Қоғам

Жылқы жылынан не күтесіз?

Жылқы жылынан не күтесіз?
Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, академик

– Жылқы – қазақтың кәделі, бағалы, орны бөлек қымбат қазынасы. Биік мәртебенің, байлықтың белгісі. Сондықтан Жылқы жылы қазақ үшін мәртебесі артып, дәулет тасатын жыл болады деп сенемін. Шығыста елдің рухын оятар игі шаралар, тың жобалар жиі өтіп жатады. «Алтай-Ертіс» кітапханасы, «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» сынды жобалар Жылқы жылында жалғасын табады деп сенеміз. Жылқы жылында еліміз өркениеттің жалына мықтап жармасып, мәреге алқынбай жетер деп үміттенемін. Жылқы иесіне адал, текті жануар ғой. Бұл жыл апат пен төтенше жайттардан ада, берекелі жыл болсын.

Асқар АЛТАЙ, жазушы:

– Хижра емес, Григориан жыл санауымен келген күнпарақтық 2014 жылға адам баласы үмітпен, күдікпен болашаққа бет бұра қарайды. Бәріміз де пендеміз. Ал пенденің мынау жалған дүниеде бар сенімі болашақтан жақсылықпен бірге жаңалық күтуінде. Науша наурызда жылқы боп кіретін жыл тұлпардай текті бола ма, әлде, тұғырда болдырып қала ма, ол да бір тәңірінің қалауымен боларына күмән жоқ. Сондықтан да үміті зор пенде жаратқан иесіне жарылқау күтумен әр күнін батырары кәміл.
Алтайдың ақ иығын ал қызыл шұғылаға шомылдырып, Сарыарқаның салқам төсіне шашыла төгілетін шұғыламен Қазақ елі де ертеңіне үмітпен қарап, күдікпен келешекке қадам басып, бағзы замандағы бабаларындай бар дүниеге сеніммен ой жіберген. Ебінің желіндей еркін өмір сүруге бет алғалы да жиырма жылдан асып барады. Бүгінгі зымырандай зулаған заманда бұл аз да, көп те ғұмыр емес , бірақ Қазақстан атты алып кеме алған бағытынан – азат та тәуелсіз күн кешу тағдырынан таймақ емес. Лайым, осы жолда ерлері есті, елі іргелі болсын!

Тоқтар СЕРІКОВ, әнші:
– Көптеген өнерпаз ағаларым сияқты мен де жылқыға жуық қазақтың бірімін. Сондықтан бұл жыл мен үшін ерекше болар деп ойлаймын. Адам болғасын жақсылық күтеміз де. Қазақ өнері үшін Жылқы жылы жағымды болғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла әрдайым қалың елдің алдында өнер көрсетуді нәсіп етсін.

Мұхит ТҰРСЫНОВ, «Алтай барысы»:
– Жылқы жылынан күтерім көп. Жалпы, қыл құйрықтың қазақ үшін орны ерекше ғой. Бұл жыл қазақ күресі үшін де ерекше болар деген үміт бар.Тарих қойнауына еніп бара жатқан Жылан жылы да төл спортымыз үшін табысты болды. «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысына» бүкіл әлем көз тікті десе де болады. Биыл қазақ күресінің танымалдылығы артып, аясы кеңейе түсуі тиіс. Осы спорттың маңында жүрген барлық азаматтардың жаңа жылдағы басты мақсаты да сол деп ойлаймын. Өз басым алдағы «Қазақстан барысында» үздік үштіктен көрінуді мақсат етіп отырмын. Жылға межелеген басты жоспарым да сол. Жылқы жылы мен үшін ғана емес, бүкіл Қазақ елі үшін табысты болса екен деген тілекпен жаңа жылға аяқ басып отырмын.

Әзірлеген – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button