Қоғам

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту мекемелерін, тұрғын үй қорын және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды 2020-2021 жылдардың жылыту маусымына дайындау ойдағыдай жүріп жатыр ма? Әлі жылуға қосылмаған көпқабатты үйлер бар ма? Жылуға берешек қалай қайтарылып жатыр?

Осы мәселелер селекторлық режимде өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев ақпарат берді.

Сессияның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.

Естеріңізде болса, аймақ басшысының ағымдағы жылғы 22 мамырдағы №60-ө өкімімен облыстық штаб құрылып, тұрғын үй-коммуналдық сектор мен әлеуметтік саланың барлық нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.

Бүгінгі уақытта жылу беру маусымына дайындық мемлекеттік органдармен келісілген  жоспарға сай жүруде. Кестеге сәйкес, 2020 жылы ЖЭО-да қазандықтарды дайындау 96, турбоагрегаттарды дайындау 92 пайызды құрайды. Ал СЭС-те 27 гидроагрегатты жөндеу жоспарланса, оның 18-і жөнделген, бұл жалпы көлемнің 67 пайызы.

Облыс бойынша электрмен жылытылатын объектілердің дайындығы 98%. Бюджеттік нысандар дайындығы жүз пайыз болса, көпқабатты тұрғын үйлер қысқа 94 пайыз әзірлікте.

– Алдағы жылыту маусымына кәсіпорындардың қатты отынға қажеттілігі 2 123 мың тонна болса, қазір жинақталғаны 285 мың тонна. Облыстың ЖЭО мен жылу көздерінде 290 мың тонна немесе пайдалану қорының 140 пайызы жинақталған. Жеткізу жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Ал бюджеттік нысандар көмірмен толық қамтылды. Жылу көздері мен тіршілік ету нысандарында отын дайындау мәселесіне ерекше назар аударылады. Тұрғындар үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 1 123,6 мың тоннаны құраса, соның 98 пайызы жеткізілді, – деді Дәулет Батырбаев.

Сонымен бірге, облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 881,41 млн. теңгеге жылу көздерін және жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша 17 жоба іске асырылуда. Жобалардың бәрі де биылғы қазанда аяқталады.

Тағы бір атап өтерлігі, биыл былтырмен салыстырғанда жылуға берешек айтарлықтай азайған. Мәселен, 2020 жылдың 22 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша коммуналдық кәсіпорындардың дебиторлық берешегі 474,2 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 679,7 млн. теңгеге аз. Бұл жерде негізінен берешектер өңірдің Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов секілді ірі қалаларындағы кәсіпорындарда және Аягөз, Глубокое, Алтай, Шемонайха аудандарында орналасқан жылумен қамту мекемелерінде жинақталып қалған. Баяндамашының айтуынша, берешекті азайту бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп, сотқа дейінгі, сондай-ақ сот сипатындағы белгілі бір шаралар қабылдануда.

Депутат Болатбек Нұрасылов басқарманың жылыту маусымына дайындығына әріптестерінің атынан оң баға берді, әсіресе былтырмен салыстырғанда қордаланған қарызды қайтару бойынша үлкен шаруа атқарылғанын атады. Енді көмір кеніштерінен алыс жатқан Үржар, Тарбағатай секілді аудандарда көмір мәселесін шешу қажет. Себебі ол жақтарда көмір бағасы өте қымбат. Сонымен қатар, депутат облыстың оңтүстік аудандарын газбен қамту мәселесін де көтерді.

– Шынын айтсақ, газдың қызығын облыста жалғыз Зайсан ауданы ғана көріп отыр. Өзге аудандарға тартылмады. Себебі аудандағы «Тарбағатай мұнай» ЖШС-не 2018-2021 жылдар аралығында барлау жұмыстарын, газдың қорын анықтау тапсырылған болатын. Алайда, бұл мекеме оған мүдделі болмай отыр. Олардың мақсаты – неғұрлым іргедегі Қытайға көптеп әкете беру. Алғашқы келісім елу де елу болатын. Қазір кішкене ғана бөлігін Зайсан халқы пайдаланып, қалғаны көрші елге кетіп жатыр. Осы мәселенің Үкіметтік деңгейде шешілуіне көмектессеңіздер. Әйтпесе, компания өз тарапынан зерттеу жүргізеді дегенге сенбейміз. Зайсан газын сұйытылған газға айналдырып, оңтүстік аудандарға, Өскемен мен Семейге дейін әкелетін болсақ, экологиялық тұрғыдан, басқа жағынан да өте пайдалы болар еді, – деді Болатбек Нұрасылов.

Алмасхан Сматлаев бұған қатысты Дәулет Батырбаевқа нақты тапсырма жүктей отырып, ең алдымен ондағы газ қорын, кететін шығынды есептеп, бірлесіп жұмыс істеу керектігін атады.

Сондай-ақ сессияда Үржардың Мақаншы өңірінен сайланған депутат Бауыржан Сейітқанов Алакөл жағалауындағы демалыс нысандарына қойылған трансформаторлар мәселесін көтерді. Айтуынша, кәсіпкерлерге трансформаторға орнатылатын тоқ есептеуіш құрылғының тек ресейлік нұсқасын ғана орнату міндеттелген. Олар қымбат әрі сапасыз. Бір жылда екі-үш рет ауыстыруға тура келеді. Ал оны алмастыра алатын сапалы отандық  есептеуіштер бола тұра, неге шешім бұлай болғаны түсініксіз. Дәулет Батырбаевқа мұны да бір ай ішінде реттеп, жауабын депутаттарға хабарлау жүктелді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button