Қоғам

Жылыту бекеттері жұмысын бастады

Шығыс өңірінің тас жолдарында төрт күре жолдық медициналық құтқару бекеті мен он тоғыз жылыту бекеті жұмыс істейді. Аталған бекеттер – жол-көлік оқиғалары (ЖКО) кезінде уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік бағыттағы жоба.

Әр күре жолдық медициналық құтқару бекетінде 5 маман – дәрігер, фельдшер, диспетчер, құтқарушы және жүргізуші-құтқарушы жұмыс істейді. Бекет арнайы медициналық техникамен, медициналық мүлікпен, апаттық-құтқару жабдығы кешенімен жабдықталған және ЖКО кезінде зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге, ЖКО орнында жансақтау шараларын жүзеге асыруға, зардап шеккендерді емдеу мекемесіне тасымалдауға, тікелей оқиға орнында авариялық-құтқару құралдарымен жұмыс істеуге арналған. Сонымен қатар тікұшақ алаңы да бар.

ЖКО кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетумен қатар, өздігінен көмекке жүгінгендерге де көмек көрсетіледі. Қыс уақытында күре жолдық медициналық құтқару бекеті ғимаратын жылыту пункті ретінде де қолданады. Осы жерде қолайсыз ауа райы өткенше отыра тұруға және жол қызметтері келіп, жолды тазалағанша күтуге болады. Алайда азаматтардың құтқару бекеттерінде тамақпен қамтамасыз етілмейтіндігін есте сақтау қажет.

2019-2020 жылдары бекет күрделі ауа райы жағдайына тап болған тұрғындарға 11 рет көмекке шықты, 16 азаматқа медициналық көмек көрсетіп, 27 адамды көшіріп, 26 адамды жылытқан.

Күре жолдық медициналық құтқару бекеті өңірде мына бағыттарда орналасқан:

  1. «Привольное» – «Өскемен-Семей» тас жолындағы 85 шақырымда, Ұлан ауданы, Привольное кентінің жанында;
  2. «Жарма» – «Алматы-Өскемен» тас жолындағы 889 шақырымда, Жарма ауданы, Аршалы кенті жанында;
  3. «Семеновка» – «Омбы-Майқапшағай» тас жолындағы 634 шақырымда, Бесқарағай ауданы, Қарабас кенті жанында;
  4. «Семей» – «Омбы-Майқапшағай» тас жолындағы 825 шақырымда Жарма ауданы, Суықбұлак кенті жанында.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Казгидромет» филиалымен бірлесіп, тұрақты түрде дауылдық ескертулер бойынша ақпарат алмасып, мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтерге ақпаратты жылдам тарату жұмыстарын ұйымдастырады.

– Тұрғындарға ақпарат ұялы операторлардың SMS-хабарламасы, сонымен қатар Дармен ұялы қосымшасы арқылы жеткізіледі. Қыс мезгілінде жолға жиналар алдында барлық жағдайды егжей-тегжейлі жоспарлаңыз. Көлікте шұғыл жағдайда қажет болатын заттар – жылыту шамдары, арқан, доңғалаққа арналған шынжыр, күрек және де алғашқы қажеттілік заттары болуы тиіс, – дейді ТЖ департаментіндегілер.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button