Қоғам

Жылдың ең үздік жындысы

Жылдың ең үздік жындысы

Редактордан жыл қорытындысын шығару үшін тапсырма алып шыққан тілшілер жапатармағай телефон тұтқасымен «сүйісіп» жатыр.
– Алло, Жаңа жылыңызбен, аға, біз сізді жылдың үздік кәсіпкері деп жазсақ қалай қарайсыз?
– Мәдениет басқармасы ма?
– Сіз жылдың үздік спортшысы кім деп ойлайсыз?
Енесіне жамыраған қозы-лақтай шулаған әріптестерімнің «әніне» мен де «ән» қосып жатырмын.
– Алло, сәлеметсіз бе, біз жылдың үздіктерін анықтап жатырмыз, сіздер мекемелеріңізден кімді ұсынасыз?
– Жылдың үздігі дейсіз бе? Ыңғайсыздау емес пе?
– Онда не тұр, сіздер тұр ғой әншілер де өз мықтысын анықтап жатыр ғой.
– Онда біздікілердің арасында Толикке тең келер ешкім жоқ.
– Қандай жетістіктері бар?
– Жетістіктер деуге келмес, бірақ оның жыл бойындағы істеген әрбір әрекеті таңдайымызды қақтырып, жағамызды ұстатып жүр.
– Өзімен сөйлесе аламыз ба?
– Сөйлесе алсаңыз, соныңыз дұрыс болар.
– Маймыл жылың құтты болсын, Толик!
– Айтқаның келмесін.
– Келсін де.
– Келсе, келе берсін.
– Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?
– Жасыратыны жоқ, әйелдің арқасы ғой.
– Жарайды, мұнда әкелген әйелдің арқасы ма, әкеңнің қалтасы ма, шаруамыз жоқ. Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент күнін қалай тойладың?
– Оған дұрыстап уақыт шығара алмадым. Себебі, ол кезде жаңа жылға қойылатын шыршаның қамымен жүргем.
– Жарайды, Қой жылы – сіз үшін той жылы болды ма?
– Әрине…
– Құлағымыз сізде?
– Маған құлағыңның керегі жоқ.
– Қалжыңбас екенсіз. Сонымен қалай тойлаттыңыз?
– Хандықтың 550 жылдығы деп 550 жұлдызбен суретке түстім.
– Барлығы Қазақстанның жұлдыздары ма?
– Құдайдың жұлдыздары. Сол суретімді инстаграмға қойып, жердегі жұлдыздардан 550 пікір жинадым. Көбісі «ақымақ» деп балағаттады.
– Сайлаубекке шаң жуытпай жүрген ол пақырлар саған неге шүйілді?
– Суретке жалаңаш түскем…
– Жындысыз ба?
– Жынды емеспін! Содан Жеңістің 70 жылдығына орай флешмоб өткізіп, 70 шалмен би биледім. Бұл жолы инстаграммнан 70 «лайк» жинадым.
– Қызық екен.
– Қызықтың көкесі, сол майданда әлгі 70-тің 30-ына алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келді. Бала-шағалары мені сотқа берді.
– Содан?
– Содан Ассамблеяның 20 жылдығына орай 20 мемлекеттің туын бетіме жапсырып, инстаграмға қойып едім, әлеуметтік желідегі әріптестерім тағы тілдеді. Себебі, бұл қадамым ұлттар ынтымағын насихаттаудың орнына, ұлттар арасында наразылық тудырыпты.
– Шығармайтыныңыз жоқ екен!
– Айтпақшы, ортақ валюта енгізуді де қазақстандықтар арасында бірінші болып мен қолдағам.
– Ойланбай от басыпсыз, табаныңыз күйген жоқ па, немесе бұл ісіңіз үшін жергілікті билік бетіңізден «сүйген» жоқ па?
– Сол, осы жасаған қадамдарым үшін Ата Заңның 20 жылдығына орай 20 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төледім. Әйелім ашуланып жындыханаға әкеліп тастады.
– Тоқтаңыз, қайдағы жындахана, мен білім басқармасына қоңырау шалып едім ғой…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button