Қоғам

Жылқы жылы жұрт назарын аударғандар

Дидардың таңдауы-2014

Қазақ қасиет тұтқан Қамбар ата түлігінің жылы да аяқталды. Шүкір, бұл жыл еліміз үшін, оның ішінде облысымыз үшін жаман жыл болған жоқ. Осы орайда біздің редакция өтер жылды қорытындылай келе «Дидардың таңдауы-2014» деген айдармен өңіріміздегі елеулі сәттерді, жетістікке жеткен жерлестерімізді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отыр. Айта кетейік, таңдау жасаған кезде сала мамандарының пікірлері ескеріліп, жыл бойына газет бетінде жарияланған материалдарға талдау жасалды.

Жыл кәсіпкері

«Шығыс-Сүт» ЖШС-нің директоры Сейілжан Сайлаубаев. Іскер азамат басқаратын серіктестік биыл Өскеменде ҮИИД бағдарламасы аясында құны 1,2 млрд. теңге болатын сүт өңдеу зауытын іске қосты. Нәтижесінде «Шығыс-Сүт» базасында сатылы-біріктіру арқылы сүт кластері құрылды. Қуатты 7 сүт өңдеу кәсіпорнын орнату тәулігіне 400 тонна сүтті өңдеуге, сүт өнімдерінің 60 түрін шығаруға мүмкіндік берді. «Шығыс-Сүт» бүгінде елімізден бөлек Ресей мен Белоруське сүт өнімдерін шығарады.
Кластерлік кәсіпорын ретінде құрылған зауытта сүтті сауудан бастап, өңдеу, өнім алуға дейінгі аралықтағы өндірістік үдеріс жолға қойылған. Еліміздің өзге өңірлерінде жоқ «Бобровка+» роботтандырылған сүт фермасы Глубокое ауданында жұмыс істеп тұр. Өскемен қаласында сүт өңдеу комбинаты салынды. Алдағы уақытта мұнда сүт өнімдерінің 100 түрін шығару көзделуде.

Жыл спортшысы

Жылқы жылы жұрт назарын аударғандар

Айбек Нұғымаров – 1987 жылы 3 маусымда Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Қазақ күресінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Дзюдо және самбо күресінен спорт шебері.
Биыл Айбек бірнеше халықаралық додаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, «Әлем барысы» және «Еуразия барысы» турнирінде финалға дейін жетіп, екеуінде де күміс жүлдені иеленді. Ал Ресейдің Орынбор қаласында өткен қазақ күресінен Әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанды. Сөйтіп, ол қазақ күресінен үш дүркін чемпион болды. Сондай-ақ, жерлесіміз биыл екінші рет ұйымдастырылған «Алтын тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанатында «Қазақ күресінен жыл балуаны» атағына қол жеткізді.

Жыл өнерпазы

Бұл аталымға балсаусақ жас күйші Ерасыл Ринатовты лайық деп таптық. Ерасыл Өскемендегі облыстық мемлекеттік филармонияның Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің жеке орындаушысы, «Алтай» фольклорлық ансамблінің әртісі. Биыл ол Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен республикалық олимпиадада бірінші орын биігінен көрініп, Алматы қаласында өткен республикалық «Жас орындаушылар» байқауында Қаршыға Ахмедияров атындағы арнайы сыйлық иегері және Ресейдің Волгоград қаласында өткен халықаралық «Дельфий ойындарының» жүлдегері атанды. Сондай-ақ, Өскемен қаласында өткен Құрманғазы атындағы Х республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауында үшінші орынды иеленген. Ерасыл болашағынан зор үміт күттіріп жүрген өнерпаздардың бірі.

Жыл құрылысы

Өскемендегі Сол жағалау ауданында бой көтерген спорт кластері. Әлемдік деңгейдегі жарыстарды қаймықпай өткізуге мүмкіндік беретін спорт кластері құрамына Жекпе Жек сарайы, О. Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі, жабық үлгідегі Орталық суда жүзу бассейні кіреді. Бұл ғимараттарда биылдың өзінде бірнеше халықаралық бәсекелер өткізілді.
Аталмыш кешенге енетін ғимараттар қатарын толықтырғандай болып жуырда спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат пайдалануға берілді. Мектеп-интернатта спортта болашағынан үміт күттіретін 7-11 сыныптардың 350 оқушысы дәріс алса, олардың 200-і осы жердегі интернатта тұрады. Мамандардың пікірінше, мұндай спорт қалашығы бүкіл ТМД елдері арасында, қысқы Олимпиада ойындарын өткізген Сочи қаласында ғана бар. Ал Қазақстанда дәл осындай спорт кластері мүлдем жоқ. Бұл ғимараттардың бәрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің аясында өңірдің ірі кәсіпорындарының демеушілігімен салынды.

Жыл суреті

Жылдың үздік суреті аталымына «Дидар» газетінің фототілшісі Есімхан Орынбаевтың Өскемен қаласындағы орталық алаңнан түсірген төмендегі этюдін таңдап отырмыз. Бұл сурет газетіміздің маусым айынан қараша айына дейін жалғасқан «Тіл бітсе, сурет не дейді?» жобасында оқырмандар арасында ең көп талқылауға түскен еді. Осы суретке редакция тарапынан берілген екі жол өлеңнің қалған тармақтарын жалғастырып, жауап жазғандардың қатары да көп болатын. Өйткені, бұл сурет қазіргі қоғамдық өмірді, демографиялық дағдарысты дәл бейнелеп берген туынды.

Жылдың сәтсіз ескерткіші

Жылқы жылы жұрт назарын аударғандар

Өскеменде бір тәулік те тұрмаған Абай және Михаэлистің ескерткіші. Жылдың ең оғаш оқиғасы болған бұл мүсін – биылғы 22 маусым күні облыс орталығындағы Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысында орнатылған. Өскемендіктер әу бастан ұлыларға арналған тамаша туындының жасалуын күткен еді. Бірақ, мүсіннің авторлары – Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов ел күткендей ескерткіш жасап шығара алмады. Қос көшенің қиылысына түн мезгілінде орнатылған туынды таң ата салысымен дүйім жұрттың қатал сынына ұшырады. Халық арасында «ергежейлі», «селфи» деген атпен мазаққа ұшыраған мүсін бір тәулік те тұрған жоқ. Еліміз бен көрші Ресейді айтпағанда, жарымжан мүсінді «ВВС» сынды дүниежүзілік әйгілі ақпарат құралдары жарты әлемге жариялады.

Жыл авторы

Ардагер журналист, айтыскер ақын Мәуітқазы Зүкенов. Жыл басынан бері газет бетінде Мәуітқазы ағамыздың мақалалары үзбей жарық көріп келеді. Ол кісінің «Айтылмай жүрген ақындар», «Біздің балуан: танылмай қалған тарландар» атты айдарлары оқырманнан оң бағасын алып жүр. Бұдан бөлек газетіміздің «Адамның кейбір кездері – көңілде алаң басылса…», «Тылсым дүние» айдарларына да үзбей жазып келеді. Қарт қаламгердің шығармашылығына табыс тілейміз.

Жыл оқырманы

Жылдың үздік оқырманы деп Жарма ауданы, Жарық ауылының тұрғыны Тілектес Шалжиенді танып отырмыз. Әркез редакциямен қарым-қатынас жасап отыратын ағамыз газеттегі ақпараттармен үнемі өз ойын бөлісіп жүреді. Арасында аңшылықтың қыр-сыры туралы қалам тербеп тұратын ағамыз «Тіл бітсе, сурет не дейді?» жобасында да қаламының қарымын танытып, газетке деген жанашырлығын білдірген болатын.

Жыл ерлігі

Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тұрғыны, сегіз жасар Шыңғыс Естай өзінің іні-қарындастарын өрт құшағынан аман алып шығып, нағыз ерліктің үлгісін көрсетті.
Оқиға балалардың ата-анасы дүкенге шығып кеткен кезде орын алған. Үйде Шыңғыстан бөлек, оның жеті және үш жастағы інілері, сондай-ақ, бес жасар қарындасы қалған болатын. Дәл осы сәтте электр желілерінің қысқа тұйықталуы салдарынан үй бөлмелерінің бірінде өрт шығыпты. Тілсіз жалынды алдымен байқаған Шыңғыс еш саспастан бауырларын жетелеп, терезені сындырып, олардың кезек-кезек далаға шығуына көмектеседі. Одан соң сол терезе арқылы тұтас жалынға оранған үйге еніп, тұрғын үйдің құжаттарын алып шығуға кіріскен. Бір таңғаларлығы, ол бұл әрекеттің барлығын да қар мен оттың арасында жалаңаяқ жүріп істепті.
Шыңғыс Естай 2006 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Самбай Естай мен Әбсемет Айжанның отбасында дүниеге келген. Үйдегі бес баланың екіншісі. Қазір Бозанбай орта мектебінің үшінші сыныбында оқиды.

Осы айдарда

Back to top button