Қоғам

Жылқы жылындағы ел есінде қалған оқиғалар

Жыл-шежіре

Жылқы жылы Шығысымызда елдің есінде қалған елеулі оқиғалар мен ауқымды іс-шаралар көп болды. Солардың арасынан жұртшылық әлі күнге ауыздарынан тастамай айтып жүрген бірсыпырасына тоқтала кетуді жөн көрдік.

Қытайда Шығыс Қазақстанның күндері өтті

Наурыз айының соңында Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды районының Шәуешек қаласында Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өтті. Айтулы іс-шараға шығысқазақстандық делегация қатысып, көрші елдің тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап қайтты.
Мәдени күндер аясында қаланың орталығындағы «Дихай» базарында Шығыс Қазақстаннан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, қазақ және қытай кәсіпкерлері мен лауазымды тұлғалары қатысқан шекаралас екі аймақ арасындағы сауда-экономикалық, әдеби-мәдени байланысты нығайту мақсатындағы кездесу болып өтті. Кездесуде, әсіресе, болашақта Аягөз бен Қарамай қалаларының арасын жалғайтын теміржол мәселесі қызу талқыланды.

Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі ашылды

Жылқы жылындағы ел есінде қалған оқиғалар

Наурыз айында облыс орталығында Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі ашылды
Халықаралық талаптарға сай келетін спорт кешені «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынды. Жалпы сыйымдылығы 650 жанкүйерге арналған еліміздегі бірегей спорт нысанында 60 және 200 метрлік жүгіру жолдары, биіктікке және қарғып секіру секторлары, сондай-ақ, спортшылардың көпсайысқа дейінгі жеңіл атлетиканың барлық түрі бойынша жаттығуына мүмкіндік бар. Әлемдік талаптарға жауап беретін нысан, күнделікті жаттығулар мен әлемдік деңгейдегі ірі жарыстар өткізуге есептелініп салынған. Неміс технологиясы бойынша жабдықталатын бұл манеж барлық халықаралық талаптарға сай. Тіпті, кез келген халықаралық турнирлерді өткізуге мүмкіндік беретін сертификат та берілген. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы аталған нысанды салуға 700 млн. теңге бөлген болатын.

Ер Жәнібектің 300 жылдығы аталды

Бұл жылдағы ел есінде қалар елеулі оқиғалардың қатарында ел ұранына айналған Қаракерей Қабанбай мен Ер Жәнібек батырдың торқалы тойлары болды.
Мамырдың 8-9 күндері Өскемен қаласында қазақтың хан батыры Қабанбай баһадүрдің тойы өтті дүркіреп. Бұл тойдың шымылдығын облыстық Жамбыл атындағы театрдың қазақ труппасы «Қаракерей Қабанбай» қойылымымен ашты. Ел есінде ерекше қалған ірі оқиға – осы тойда Өскемен қаласынан Семейге шығаберіс жердегі дөңге Қабанбай батырдың ескерткіші қойылды. Бұл рухымызды бір серпілтіп тастады.
Маусымның 21-22 күндері Жарма жерінде өткен Ер Жәнібек Бердәулетұлының тойына елімізге танымал ғалымдар келіп, батыр баба туралы ғылыми конференция өтіп, Моңғолия, Қытай елдерінен келген, сондай-ақ, елімізге танымал өнер жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, ұлттық спорт ойындарынан аламан жарыс өтті.

«Өскемен ЭКСПО» көрмесі өтті

Тарих қойнауына сырғып бара жатқан 2014 жылы Өскеменде еліміз бойынша алғаш рет шағын \”ЕХРО-2014\” халықаралық көрмесі өтті. Көрмеге Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев қатысты. Сондай-ақ, әлемнің 12 елінен кәсіпкерлер мен ғалымдар, дипломатиялық миссиялар өкілдері келді. Шетелдік қонақтар кенді Алтайдың тың жобалардан кенде емес екеніне тағы бәр мәрте куә болды.
Көрмеге өңірдегі ең үздік деп танылған 86 жоба қойылды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласынан – 9 жоба, Астанадан – 8, Алматы қаласынан – 7, Санкт-Петербургтен 1 жоба ұсынылды. Меймандар Шығыста салына бастаған су электр стансаларының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты.
Көрме қорытындысы бойынша үш аталымда 21 жоба үздік деп танылды. Ғылым саласына жаңа леп әкелген жобалар Астанада өтетін \”ЕХРО-2017\” байқауына ұсынылады.

Мұхит Тұрсынов «Қазақстан барысы» атанды

Жылқы жылындағы ел есінде қалған оқиғалар

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Президент жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы-2014» республикалық турнирінде облыс намысын қорғаған Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанды. Жерлесіміз ақтық белдесуде қарағандылық Асыл Бәрменовты ұтып, осы жылдың үздік түйе балуаны атағына қол жеткізді. Алтын тайтұяқ, белбеу және 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлықты олжалап, туған жеріне оралған Мұхитқа зор қошемет көрсетілді. Жеңімпазға облыс басшылығы жеңіл автокөлік пен үш бөлмелі пәтер сыйлады.

«Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығы аталды

Биыл «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының 25 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті. Соған орай Семей мен Курчатов қалаларында бірқатар жоғары деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, аталмыш антиядролық қозғалыс президенті Олжас Сүлейменов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, «МАГАТЭ» бас директорының стратегия мәселелері бойынша арнайы көмекшісі Зеф Мази, «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшысы Ясуёси Комидзо арнайы келді.
Бұл жиынға әлемнің 17 елінен өкілдер, атап айтсақ, Ресей, Канада, АҚШ, Италия, Германия елдерінен қозғалыс белсенділері, БҰҰ, ЮНИСЕФ, «Атом» жобасы» сияқты жаппай қарусыздану мен бейбітшілікті насихаттау жолында ауқымды жұмыс істеп жүрген халықаралық ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері атсалысты. Сонымен қатар, мәртебелі меймандар қатарында АҚШ, Жапония, Корея, Қытай, Ресей, Украина, Белоруссия елшілері мен елшілік қызметкерлері болды.

«Tour de Oskemen» халықаралық велокөпкүндігі өтті

Жылқы жылындағы ел есінде қалған оқиғалар

Қазақстан велоспортының 100 жылдығына арнап елімізде тұңғыш рет «Tour de Oskemen» халықаралық велокөпкүндігі біздің облыста өтті. Риддер мен Өскемен қалаларының арасындағы 130 шақырымды құраған жарысқа еліміздің өңірлерінен бөлек Ресей, АҚШ, Канада, Швеция, Ұлыбритания, Түркия, Ямайка, Кения, Филлипин сынды әлемнің онға тарта мемлекетінен ұзын-саны 1300-ге жуық кәсіби спортшылар мен әуесқойлар қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры 6 миллион теңгеге жуық болды.

Семейде балалардың туберкулезге қарсы диспансері ашылды

Семейде балаларға арналған облыстық туберкулез диспансері пайдалануға берілді.
Сауд Арабиясы Корольдігінің үкіметі мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандумға сәйкес, жаңа медициналық мекеменің құрылысына арабтар тарапынан 1 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлініпті. Біздің елдің тарапынан 300 миллион теңге жұмсалған-ды.
Диспансер 80 орынға шақталып, тәулігіне 60 адамға дейін қабылдай алады. Жаңа аурухана инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сай, алты қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Мұнда тіс емдейтін орталық, ота жасайтын бөлмелер, балаларға арналған ойын залдары мен тренажерлер де бар. Ал ғимараттың алтыншы қабатында шағын мектеп ашылған. Бүгінде мұндай бірегей медициналық мекеме еліміздің басқа еш өңірінде жоқ.

Алғаш рет Алматы күндері өтті

Жылқы жылындағы ел есінде қалған оқиғалар

Биылғы жылдың бедерінде сән-салтанатымен өткен шаралардың ішінде ең елеулісі деп өңірімізде өткен Алматы күндерін атауға болады.
Екі өңірдің арасындағы мәдени һәм экономикалық-әлеуметтік байланыстың алтын көпіріндей болған бұл шараның аясында құны 55 миллиард теңгелік меморандумдарға қол қойылды. Екі өңірдің мұғалімдері, дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, Роза Рымбаева бастаған өнер жұлдыздары келіп концерт қойды. Өскемендіктерге төрт тонна апорт алма сыйға тартып, облыс орталығындағы Алматы көшесіне алманың мүсінін орнатып берді.

«Тұлпар – Тальго» пойыздары жүре бастады

Өскемен вокзалдарына көптен күткен жүрдек пойыздар – «Тұлпар -Тальго» келіп тоқтады. Өскемен – Алматы бағытында қараша айынан жүре бастаса, Өскемен – Астана бағытында желтоқсаннан бастап жүрдек пойыздар жүйткіп жатыр.
Аталған пойыз арқылы Алматы мен Өскеменнің арасына қатынайтын жолаушылар 10 сағат ұтады. Яғни, осыған дейін жолаушылар Өскеменге 27 сағат жүріп келетін болса, жаңа жүрдек пойыз 17 сағатта келеді.
Тәуелсіздік мерекесі күні қарсаңында облысымызда тағы бір қуанышты жаңалық – «Астана-Өскемен» бағытында қатынайтын «Тұлпар-Тальго» пойызы іске қосылды. Жүйрік пойыз аптасына 3 мәрте қатынайды. Билет бағасы 11-12 мың теңгенің айналасында. Астанадан Өскеменге дейінгі жол 16 сағат 50 минутты, қайтар жол 16 сағат 45 минутты құрайды.

Осы айдарда

Back to top button