Жыл соңына дейін тағы 30 кітап аударылады
Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жоғары оқу орындарында жүзеге асыру» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Бүгінге дейін аударылған 18 кітапты жастарға, көпшілік оқырмандарға таныстырып, талқылауға арналған мұндай жиын Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының бірыңғай күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Басқосуға «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық және саяси зерттеулер орталығының басшылары қатысып, пікірлерімен бөлісті.
Адами капиталды дамытуға айрықша көңіл бөліп отырған Елбасының бұл бастамасы студент жастарымыздың тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия сынды пәндерден әлемдік стандартқа сай, толыққанды білім алуына бағытталған. Жоба аясында қазірге дейін менеджмент, дінтану, кәсіпкерлік, экономика, психология салалары бойынша 18 кітап аударылды. Тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Сәрсенбаеваның айтуынша, жобада гуманитарлық ғылымдарға баса назар аударылған. Басылып шыққан алғашқы 18 кітап 10 мың данамен таралып отыр. Бестселлер кітаптармен еліміздегі барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары тегін қамтылады.
– Бұл оқулықтарды биылғы жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының студенттері білім бағдарламасында қолданатын болады. Ал кітаптарды оқуға ниетті кез келген оқырман үшін оқулықтардың электронды нұсқалары Ұлттық аударма бюросының сайтында жарияланады. Сондай-ақ эксклюзивті кітаптарды үздік лекторлардың ашық лекциясы түсірілген бейнефильм түрінде де тыңдауға болады. Елімізде қазір онлайн білім алу қарқын алып келеді. Қазіргі күні әлемнің дамыған елдерінде тіпті виртуалды университеттер де бар. Бұл орайда елімізде «Қазақстанның ашық университеті» ашылуы мүмкін. Әлемдік стандартқа сай жаңа оқулықтармен білім беру арқылы санасы жаңғырған, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелей аламыз, – дейді Гүлжан Әлібекқызы.
Аударылып баспадан шыққан кітаптардың авторлары – білім-ғылымы дамыған Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Ресейдің ғалымдары. Филология ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев университетінің кафедра меңгерушісі Гүлзада Байдрахманқызы айтып өткендей, қазір қазақ балалары үшін оқитын кітап жоқтың қасы. Сондықтан балалар үшін Агния Бартоның шығармалары да аударылатын болады.
Жалпы, жоба бойынша 800 кітапты аудару, сонымен қатар түпнұсқа кітаптардың авторларын елге шақырып, кездесу ұйымдастыру да жоспарланып отырған көрінеді. Биылғы жыл соңына дейін әлемге әйгілі тағы 30 кітап аударылмақшы.
Ғалымдар мен оқытушылардың басын қосқан жиын «әттеген-айсыз болмады. Әлемге әйгілі кітаптардың бұдан былай «қазақша сөйлейтіндігіне» марқайып, шын қуандық. Бірақ, бұл қуанышымыз жиын соңына қарай су сепкендей басылды. Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Элеонора Столярованың баяндамасын өз тілінде жасауына түсіністікпен қарадық. Ал өзге баяндамашылардың өз ана тіліне, мемлекеттік тілімізге немқұрайлы қарап, дөңгелек үстелге қатысушылар алдында барлығы бірдей орыс тілінде баяндама жасауы қынжылтты. Бұл олқылық келесі жиындарда ескерілер деген үміттеміз.
Айжанат Бақытқызы