Жылу сорғыларының жабдықтары Өскеменде өндіріледі
Өткен жылдың қарашасынан бастап іске қосылған «Машзавод» ЖШС-де өндіріліп жатқан жылу сорғылары Қытай елінде шығарылған бөлшектермен құрастырылып келеді. Зауыт инженерлері енді ол жабдықтарды өзімізде өндірудің жолдарын іздестіріп жатыр.
– Қазіргі күні біз өндіріп жатқан жылу сорғыларына сұраныс көп деп айта алмаймыз. Оның басты себептерінің бірі – жылу сорғыларының жер асты суын пайдалануында болып тұр. Жер асты суының қорын, басқа да қолданылу жағдайларын зерттеу жұмыстарына екі жылға жуық уақыт кетеді. Құрылғыны сатып алып, орната салуға келмейді. Оның үстіне жаңаға тосырқай қарайтындар да көп. Жаңа жылыту көзіне көшу үшін бұрынғы ескі жылу жүйесін түбегейлі алып тастап, бастан-аяқ қайта құру керек. Тұтынушыларды осы жағы да ойландыруда. Осының салдарынан өндіріс қарқын алып кете алмай тұр, – дейді кәсіпорын директоры орынбасарының міндетін атқарушы Дмитрий Сухачев.
Жылу сорғыларының Қазақстан нарығындағы қолданысын арттыру үшін қазір зауытта «Легмаш» ЖШС құрылып, жұмыс істеп жатыр. «Машзавод» және «Легенда» ЖШС-нің еншілес кәсіпорны ретінде құрылған бұл кәсіпорын жылу сорғыларын жобалау, сату және құрылғыларға сервистік қызметтер көрсетумен айналысуда. Серіктестік мамандары, сонымен қатар, жылу сорғыларының жұмысын жетілдіре түсуді, оларды құрастыратын негізгі бөлшектердің технологиялық жобаларын жасауды қолға алып отыр. Құрастырушы бөлшектерді отандық өндірушілер шығарған жағдайда өнімнің бағасы да арзандамақ.
«Машзавод» ЖШС-де шығарылып жатқан жекеменшік үйлерді жылытуға арналған жылу сорғыларының бағасы өндірістік қуатына қарай шамамен 400-500 мың теңге тұрса, мектеп, шағын емханаларға арналғандарының бағасы 3-4 млн. теңге тұрады.
Осында шығарылған ең алғашқы жылу сорғысы былтыр күзде Өскеменнің жанындағы Прапорщиково ауылындағы орта мектепке қойылған болатын.
Іске қосылғаннан бергі екі-үш айдың ішінде зауытта бірнеше ондаған жылу сорғылары шығарылып, пайдалануға берілген. Шығарылып жатқан қондырғылар көмір немесе сұйық отынды жағатын қазандықтармен салыстырғанда бар жағынан қолайлы. Жаңа өндірістің қуаты жылына 500 жылу сорғысын шығаруға мүмкіндік береді. Өнімді сапалы етіп шығаруға жұмысшылардың қабілет-қарымы жетеді. Олар Қытайдағы осындай қондырғыларды шығарып келе жатқан «АIR BRIGHT» кәсіпорнында қайта оқыту курстарынан өтіп, сорғыларды жасаудың технологиясын меңгеріп қайтқан.
Тапсырыс берушілердің көпшілігі еліміздің индустрияландыру картасына енген осы ірі жобаны жүзеге асырушы – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының оңтүстіктегі уран өндіретін кәсіпорындары болып отыр. Биыл жылу сорғылары сол жақтағы «Ақбастау», «Мойынқұм» сияқты бірқатар кеніштерге де қойылған. Енді Астана қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешеніне орнатылып жатыр. Бірді-екілі болса да өз облысымыздан да тапсырыстар түсіп отыр.
– Жуықта Прапорщиково ауылындағы мектепке қойылған жылу сорғысынан техникалық ақау шығып, қалпына келтірілді. Қазіргі күні өнімдердің сенімділігін арттырудың тиімді тәсілдері іздестіріліп, сервистік қамту қызметін нығайтып жатырмыз. Алғаш қолға алынып отырғандықтан, бұл өндірісте өзіндік кілтипан болуы мүмкін, бірақ оның бәрін зерттеп, ретке келтіріп жатырмыз. Ең бастысы, біз өзімізге қолайлы, электр қазандықтарына қарағанда электр энергиясын үш есе аз тұтынатын үнемді, экологиялық жағынан таза, заманауи өнімді жасауға мүмкіндік алдық. Біз қазақстандықтардың алдағы уақытта жылу сорғыларын кеңінен пайдалануға көшетініне сенімдіміз, – дейді зауыт директоры орынбасарының міндетін атқарушы.