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталған. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жылу берушілерден Согра кенті аумағындағы «Азия Авто», күн батареяларына арналған пластинкаларды шығаратын «Solar silikon», «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның жаңа құрылымы секілді ірі кәсіпорындардың жылу жүйесіне қосылу жайын сұрастырып білді. «AES Согра ЖЭО» ЖШС бас директоры Ержан Қоңырбаев жаңа жылу тұтынушыларын қосуға бұл жерде мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Яғни, кәсіпорын жетекшілерінің сұранысы негізінде жылу қосуға техникалық шарттар жасалады.
Сонымен қатар бұл күні облыс әкімі Менавное ауылында орналасқан алтыншы, жетінші қазандықтардың, Аблакетка ықшам ауданындағы үшінші, сегізінші қазандықтардың жағдайымен танысты. Менавное ауылындағы қазандықтар қысқа толық әзір, көмір қоры жеткілікті. Ауылдағы 50 үй мен мектеп сынды әлеуметтік нысандарды жылумен уақтылы қамтып тұр. Ал Өскемен қаласы әкімдігінің «Істер басқармасы» мекемесінің №2 филиалының директоры В.Семеновтың айтуынша, шаһардың Промбаза, Аблакетка шағын аудандарында жылумен қамту бойынша ешқандай проблема туындап тұрған жоқ. Жылу қазандықтарының бәрі жөнделіп, қажетті көмір қоры тасылып қойған. Оның айтуынша, ұсақ қазандықтардың бәрі жекеменшіктен «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның қарамағына берілгелі бері жағдай оңалған көрінеді. Нәтижесінде көп жылдардан бері алғаш рет Аблакеткадағы, Промбазадағы көпқабатты үйлер тұрғындарының жылуға қатысты шағымдары толастап отыр. Аймақ басшысы биыл жылу беру маусымы жылдағыдан ерте басталғандығын, соған орай қыс ұзаққа созылатындығын, әрі аязды күндер көп болатындығын ескертіп, осы кезеңде үздіксіз жылу беруді тоқтатпауды, қосымша резервтегі қазандықтарды да әзірлеп қоюды тапсырды.
– Біз бүгін қаланың бұрындары мәселелері шаш етектен болып келген негізгі-негізгі жылу электр станцияларын аралап, жұмысымен таныстық. Өздеріңіз көргендей, нормативті көмір қоры барлық жерде тасылған, қазандықтар жоспарлы жөндеуден өткізілген. Ешқандай мәселе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, облыстың бас қаласы жылумен қамту маусымына толықтай әзір, – деді облыс әкімі тілшілерге берген сұхбатында.

Қоймада 6 мың тоннаға жуық көкөніс бар

Жылу қазандықтары қыс маусымына сақадай сай

Өскемен қаласы тұрғындарының қыс маусымында тағы бір бас ауыртар мәселесі қажетті азық-түлік қоры екендігін ескерсек, облыс орталығында аталған шаруа да осы бастан шешімін тауып жатыр. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл мақсатта Өскеменде орналасқан ауылшаруашылық өнімдерін сақтап отырған екі ірі қоймаға арнайы барып, жиналған өнімнің қажетті қорын сұрастырып білді. Соның бірі – қаланың Защита ықшам ауданындағы Мұздыбай шаруа қожалығының қоймасы. Шаруашылық жетекшісі Талғат Баймуриновтың айтуынша, мұнда үш мың тоннадан астам көкөніс сақталуда. Мәселен, орамжапырақ, қызылша, сәбіз арнайы ағаш контейнерлерге салынып сақталса, картоп үйіліп сақталуда. Қойма ішіндегі температура да нөлден жоғары емес. Шаруашылық жетекшісі Талғаттың сөзінше, сәбізді сақтамас бұрын жақсылап кептіріп алған, бұл әдіс оны көктемге дейін сапалы сақтауға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл қоймадағы тұрақтандыру қорының өнімдерін келер жылдың сәуір айына дейін еш алаңсыз сақтауға болады.
Қаладағы тұрақтандыру қорының екінші ірі көкөніс қоймасы «Дина» базарының аумағында орналасқан. Ондағы өнімдер «Батай» шаруа қожалығына тиесілі. Қоймада бүгінде 60 тонна қызылша, 1200 тонна картоп, 600 тонна сарымсақ сақтауға қойылған. Өскемен қаласы бойынша барлығы алты мың тоннаға тақау көкөніс қоры жасалған. Олар қаладағы тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде базар деңгейінен төмен бағамен сатылатын болады. Қазірдің өзінде қарашаның бірінен бастап өнімдердің алғашқы легі дүкендерге түсе бастаған. Мәселен, картоптың базар нарқындағы бағасының келісі – 90-100 теңгеден айналса, тұрақтандыру қорының нүктелерінде келісі 65 теңгеден қалалықтарға ұсынылуда. Бұл туралы облыс әкіміне орынбасары Нұрлыбек Шерубаев мәлімдеді.
– Ендігі басты мақсат – тұрақтандыру қорына жиналған мол өнімді көктемге дейін барлық талаптарды сақтай отырып, шірітпей дұрыс сақтай білу. Сондықтан шаруа қожалықтары осы жағына баса мән бергені дұрыс,-деді облыс басшысы.

Тәуелсіздік даңғылында биіктігі 7 метрлік қақпа салынады

Жылу қазандықтары қыс маусымына сақадай сай

Қаланы аралау барысында өңір басшысы «Үлбі-Электро» өндірістік-коммерциялық фирмасы» ЖШС-де болып, онда шығарылатын өнімдерді көрді. Кәсіпорын 2006 жылы құрылған, негізгі қызметі – сумен қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, уран, энергетика, тау-кен өндіру, металлургия, химия салаларында кең қолданылатын сорғы агрегаттар және жиілікті реттелетін түрлендіргіштермен басқарылатын шкафтар өндірісі. Алға қойып отырған мақсаты – еліміздің индустриялды кешенін қалыптастыру үшін электротехникалық және сорғылық жабдықтардың отандық өндірісін дамыту. Облыс әкіміне мұндағы өнімдердің түрлері кеңінен таныстырылды.
Кәсіпорын директорының өндіріс бойынша орынбасары Владислав Рябцевтің айтуынша, өндіріс қазір 30 пайыздық қуатында ғана жұмыс істеп тұр. Өткен тоғыз айда бұл жерде 500 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Тапсырыс болса, одан да көп пайда табуға мүмкіндік бар. Мұндағы өнімдерді әзірге тапсырыспен ЖЭО-ы, Риддер қаласының «Суарнасы», «Казцинк», «ҮМЗ», «Өскемен жылу жүйелері» АҚ секілді жергілікті ірі кәсіпорындар алуда. Аймақ басшысы жұмысын енді ғана бастап жатқан кәсіпорынға облыс басшылығы тарапынан жеткілікті қолдау болатындығын жеткізіп, облыспен ғана шектелмей, өнімдерді молынан тұтынатын республиканың өзге өңірлерімен де байланыс орнатуды тапсырды.
Бұл күні облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сондай-ақ, Өскеменнің көркіне көрік қосып, қаланың Б.Александров атындағы Спорт сарайы аумағында, Тәуелсіздік даңғылының басталар тұсында салынып жатқан, биіктігі жеті метр болатын сәулетті қақпаның (арканың) құрылысын да аралап көрді. Аталған нысан басында Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жандос Байырханов қақпаның қас бетін орнату бойынша негізгі жұмыстардың аяқталғанын баяндады. Енді фибробетоннан құйылған сәулетті құрылысты әдемілеп бояп, неон шамдарымен безендіру қалған. Мұндағы шаруа қарашаның ортасына дейін толық бітетін болады.
Бердібек САПАРБАЕВ қақпаның алдында тұрған бұрынғы ескі сағаттың бағаны мен жарнамалық құрылғыларды алып тастау дұрыс шешім болғанын айтып, енді бұл алаңқайды ретке келтіруді, асфальт төсеуді, Даңқ аллеясының бойындағы ескіріп кеткен түнгі жарықтандыру шамдарын, орындықтарын ауыстыруды, адамдар көп жүретін қаладағы бұл орынды әдемі демалыс орнына айналдыруды тапсырды. Өз кезегінде Жандос Байырханов облыс басшысына даңғылдың аталмыш бөлігін безендіру жоспарын таныстырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановпен бірге Абай даңғылындағы қалалық автобекет орын тепкен бөлігін аралап, шаһардың аталған аумағын абаттандыруға, көше саудасын реттеуге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button