Қоғам

Жылқы жылын жеңіспен бастадық

Жылқы жылын жеңіспен бастадық

Жылқы жылын жеңіспен бастадық! Ағымдағы жылдың алғашқы күні Швейцарияның Ленцерхайде қаласында өткен «Тур де Ски» шаңғы жарысында 15 шақырымдық масс-стартта бас бәйгені олжалаған Алексей Полторанин өзінің жанкүйерлеріне, оның ішінде спортшымен бірге тақымын қысқан мұқым шығыс-қазақстандықтарға жаңажылдық үлкен сый жасады.
Ол 15 шақырымдық қашықтықты 34 минут 28,1 секундта жүгіріп өтті. Біздің жігіттің ізін ала екінші болып неміс спортшысы Ханнес Доцлер келсе, үздік үштікті ресейлік Станислав Волженцев түйіндеді. Осы жарысқа қатысқан тағы бір қазақстандық спортшы Роман Рагозин 85-ші нәтиже көрсетті. Айта кетейік, аталған жарыс жолына барлығы 100 шаңғышы шыққан болатын.
Байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген риддерлік шаңғышы Алексей Полторанин бұл жеңісінің арқасында Әлем кубогының жалпы есебінде 316 ұпай жинап, төртінші орыннан ілгері жылжып екінші сатыға көтерілді. Әзірге жалпы есептегі көшбасшылық тізгін еншісінде 389 ұпайы бар норвегиялық Мартин Сандбидің иелігінде. Сонымен қатар, Полторанинмен бірге осы жарыста бақтарын сынап жүрген қазақстандық шаңғышылар Николай Чеботько мен Денис Волотко жинаған ұпайларына қарай сәйкесінше 49-шы және 113-ші орындарға орналасқан.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button