Қоғам

Жылу берілсе де, оған берешек азаймай тұр

Өңірде жылыту маусымы қазан айының бірінде басталып кеткенімен, облыс тұрғындары берілген жылудың ақысын төлеуге асығар емес. Берешектің басым бөлігі Өскемен, Семей, Курчатов қалаларына, Алтай, Шемонайха аудандарына тиесілі және көпшілігі өткен жылыту маусымынан қалған қарыздар.

Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды. Селекторлық режимде өткен сессияның жұмысына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Сессияда тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту ұйымдарын, тұрғын үй қорын және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды 2019-2020 жылдардың жылыту маусымына дайындау қорытындылары туралы ақпарат берген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алма Қайрақанова бүгінгі күнде жылу беру маусымына дайындық мемлекеттік органдармен келісіліп, белгіленген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атады. Бекітілген кестеге сәйкес ЖЭО-да қазандықтарды дайындау 100, турбоагрегаттарды әзірлеу 95 пайызды құрайды. Сондай-ақ гидроэлектростанциялардағы 27 гидроагрегаттың 19-ы жөнделіп, жалпы көлемнің 70 пайызын құрап отыр. Қалған сегізінің жөндеу уақыты таямаған. Сондай-ақ электрмен қамту объектілері, бюджеттік нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер толық дайын.

«Теплокоммунэнерго» МКК үшін биыл жөндеу-дайындық науқанына жергілікті бюджеттен 178 млн. теңге бөлінген, мұнымен қатар кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 273 млн. теңгеге қазандық агрегаттары мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстары атқарылған. Алдағы жылыту маусымына аталған кәсіпорынның қатты отынға қажеттілігі 389 мың тонна болса, бүгінде жинақталғаны – 55 мың тонна. Жалпы, кәсіпорынның қысқа дайындығы 99 пайыз.

Жылу көздерінде 409 мың тонна немесе пайдалану қорының 207 пайызы жинақталған (пайдалану қоры 198 мың тонна). Тұрғындардың көмірге деген сұранысы 1 140,9 мың тонна болса, қазіргі кезде оларға 1 120,4 мың тонна қатты отын жеткізілген (98%). Жалпы, өңірдегі бюджеттік нысандар жүз пайыз көмірмен қамтылған.

Облыс бойынша мазутқа қажеттілік 11,7 мың тоннаны құраса, өтінім Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тапқан. «Петролиум Оперейтинг» ЖШС мазут жеткізуші ретінде белгіленіп, барлық кәсіпорындар келісімшарт жасасқан. Бір тоннасының бағасы – 100 мың теңге. Мазут кесте бойынша қазан-ақпан айларында жеткізілмек.

Облыста алдағы жылыту маусымына дайындық ойдағыдай жүріп жатқанымен, өкінішке қарай, коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық және кредиторлық берешектер азаймай тұр.

– Бүгінгі күнде 10 қазандағы жағдай бойынша дебиторлық қарыздар 577,3 млн. теңгені құрайды, соның ішінде Өскемен қаласында – 196,7 млн. теңге, Семей қаласында – 324,0 млн. теңге, Алтай ауданында – 18,3 млн. теңге, Шемонайха ауданында 18 млн. теңге берешек бар. 2019 жылдың 14 маусымынан бері дебиторлық қарыздар 312,3 млн. теңгеге ғана азайды, – деді сессияда Алма Қайрақанова.

Оның айтуынша,  2019 жылдың қаңтар айынан бері борышкерлердің үстінен сот орындарына 510,9 млн. теңгенің 5321 талап-арызы берілген. Соның ішінде 466,4 млн. теңгенің 4786 талап-арызы қанағаттандырылып, 230,3 млн. теңге өндіріліп алынған.

Ал ағымдағы кредиторлық қарыз облыста 996,7 млн. теңге болып отыр. Қарыз негізінен Өскемен, Семей және Курчатов қалаларындағы кәсіпорындарда қалыптасқан. Қарыздарды азайту жұмыстары үздіксіз жалғасып, сотқа дейінгі және сотқа беру шаралары қолданылуда.

Облыс әкімі Даниал Ахметов қазіргі уақытта Риддердегі ЖЭО-ның меншік иесі ауысқанын, соған орай қаладағы өндірістік алаңдарға жылу беруде бірқатар мәселелер туындағанын атады.

– Әрине, қаланың тұрғын үй қорына жылу беруде еш мәселе жоқ. Тек қала аумағында орналасқан «Казцинк» ЖШС-не қарасты өнеркәсіптік секторға жылу беруде айтарлықтай қиындықтар бар. Қазір «Казцинк» пен  ЖЭО-ның жаңа меншік иесі арасында соңғы келіссөздер жүргізілуде.  Сондықтан осы мәселені үнемі назарда ұстап, арнайы депутаттық жұмыс комиссиясын құру қажет. Себебі, қаладағы «Казцинк» компаниясының құрылымы өзін-өзі жылумен қамти алмайды. Сондықтан мәселені жеткілікті түрде зерттеу керек. Аталған мәселенің оң шешімін табуына депутаттар да атсалысқаны жөн, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ сессия барысында облыстық мәслихаттың төртінші, бесінші, алтыншы шақырылымдарында №33 Зырян сайлау округінен сайланған депутат Ержан Нұрбаевтың басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты бұдан былай депутаттық өкілеттігі тоқтатылғаны айтылды. Өз кезегінде оған әріптестері алдағы қызметінде сәттілік тіледі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button