Жылу мен ыстық су қымбаттады
Биылғы ақпан айында Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық қызметтің бағасы 2,8 пайызға қымбаттап, 2015 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 11,2 пайызға артты, деп хабарлайды статистика комитеті.
Бәрінен бұрын кәріз жүйесінің құны айтарлықтай көтерілген. Статистика комитетінің мәліметінше, бір жылдың ішінде оның бағасы 7,1 пайызға артыпты. Сондай-ақ, ыстық су бағасы ақпан айында 6,2, жылу жүйесі 5,9, қоқыс шығару 5,3, электр энергиясы үш пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, 12 айдың ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты қызмет түрлерінің бағасы да біршама өскен. Ақпан айында олардың орташа құны 2,1 пайызға жоғарылаған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,4 пайызға көп.
Бұған қоса, өткен айда Қазақстанда теміржол көлігі қызметінің құны да қымбаттаған. Оның 2016 жылдың ақпан айындағы бағасы 3,2 пайызға өссе, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш жеті пайызға дейін артқан. Жалпы алғанда, еліміздегі ақылы қызмет түрлерінің бағасы мен тарифтері бір жыл ішінде 2,8 пайызға өскен.
Биылғы қаңтар айында Маңғыстау мен Алматы облыстары тұрғындарының саны 0,27 пайызға артқан. Осының арқасында қос өңір халық санының өсімі жағынан еліміздегі алдыңғы орындарды иеленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті хабарлайды.
Сондай-ақ, халық өсімі бойынша көшбасшылар қатарында әдеттегідей Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстары келетінін айта кеткен жөн. Ал Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аймақтарындағы халық саны бұрынғысынша баяу көбеюде.
Елімізде сонымен қатар, халқы азайған аймақ та бар, бұл – Солтүстік Қазақстан облысы. Қаңтар айының қорытындысы бойынша, түстіктегі жұрт 0,02 пайызға азайған. Жалпы, қаңтар айында Қазақстан халқы 0,13 пайызға көбейіп, 17 миллион 671 мың адамды құрады.
Қазақстан мен Ресейде банк мәліметтерін ұрлайтын жаңа мобильді троян вирусының таралу қаупі бар. Бұл туралы ESET компаниясы қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Валентина Иванова мәлім етті.
Наурыздың алғашқы аптасында пайда болған Android-трояннан Аустралия, Түркия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің тұрғындары жапа шегіп үлгерді. Осыған байланысты ESET зертханасының сарапшылары қауіпті құбылысқа тиісті сараптама жүргізіп, қолданушыларға ескерту жасады.
«Бұл бағдарламалар сіздің мәліметтеріңізді ұрлап, оларды жарияламас үшін ақша талап етеді. Киберкомпаниялар тез бағытын ауыстырып, зиянды бағдарламалық қамтамасыз етушілер басқа тілдерде сөйлейтін елдерге сапар шегеді. Бар болғаны бірнеше күн ішінде қауіпті вирус орыс тіліне ауысып, одан қазақстандық және ресейлік қолданушылар да зардап шегуі мүмкін» делінген хабарламада. Естеріңізге салайық, Android/Spy.Agent.SI бағдарламасы FlashPlayer мобильді қосымшасы түрінде таралады. Жүктелгеннен кейін троян құрылғының әкімшілігіне кіруге рұқсат сұрап, өшірілуден сақтайтын қорғанысты қамтамасыз етіп алады.
Шығыс-ақпарат