Қоғам

Жылдағы дәстүрінен жаңылған жоқ

Өскеменде волейболдан әйелдер командалары арасында республика кубогы өтті. Жергілікті «Алтай» командасы финалда Керекудің «Ертіс-Қазхромымен» кездесті.

Бұл сынға әуелде сегіз команда түскен болатын. Солардың ішінде «Алтай-2» де бар еді. Жастарымыз топтық және 1/4 кезеңінде турнирдің негізгі фавориттері саналған «Жетісу», «Алтай» сынды ұжымдар болмаса, өзге қарсыластарынан басым түсіп отырды. Мәселен, тараздықтарды 25:14, 25:23, 25:17 есебімен үш ойында қатар ұтты.

Жүлделі орындарға «Алматы», «Жетісу», «Ертіс-Қазхром», «Алтай» командалары таласты.

Турнирдің аса қызғылықты кездесуі «Алматы» мен «Жетісудың» ойыны болғаны анық. Алатаудың баурайынан келген екі ұжым қола медаль үшін қолдан келгенше күш салды. Алғашқы екі ойында есеп 2:0 болды. Оңтүстік астананың қыздары жерлестерінен оп-оңай қара үзіп кетті. Жоғарыда айтқанымыздай, жарыстың фавориттерінің бірі саналған «Жетісу» өздеріне финалдың ойынын лайық көрді ме, үшінші орынның бұл кездесуін сылбыр бастады. Дегенмен қоланың да қолдан сусып бара жатқанын сезінген соң, жалма-жан «спорттық режимін» іске қосты. Кейінгі партияларда қарсыластарын 25:16, 25:18, 15:6 есебімен ойсырата жеңді.

Финалда «Алтай» мен «Ертіс-Қазхром» кездесті. Ақтық сынның екінші партиясы шешуші рөл атқарды десек қателеспейміз. Бірінші партияда алты ұпай айырмашылығымен алға шығып тұрып жеңіліп қалған қонақтар екіншіде «өліспей беріспейтінін» көрсетті. Табло 24:25; 25:26; 26:27 есебін көрсетіп, «Ертіс-Қазхром» қайта-қайта озып шыға берді. Десе де қатарынан екі ұпай алған жерлестеріміз таразының бір басын өздеріне қарай баса білді – 30:29, 31:29. Одан кейінгі партияны да павлодарлықтар ұшқырлықпен бастағанымен, ойынды негізінен «Алтайлықтар» өз қолдарында ұстады. Жалпы есеп – 3:0 (25:22; 31:29; 25:22).

Иә, Сана Анарқұлова бастаған жерлестеріміз жылдағы дәстүрінен биыл да жаңылған жоқ.

Айта кету керек, енді қазан айында суперкубок ойыны болады. Онда да жоғарыда аталған үздік төрт ұжым күш сынасып, Азия чемпионатының жолдамасын сарапқа салмақ.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button