Қоғам

Жылу толық берілді

 Қазіргі уақытта өңірдегі елді мекендерде орналасқан әлеуметтік мекемелердің ғимараттары мен тұрғын үйлер толықтай жылу көздеріне қосылып болды. Бұл жайында ақпараттық орталықта өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын ұйымдастырған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов айтты.

– Облысымыздың оңтүстігінде орналасқан аудандар жылу көздеріне ең соңғы болып қосылды. Олардың қатарына жаңадан жылу қазандығы салынған Абай ауданын жатқызуға болады. Өйткені үстіміздегі жылы осыған дейін ауданда жылу беріп келген кәсіпорынның жұмысы тоқтаған болатын. Сондықтан аудандық әкімдікпен бірлесе отырып құны 130 миллион теңге болатын жобаны бастадық. Нәтиже жаман емес, жобамен қуаттылығы 2,5 Гкал болатын блок-модульді қазандық орнатылды, – деді Нұрлан Рамазанов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Қыркүйектің соңына таман ауданның орталығы Қарауыл ауылындағы әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі бір тұрғын үй жылуға қосылды.

Сонымен қатар өңірдегі бірнеше елді мекенде алдағы жылыту маусымына дайындық барысында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген екен. Оларды атап өтсек, Курчатов қаласындағы алты жылу қазандығы қайта жөнделіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен Аягөз қаласындағы жылыту көздері мен осы уақытқа дейін республика бюджетінің құзырында болған «Северный» жылыту қазандығы облыс бюджетіне беріліп, қайта жөндеуден өтті. Жоба жұмыстарының нәтижесінде жылыту қазандығының қуаты 4,5 Гкал-ға ұлғайып, сол маңдағы жаңадан бой көтерген екі көппәтерлі тұрғын үй мен барлық әлеуметтік нысандарға жылу беру мүмкіндігі туды.

– Сондай-ақ биыл Алтай ауданында «Парыз» қоры 50 млн. теңге қаражат бөліп, сорғы станциясының құрылысын жүргізіп, жылу жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде Серебрянкадағы 11 көшедегі тұрғын үйлер орталықтан берілетін жылу көздеріне қосылатын болды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Катонқарағайда, Ұланда бірнеше жылу қазандығы қайта жөнделді, – деді Нұрлан Рамазанов.

Үстіміздегі жылы өңір тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету мақсатымен 1 млн. 123 мың тонна қатты отын даярлау жоспарланған. Бүгінгі күні бұл жоспардың орындалу көрсеткіші –99 пайыз. Аймақтағы көмір түсірілетін 14 темір жол тұйықтарында 14,5 мың тонна көмір қоры сақталуда. Әлеуметтік нысандардың көпшілігіне көмір қыркүйек айына дейін жеткізіліп қойған еді. Ірі жылыту қазандықтары егер де көмір кенішінен 100 километр қашық орналасса – 10, егер арақашықтығы 100 километрден асса, 20 күндік көмір қорының болу қажеттігі туралы Энергетика министрінің тапсырмасын бұлжытпай орындап отыр.

.Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button