Қоғам

Жылы жүздесулер жайында естелік айтты

Жылы жүздесулер жайында естелік айтты


Тұңғыш Президент күні қарсаңында А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «жанды хроника» форматында Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздескен тұлғалар оқырмандармен кездесіп, өз әсерлерімен бөлісті.

Адам баласы қашан да жақсыға құмар ғой. Тіпті, жақсы адамның жанында жүру де бір мәртебе. Игі жақсымен өткізген жарты сағаттың өзі кейде бүкіл өміріңе азық сыйлайды. Ал бүтіндей бір елге тұтқа болған Елбасымен жүздесудің, тілдесудің жөні мүлдем бөлек. Осы орайда А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада тамаша бір кездесу болып өтті. «Жанды хроника» форматында өткен кездесуге қонақ ретінде шақырылғандардың барлығы да Елбасымен кездесіп, лебізін өз құлағымен естіген жандар. Олардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының Шығыс Қазақстанға алғашқы іссапары жайлы жазып, хабар таратқан журналистер, Президент басшылығымен қызмет атқарған қала және облыстың белгілі адамдары, Елбасы ат басын бұрған қала кәсіпорындары мен мекемелерінің қызметкерлері, Ұлт Көшбасшысының ақ тілегін есту бақытына ие болған балалар да бар. Кездесуде алғашқы сөз кезегін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов алып, қонақтарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Тарихта әр елдің өзінің жеке тұлғалары болды. Үндістан Махатма Гандиімен, Түркия Ататүрікпен мақтанса, Франция Шарль де Голль, Америка Джорж Вашингтон секілді ел басқарған тұлғаларын аспанға көтереді. Ендеше біздің Елбасымыз да осындай құрметке лайық, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.

1991 жылы 10 желтоқсанда Президент инаугурациясына аттанған шығысқазақстандық делегацияның құрамында Мәдениет қайраткері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын, өлкетанушы Нәбиолла Кемешев те болған екен.

– Менің жалпы өмірде өзімді бақытты сезінетін кездерім көп емес. Сондай бақытты кездерімнің бірі – Елбасының алдына келген сәттерім. Оның ішінде ұлы мәртебелі Елбасының алғашқы инаугурациясына қатысуым бұл мен үшін ерекше бақыт болды, – дейді ол.

Жалпы, Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстанға келген сапарында өңірдегі өндіріс орындарына ат басын бұрмай кеткен емес. Өйткені, Шығыс Қазақстан – еліміздегі тау-кен өндірісі мен түсті металлургияның отаны. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кенді Алтайды «еліміздің алтын тәжі» деп тегін атамаса керек. Сонау 1992 жылы Президент Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатындағы жаңадан іске қосылған аффинаж өндірісінің ашылуына қатысқан болатын. Содан бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Казцинк» ЖШС жұмысшыларымен кездесуі дәстүрге айналды десе де болғандай. Елбасының аталған кәсіпорынға келген соңғы сапары туралы кездесуде жиналғандарға «Казцинк» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Сергей Солдатов әңгімелеп берді.

– Ең алдымен біздің Елбасы асқан даналығымен, көрегендігімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысының бұл қасиеті біздің алға жылжуымызға серпін береді, – деді ол. – Елбасының жүзіне қараңыздаршы, біздің Елбасы қандай ашық, жарқын жүзді адам. Бүгінгі күні Қазақстанның экономикасын жасап жатқан адамдарға қараған көзқарасының өзінен әлдебір махаббат пен жылылық есіп тұр! – деді ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабырғадағы экрандағы суретін нұсқап.

Бір атап айтарлығы, 2016 жылы «Казцинк» ЖШС-нің қолдауымен осы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын насихаттау мақсатында «Елбасы атындағы оқу залы» ашылған болатын.

Ал 2010 жылы Елбасы Шығысқа келген сапарында «Казцинк» ЖШС-нің «Балапан» мектепке дейінгі балалар орталығының тұсауын кескен-ді. Сол кезде Елбасыдан бата алған бес жарым жастағы Абай және Абылай атты бөбектер бүгінде желкілдеген жас құрақ. Осынау кездесуге Абай мен Абылай Әділбектер де қатысып, өз естеліктерін айтты. Бүгінде екеуі Өскемендегі №47 мектептің 8-сыныбында білім алуда.

1992 жылы Елбасы Өскемендегі Достық үйінің ашылуына қатысады. Бұл туралы Достық үйінің сол кездегі басшысы Сара Мамиева өз естелігімен бөлісіп, Елбасының қарапайымдылығына тәнті болғанын жеткізді. Ал 1995 жылдың ақпанында Президенттің қатысуымен республикамыздағы тұңғыш халықаралық серіктестік – Қазақстан-Америка еркін университеті ашылады. Бұл туралы «Парасат» орденінің иегері, білім саласындағы инновацияның авторы, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ережеп Мәмбетқазиев әңгімеледі. Сондай-ақ Президент командасында қоян-қолтық жұмыс істеген адамдардың бірі, саясаткер-әйелдер клубының төрайымы Вера Сухорукова, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры, «Говорить как Назарбаев» кітабының авторы Люция Абдуллина Елбасы жайында әдемі естеліктерін ортаға салды.

Қатысушылардың әңгімелерін мерекелік көрме-экспозиция толықтырып, кездесуге ерекше рең берді. Мерекелік іс-шара «Нұр Отан» партиясына жаңа қабылданған азаматтарға партиялық билет тапсырумен қорытындыланды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button