Қоғам

Жылумен қамтуға мүмкіндің бар

Жылумен қамтуға мүмкіндің бар


Облыс басшысы Даниал Ахметов Семейге іссапапры барысында қаланың сол жағалауын жылумен қамтитын ЖЭО-1-де және АҚ-1-де болды. Аймақ басшысы аталмыш нысандарды толығымен аралап шықты.

ЖЭО-1-де барлық көне қазандықтар ауыстырылып, орнына жаңа бу қазандығы қойылуда. Бұның жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 24 млрд. 365 млн. теңге бөлінген. ЖЭО-1 қаланың сол жағалауындағы тұрғын үйлердің 70 пайызына және түрлі әлеуметтік мекемелерге жылу береді. Даниал Ахметов Семейдегі барлық жылу жүйелері желілерін ауыстырып, тиісінше жаңарту қажеттігін айтты.

– Мына ЖЭО-1-дің толық жөнделгені бізге аса қажет. Осылайша, біз Семейдің сол жақ жағалауының халқын 2025 жылға дейін жылумен, ыстық сумен алаңсыз түрде қамти аламыз. Болашақта қазандықтарды озық шетелдік технологиялармен жасақтауды жалғастыра беру керек. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына орай 2025 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қомақты қаражат бөлініп отыр. Сондықтан да сіздерге қазір нақты не қажет, Семейді қыста жылумен қамтуға толық негіз бар ма, соны шешіп алу керек,-деді облыс әкімі.

Жылумен қамтуға мүмкіндің бар

Бұдан бұрын да айтылғандай, Семейдегі қазандықтардың қолданыста болғанына – 45-50 жыл, жылу желілері 80 пайызға тозған. Қала әкімінің міндетін атқарушы Николай Ушаковтың айтуынша, Семейді жылу мен толық қамтып шығу үшін ЖЭО-1 мен АҚ-1 аумағында және қаланың сыртқы аумағында қажетті көмір қоры бар. Жыл сайын қала үшін көмір сатып алу проблемасы туындайды, бәрі де қаражатқа келіп тіреледі. «Теплокоммунэнерго» мекемесінің өзі «Шығысэнерготрейд» алдында қарыз. Бұл мәселені ЖЭО-1 мен АҚ-1 аумағында қойылатын екі бу генераторы шешпек. Екі турбина қуаты 24 МВт болмақ, «Теплокоммунэнерго» өзіне қажетті 13 МВт пайдаланған соң, қалғанын сата алады. Облыс әкімі Даниал Ахметов АҚ-1-ге әкелініп, қойылған генератордың жұмысын көрді. Ал ЖЭО-1-дің генераторы жақында іске қосылмақ. Облыс басшысы сондай-ақ қаланы жылумен қатар, ыстық сумен де қамтудың маңыздылығын атап айтты.

– Семейдің тозып кеткен жылу жүйесі 1999 жылы қандай жағдайда болғандығы менің көз алдымда,-деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – ал бүгін байқап қарасам, қаншама ілгерілеушілік бар. Сондықтан да барымызды салып жұмыс істеп, халыққа жағдай жасауымыз керек. Қуаты мықты генераторларды қоюға болады, бірақ ол үшін оның ыстығына төтеп беретін желі, құбырлар да тиісінше қамтылғаны жөн.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button