Жылу тапшылығын болдырмаудың қамына кірісті
Азамат Темірбеков
Биыл облыс бойынша қуаты сағатына 100 гигакалория болатын және одан жоғары қуаты бар қазандықтардың тоғыз пайызы күрделі жөндеуден өткен.
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңір алдағы жылыту маусымына толық дайын болғандықтан жылу беру жұмыстарын 29 қыркүйектен бастап кеткен.
– Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылған нысандар саны білім беру саласында 536, денсаулық сақтауда – 345, әлеуметтік қорғауда – 16, мәдениет және спортта 312 болса, 3199 көпқабатты тұрғын үй, 5147 жеке тұрғын үй және 3073 заңды тұлға нысаны осындай жылу жүйелеріне қосылған, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Рамазанов.
Қазіргі уақытта облыс бойынша қуаты сағатына 100 гигакалория және одан жоғары қуаттылықтағы үш қазандық және үш жылу-электр орталығы, қуаты сағатына 100 гигакалориядан кем 24 орталықтандырылған қазандық пен 201 дербес қазандық бар.
Өңірде жылу энергиясын мол тұтынатын Өскемен қаласында бүгінгі таңда сағатына 220,1 гигакалория көлемінде жылу қуатының тапшылығы бар көрінеді. Ал бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай екі есеге жуық өсіп, жылу энергиясы тапшылығы сағатына 342,9 гигакалорияға жетпек. Сол себепті мәселені шешу үшін қазірде қуаты сағатына 100 гигакалорияға жететін қосымша қазандық орната отырып «Өскемен жылу желілері» кәсіпорнының №2 қазандығын қайта жаңарту жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау басталмақ.
Оған қоса, қуаты сағатына 240 гигакалория болатын «Өскемен ЖЭО» кәсіпорнында 16-шы қазандықты орнату жоспарда бар. Еліміздің Энергетика министрлігі мен аталмыш кәсіпорын арасындағы инвестициялық келісімге сәйкес, бұл нысан 2025 жылға қарай пайдалануға берілуі тиіс. Осылайша, аталған іс-шаралар сәтті жүзеге асқан жағдайда таяу болашақта Өскемендегі жылу тапшылығы мәселесі біржолата шешімін таппақ.
– Облыс бойынша қуаты сағатына 100 және одан жоғары гигакалория болатын қазандықтарда 35 қазан жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстарының кестесіне сәйкес ағымдағы жылы оның тоғызы, яғни 26 пайызы күрделі жөндеуден, қалған 26-сы ағымдағы жөндеуден өтеді. Бүгінгі күні алты қазан күрделі жөндеуден, 25 қазан ағымдағы жөндеуден өтті, – дейді Нұрлан Рамазанов.
Өңірді жылу энергиясымен қамтудағы тағы бір мәселе – халықтың қысқа қажетті көмір қорымен қамтылуы. Бүгінгі таңда аудан, қала әкімдіктерінің деректері бойынша халық үшін 432 мың тонна көмір жеткізілген екен. Бұл жалпы қажеттіліктің 92 пайызын құрайды. Жалпы, Шығыс Қазақстанда коммуналдық-тұрмыстық көмірді сату Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Алтай, Шемонайха аудандарында орналасқан 14 теміржол тұйығы арқылы жүзеге асырылады. Ал Зайсан, Тарбағатай және Самар аудандарының тұрғындары үшін көмір жеткізу көмір кеніштерінен немесе жақын маңдағы теміржол тұйықтарынан көлікпен тасымалданады.
– Аймаққа көмір Қаражыра кен орнынан жеткізіледі, сондай-ақ Өскемен қаласындағы «Азимут» жеке кәсіпкерлігі Майкөбе кен орнының көмірін сатуды жүзеге асырады. Қазіргі күні облыстың теміржол тұйықтарында 13,8 мың тонна көмір бар болса, оның 7 мың тоннасы Өскеменде, 3 мың тоннасы Риддерда, 500 тоннасы Глубокое ауданында, 2,1 мың тоннасы Алтай ауданында, ал 1,2 мың тоннасы Шемонайха ауданында түсірілген. Шығыс Қазақстан облысының бюджеттік ұйымдары көмірмен 100 пайыз қамтылған, – деді Нұрлан Рамазанов.