Қоғам

Жылан жылының ерекшеліктері неде?

Біреулер сескене қарайтын, біреулер қасиет санайтын жыланға тиесілі жыл да босағамыздан аттады, міне. Шығыс күнтізбесі бойынша ағымдағы Жаңа жыл ақпан айының 10-ы күні кірсе, түркі тектес елдерде Наурыздың 21-інде бірақ келеді. Әрбір атқан таңнан жақсылық күтетін қазақтың баласы ретінде әлмисақтан келе жатқан әдетімізге бұрып осы жыл иесінің жағымды, жағымсыз қасиеттеріне ой жүгіртуді жөн көрдік. Онда да жұлдызға қарап жорамал жасайтын аузы дуалы астрологтардың айтқандарына сүйене отырып.

Жылан жылының ерекшеліктері неде?

Ұрпақ сүюге аса қолайлы мезгіл

Ұрпақ сүюді жылан жылына «жоспарлап» отырған ерлі-зайыптылар үшін аса қолайлы уақыт бұл. Шығыс күнтізбесіне жүгінетін халықтарда осы жылы дүниеге келген сәбилер өсе келе ақылды, сабырлы, өзіне сенімді әрі барлық істе жолы болғыш тұлға ретінде қалыптасады деген берік наным бар. Мамандардың айтуынша, бұлардың дені холерик темпераментіне жатады. Осы жылы жарық дүние есігін ашқандар өзінің кемелденген, ақыл-ойы толысқан шағына орда бұзар отыз жастан аса жетеді екен. Әр нәрсеге терең үңіліп қарау, атүстілікке, асығыстыққа жол бермеу, сабырлықты сақтау «жыландарға» тән қасиеттің бірі.

2013 жылы туылғандар үшін қызметте жоғарылау, кез келген кәсіпті ұршықша иіріп әкету түкке тұрмайды. Көп сөйлемеу, сөзден гөрі іске ұмтылу, бір шаруаны бастамас бұрын оның келешегін кесіп-пішіп алу да жылан белгісімен туылған жандардың мінезінде бар. Осы қасиеттері қызмет сатысымен жоғарылауда қиындық туғызбайды. Олардың ойлау қабілеті жақсы жұмыс істейді, талдау, таразылауға шебер және ең бастысы, сезім-түйсігі ешқашан алдамайды. Өмірде бақытқа қол жеткізудің, сәттілікке жолдас болудың жолдарын ерекше жетілген түйсігімен сезінеді. Сондықтан салиқалы да сабырлы, білімді де білікті ұрпақ сүйгісі келетін отбасыларға жылан жылының әр күні бақыт әкелетінін қайталап еске саламыз.

Отбасын құруда опық жеп жүрмеңіз

Жұлдызшылардың пікірінше, үй болып, отау құрудың да қолайлы һәм қолайсыз күндері болады екен. Жас шаңырақ иелерінің одақтасып өткізетін кейінгі өмірлерінің тәтті немесе ащы болуының бір себебі соған байланысты көрінеді. Ендеше 2013 жылы үйленуді мақсұт еткен жастарға қай күннің сәтті, қай күннің сәтсіз екенін жорамалшылар айтып берсін.

Астрологтардың айтуына қарағанда, барлық айдың сейсенбі мен бейсенбі күндері үйлену тойын жасамаған абзал. Сейсенбіні Марс басқаратындықтан соғысшыл, агрессивті болып келетін бұл ғаламшардың ықпалы ерлі-зайыптылардың болашақ тұрмыстағы қарым-қатынасына кері әсерін тигізбек. Ал Юпитер «иелік ететін» бейсенбіде отбасын құраған жұптардың арасында көшбасшылық үшін талас-тартыс туындайды екен. Дүйсенбі мамандардың болжамынша, бейтарап күн. Сондықтан жұптасқандарға қандай да бір әсері болады деу қиын.

2013 жылдағы бүкіл айлардың 9, 12, 15, 19, 20 және 29-ы күндері аспандағы айдың жаңаруына байланысты некелесуге қолайсыз деп есептейді жұлдызшылар. Сонымен бірге айдың тұтылуы кезінде отасқандар кейіннен бір-біріне көңілдері суып кететіндіктен мұндай шақта той тойламаған дұрыс.

Ал енді ақ босаға аттауға аса қолайлы уақыттарға келсек, жұлдыз жорамалшылардың көбісі жылан жылындағы он екі айдың 3, 6, 11, 13, 18 және 27-сі күндерін сәтті деп отыр. Соның ішінде әсіресе, қасиетті жұма мен жексенбінің орны бөлек. Айлардың ішінде ақпан, сәуір, тамыз, қыркүйек, қараша, желтоқсаннан асқан қолайлы мезгіл жоқ. Мәселен, ақпан айы жас жұбайлардың келешегіне даңғыл жол ашса, сәуірде үйленгендерді бақытты отбасылық өмір күтеді және ең негізгісі, дүниеге әкелетін ұрпақтарының дені сау болмақ. Сол сияқты тамыздың да тамашасы аз емес, ал қыркүйекте шаңырақ көтергендерді мол дәулет пен қуаныш күтеді.

Жағымды қасиеттері: амал-тәсілге шебер, ақылды, сезімтал, салмақты, төзімді, ұйымшыл, кез келген іске жоспарды жақсы құра біледі.
Жағымсыз қасиеттері: тым талапшыл, бұйрық беруді ұнатады, қызғаншақ, кейде жалқаулыққа да ерік беріп қояды, тұйық.
Мамандық: жылан жылы туылғандар табиғатынан актерлікке жақын, сол сияқты саясаткер немесе кеңесші, ұйымдастырушы болу да оң жамбасына келетін мамандықтар, кейбіреулері болашақты болжайтын көріпкелдік қасиеттен де кенде емес.
Тағдыр (сәттілік): бәрі өзі айтқандай болуын қалайды және соны орындау мақсатында бүкіл күш-жігерін жұмсайды. Өмірде келеңсіз жағдайларға, проблемаларға көп ұшырамайды. Нәзік жандыларға көп көңіл бөледі.
Қаржы: ақшаны маңдай терімен табуды құп көреді, өзінің артық қаражатын айналымға салып көбейтуді де жақсы біледі. Үлкен байлыққа өмірінің соңғы жылдарына қарай, яғни, қарттыққа қадам басқан шағында қол жеткізу мүмкіндігі зор.
Әлеуметтік өмір: көпшілігі түнгі уақытты ұнатады, жалғыз отырып ой тұңғиығына берілу жиі кездеседі «жыландарда».
Бизнес: шын пейілімен кіріссе, қолынан келетін іс. Мүмкіндікті көріп, сезе біледі және соны шама-шарқынша пайдалануға тырысады. Кез келген қиындықпен күресуге дайын.
Махаббат: табиғатынан талапшыл болғандықтан өзіне сай келетін өмірлік жұбын таңдауда көп ізденеді. Сезімге шектен тыс берілмеу, қалап алған адамына адал болу, сыйлай білу олардың басты ұстанымы.
Келешегі: егер қатаң талапшылдығын қойып, әр нәрсеге шынайы көзқараспен қарайтын болса дос-жарандарының қатары көбейіп, адамдармен қарым-қатынасы жақсара түспек. Қызметте, отбасылық өмірде бақытты, бақуатты ғұмыр кешу олардың өз қолында тұр.

Әзірлеген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button