Руханият

Жылқы үйрету – жылдамдықты бағындыру

Жылқы үйрету – жылдамдықты бағындыру


Өскеменде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ұйтқы болуымен «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» атты халықаралық конференция өтті.

Жылқы үйрету – жылдамдықты бағындыру

Алқалы жиынға алыс-жуықтан келген қонақтар шара шымылдығын таяуда ғана ашылған «Үлкен Алтай» мұражайын аралаумен ашты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мазмұнын түсіндіретін аталмыш мұражайда адамзат баласының даму кезеңдері бейнеленген. Әсіресе Алтай бетіндегі ежелгі өркениеттің алтын іздері сайрап тұр бұл жерде. Кен өндіру, металл қорыту сынды жұмыстарда бабалар қолданған құрал-саймандар, қолға оңай-оспақ түсе бермейтін жәдігерлер қойылған.

– Төр Алтайдың төріне Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға жиылып отырмыз. Барды айту мақтану емес, барды айту – шындық. Біз бай да, мәдениетті ұлттық тарихымызды жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз, өзгелерге үлгі ретінде көрсетуіміз керек. Бүгінгі конференция да, Елбасы мақаласы да осы мақсаттан туып отыр.

Мақала мазмұнындағы жеті саланың бірі – жылқыны қолға үйрету. Жылқыны қолға үйрету дегеніміз – қазақ ғарышының басы. Жылқы дегеніміз – жылдамдық. Кеңістік пен уақыт аралығында біздің ата-бабаларымыз әуелі жылдамдықты, содан кейін ұлы даланы, әлемді меңгерді. Егер олар атқа қонбағанда, ұлы далаға ие болмас еді. Қазір кімнің қолында жоғары технология болса, сол мықты болып тұр ғой. Демек, бабаларымыз да жылқыны меңгеру арқылы ат тұяғы жеткен жерге әмірін жүргізді, – дейді философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім.

Бұдан кейін қонақтар қатарындағы бірегей білгірлер оқушылар мен оқытушыларға арнап шеберлік сабақтарын өткізді. Айталық, белгілі археолог Зейнолла Самашев Елеке сазындағы ерте сақ дәуірінің салт-дәстүрі жайында ой толғаса, еліміздегі бас реставратор, суретші Қырым Алтынбеков табылған жәдігерлерді зертханаға дейін қалай аман жеткізу жайлы қызықты дәріс оқыды. Аталмыш шебер Берел, Шіліктіден табылған алтын адамдар мен Үржар ханшайымының әуелгі бейнесін айнытпай шығарған осы Қырым Алтынбеков екенін айта кеткеніміз ләзім. Ал Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының меңгерушісі Ғарифолла Есім мен Сүлейменов атындағы Шығыстану институты базасындағы республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Абусеитова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы хақындағы ұлы даланың қыр-сырын түсіндірді.

Салтанатты шара түстен кейін «Алтай – түркі әлемінің бесігі» атты жобамен жалғасын тапты. Алқалы жиынның тізгінін ұстаған аталмыш университеттің ректоры Жасұлан Шаймарданов шырайлы Шығысқа келген қонақтарға алғысын айтты. Ал конференция шымылдығын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов ашты.

– Шығыс жерінен табылып жатқан жәдігерлер бабаларымыздың ең озық технологиямен қаруланғанынан дерек беріп жатыр. Бұл бүгінгі ұлт бірлігін шыңдап, біртұтас халық құрып жатқан біз үшін әлем көшінен қалмай, мол табысқа жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ал бүгінгі басқосудағы жеткен жетістіктер ғылыми айналымға кіреді деген сенімдемін. Жетістіктерге жете беріңіздер, – деді Азамат Маратұлы.

Конференцияда көрші Ресей елінен келген Таулы-Алтай мемлекеттік университетінің «Тарих және археология» кафедрасының меңгерушісі Александр Эбель «Құрай-Шу» ескерткіштері жайлы ой өрбітсе, Тарихи зерттеулер институтының директоры Жәкен Таймағамбетов Шығыстағы шабандоздар жайлы сүбелі сөз сөйледі. Шығыс елінің шынайы тарихын кестелеген құнды баяндамалар алдағы уақытта жинақталып, кітап болып басылады.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button