Президент тапсырмасы

Жылына 4200 тонна құс етін өндіреді

Президент тапсырмасын орындай отырып
Жылына 4200 тонна құс етін өндіреді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласындағы жұмыс сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде жүктеген тапсырмаларына сәйкес қала активімен жиын өткізіп, Семейдегі экономикалық өсімді арттыру және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда орын алған кемшіліктерді сынағанын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз.

Қала әкімінің орынбасарларына сын айтылды

Мәселен, облыс Әкімі қала әкімі орынбасарларының өздеріне жүктелген салалардағы ахуалды толық білмейтіндігін қатаң сынға алды. Ж.Елубаевқа өңірдегі экономикалық жағдайды жіті сараптаумен айналысу керектігін құлаққағыс етті.
– Қазақстандық құрамның үлесін арттырудағы облыс пен өңірдің өндірістік әлеуетін және жер қатынастары саласындағы жағдайды білмейсіз. Бүгінде Семейдегі қазақстандық құрамның үлесі орта есеппен 17 пайызды құраса, облыс бойынша 60 пайыздан асады, – деді аймақ басшысы.
Елбасы Шығыс Қазақстан облысына кәсіпкерлерді «Даму» қоры бағдарламасы бойынша несие үстемесін субсидиялау және грант беру арқылы қолдау бағдарламасының орындалмай отырғаны туралы ғана ескерту берген-ді. Егер Семейде бірінші бағытта 52 тапсырыс болса, екіншісінде мүлдем жоқ. Сонда семейлік кәсіпкерлерге грант қаржысы керек емес пе?..
Облыс басшысы қала әкімі орынбасары А.Хосчановтың баяндамасын тыңдай отырып, жылу жүйесіне қарыз мәселесін шешуді қоғам тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті. Жылумен қамту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты орынбасардың айтуынша, Семейде қосымша отын қоры – 22 мың, мазут – 530 тонна көлемінде. Дегенмен, «Шығысэнерготрейд» алдында 300 млн. теңге көлемінде қарыз бар.
Білім, денсаулық, әлеуметтік-саяси мәселелерге жауапты орынбасар Зәуреш Исабаеваның айтуынша, бүгінде мектеп оқушылары ыстық тамақпен 68 пайызға қамтылып отыр. Облыс Әкімі орта мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді ыстық тамақпен 100 пайызға қамти отырып, оқушыларға бал және сүт өнімдерін беру қажеттігін тапсырды. Бұл ретте қала кәсіпкерлерін қолдау көрсетуге шақырды.

Семейлік баспасөз өкілдерімен кездесті

Аймақ басшысы тарихи-өлкетану мұражайында семейлік баспасөз өкілдерімен кездесті. Республикалық, облыстық және қалалық БАҚ өкілдерімен еркін сұхбат алаңы барысында өңір басшысы Елбасының облыстың алдына қойып отырған негізгі міндеті – экономикалық өсімді сақтау әрі ұлғайту болып табылатынын жеткізді. Бұл үшін барлық кәсіпорындар өзінің толық қуатында жұмыс істеуі және жаңадан өндіріс ошақтары құрылуы қажет. Семейде кейбір тұралап қалған кәсіпорындар бүгінде жергілікті биліктің қолдауымен қайта жандана бастады. Мәселен, тері өңдеу комбинаты іске қосылды. Осы және өзге де облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған өңір басшысы республикалық және облыстық маңызы бар бірнеше тасжолдар жөнделіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде Семей – Шар, Шар – Қалбатау, Үржар – Бақты, Үржар – Алакөл, Зырян, Рахман қайнарына баратын жолдар бар.
«Литер» газетінің тілшісі Екатерина Гуляева Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағының жағдайы жөнінде сұрады, сондай-ақ, қытайлық көкөніс өсірушілерге арналған жер телімінің бөлінуі туралы білгісі келетінін жеткізді.
– Семейдегі индустриялық аймақтың дамуы қалыпты. Бұл аумаққа үш зауыт салынады. Аталған бағытты дамыта түсуіміз керек. Алайда, индустриялық аймаққа кәсіпорындар жаңа бизнес орындарын орналастыру үшін көрсетілетін жеңілдіктер, кәсіпкерлер қаржысын тарту тетіктері жолға қойылмай отыр. Түркияның индустриялық аймақты дамыту тәжірибесінен сабақ алуымыз қажет. Онда 250 нысан орналасқан. Кәсіпкерлерді индустриялық аймақ шеңберінде салық төлеміндегі жеңілдіктер қызықтырады. Осыған орай Үкіметке индустриялық аймақпен жұмыс істеуге байланысты заңнамалық базаны жетілдіру туралы ұсыныс енгіздік, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Екінші мәселеге орай өңір басшысы облыс аумағында жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 350 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер бар екенін жеткізді.

– Жыл сайын біз жерді игеру көлемін бес пайызға арттырып келеміз. Дегенмен, барлығын бірден игеру мүмкін емес. Сондықтан, мен бірлескен өндіріс құру негізінде бос жер телімдерін шетелдік инвесторлардың қолдауымен пайдалану жөнінде ұсыныс енгіздім, – деді облыс Әкімі.

Тілшілер қауымы өңірлік масс-медианы заманауи бағытта дамыту мәселелерін көтерді. Мәселен, жекеменшік телеарналар атқарушы биліктен сандық тарату жүйесіне көшіруге қолдау білдіруді сұраса, мерзімді баспасөз өкілдері басылымды тарату жүйесінің қиындық келтіріп отырғанын жеткізді. Бұл ретте «Қазпошта» қызметі өте қымбат тұратындығы сөз болды. Сонымен қатар «Спектр» газетінің редакторы Маргарита Калачян тілшілердің әлеуметтік ахуалын көтеру туралы ұсыныс айтты. Облыс басшысының айтуынша, алдағы уақытта Өскеменде шығармашылық үйін салу жоспарланып отыр. «Семей таңы» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Шарапиева отандық патриотизмді дамыту бағытындағы іс-шаралар ел көңілінен шығып отырғанын айтып, алғысын білдірді. Аймақ басшысы бұл бағытта «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» акциялары, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» сынды ірі жобалар нәтижелі болып отырғанын атап өтті.

Ардагер журналист Дәулет Сейсенұлы тарихи-өлкетану мұражайының бүгінгі ахуалы сын көтермейтінін, көптеген бірегей жәдігерлердің ғимарат аумағының жетіспеушілігінен қоймада жатқандығын жеткізді. Облыс басшысы бұл мәселеден хабардар екендігін, қазіргі кезде «Қазақмыс» жетекшілігімен мұражайға көрші ғимаратты қайтарымсыз беру туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«ТВК-6» телеарнасының тілшісі Вера Кропачева ЖЭО-1 аумағына орнатылған турбинаның көптен бері жұмыс істемей тұрғандығын жеткізді. Облыс басшысы турбинаның зауыттан ақаумен шығарылғаны анықталғанын, оны іске қосу қауіпті екенін атап өтті. Қазіргі кезде турбина шығарылған зауыттың өкілдері келіп, мән-жайды анықтап жатыр.
Өңір басшысы «Флэш» газетінің тілшісі Болатбек Темірбаевтың қойған сауалдарына жауап бере отырып, аталған басылымның негізсіз сын жазатынын, сын – шын болса қарсы еместігін, сондықтан кез келген мәселені жазғанда, жел сөзбен емес, нақты деректер арқылы жазу бұқараға пайдалы екендігін атап өтті.

№8 үй жылусыз қалмайды

Аймақ басшысы Тихий переулок көшесіндегі №8 үйдің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар облыс Әкіміне жылу мәселесі жөніндегі шағымдарын жеткізді. Сегіз пәтерден тұратын үй 1951 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат «Балқаш» ЖШС қазандығынан жылытылады. Тұрғындардың айтуынша, аталған қазандық дұрыс жұмыс істемейтін көрінеді. Қақаған қыс ортасында жылусыз қалатындығы мазалаған олар жылу желісін қаланың өзге жылу орталығына қосуды сұрады.
Облыс Әкімі тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдағаннан кейін жылу беру маусымы иек астында тұрғандығын айтып, қазандық орналасқан кәсіпорын жетекшілігімен сөйлесетіндігін, аталған үй жылумен барлық талаптар бойынша үздіксіз қамтамасыз етілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Семей әкіміне келер жылы үйді қалалық жылу жүйесіне қосу туралы тапсырма жүктеді.

«Қазақстан-Салют» НПО» ЖШС аниматрионикстер дайындау және отшашу құралдары бойынша қызмет көрсететін болады. Аталған кәсіпорынның жұмысымен танысу барысында облыс басшысына бірқатар қызықты жобалар көрсетілді. Мәселен, Семей қаласының тұрғындары мен меймандары алдағы уақытта ежелгі дүниеге саяхаттай алады. Қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған кәсіпорын базасында динозавр, ихтиозавр, кинг-конг, алып қолтырауын, өрмекші сынды көне дүние дәуірінің жануарлары жасалған. Кез келген адамды қызықтыратын алып жануарлар тірі мақұлық іспетті қозғалады. Ойын-сауықтық орталығы ретінде жасалған жобада мұз басу дәуірі, ғаламдық жылыну кезеңі де көрініс тапқан. Аталған кәсіпорынның қызметін еліміздің барлық облысы мен жекелеген тұлғалар тұтына алады. Кәсіпорынға қажетті шикізат Қытайдан әкелінген. Креативті жоба ретінде көңілден шығатын осындай орталықтар облыстың өзге өңірлерінде де жүзеге асуы мүмкін. Өңір басшысы балалардың сүйікті демалыс орнына айналатын мұндай орталықтарды облыс орталығында да жүзеге асыруға болатындығын жеткізді.
Сонымен қатар, облыс Әкімі қарағайлы орман арасына орын тепкен балалар туберкулез ауруханасының құрылысымен танысты. Аталған ғимарат Сауд Арабиясының қаржысына салынып жатыр. Жалпы құны – 1 млрд. 380 млн. теңге. Өңір басшысы құрылыстың аяқталу мерзіміне, сапасына, қазандық жүйесіне көңіл бөліп, аурухана аумағын көріктендіруге назар аударды.

Сондай-ақ, жуырда Семейдің медициналық мекемелері көпсалалы ауруханамен толығады. Соңғы үлгідегі технологиямен жарақтандырылған аурухана құрылысының мердігерлері мен медицина мекемесінің басшылары аталған нысанның артықшылықтарымен таныстырды.

Аймақ басшысы «Шығыс Бройлер» ЖШС өндіріс базасында болды. Аталған кәсіпорын 360 адамға жұмыс орнын тауып беріп отыр. Жылына 4200 тонна бройлер етін өндіреді. Өнім Қазақстан мен Ресей нарығына шығарылады. Былтыр жоспарланған өндіріс қуаты 100 пайызға орындалса, биыл үш тоқсан бойынша 60 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде «Даму» қоры несиесі пайыздық үстемесінің субсидиялануына ие.
– Бұрын жұмыртқа өндіру бағытында жұмыс істедік. 2011 жылдан бастап құс етін өндіруге көштік. 1978 жылы пайдалануға берілген ескі құрал-жабдықтар толықтай жойылып, ферма қайта жабдықталды. 43 жыл жөндеусіз тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, газ, электр, жылу желісі тартылды. Осылайша, 15 айдың ішінде 4750 тонна ет өндірдік. Мемлекет кәсіпорнымыздың аяғынан тұруына үлкен қолдау көрсетті. ІІІ сұрыпты бидайды 26-28 теңгеден сатып алып, үш санат бойынша субсидия алдық. Қайта құрылымдауға 2 млрд. 100 млн. теңге бөлінді, – деді кәсіпорын жетекшісі Кенжалы Сахариев.

Бройлер балапандары өсірілетін жабық базада еуропалық талаптар ескерілген озық технология қолданылады. Балапандар 38 күн өткенде етке союға жарайды. Осы уақытта бройлер тауығы бір жарым келіден аса ет береді. К.Сахариевтің айтуынша, кәсіпорындағы қазіргі басты мәселе – жаңа инкубатор және сою цехының құрылысы болып отыр.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button