Қоғам

Жыл соңына дейін облыста он Достық үйі ашылады

Жыл соңына дейін облыста он Достық үйі ашылады

Этноауылдағы басты орда – орталық киіз үйде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдің этномәдени бірлестері өкілдерімен кездесті. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдіру, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланған жиынға діни ұйым өкілдері, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары да қатысты.
Бұл басқосудың 18-сәуір күні Астанада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына орайлас ұйымдастырылып атап көрсеткен облыс басшысы елдегі тұрақтылықты нығайтып, ұлтаралық татулық идеологиясын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысында дүниеде болып жатқан жағдайларды ескеру қажеттігін жеткізді. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев жыл басынан бері атқарылған істердің маңыздыларына тоқталып, алдағы міндеттерді атады. Ұлттар татулығын ұран етуде әрқашан тың бастамалармен елді елең еткізіп келе жатқан Шығыс жұрты «Достық керуені» мен «Мәңгілік ел» акциясынан кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының брифингін елімізде бірінші болып өткізгенін еске салған ол Астанада өтетін сессияда осыдан екі ай бұрын бастау алған «Мәңгілік ел» акциясының қорытындысы шығарылатынын айтты. Ассамблея биыл Президент Жолдауын халыққа түсіндіру ісін ауылды жерлерден бастады. Облыстың шалғай ауылдарында өткен дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтердің негізгі тақырыбы осы Елбасы Жолдауына, «Мәңгілік ел» идеясына бағытталған. Аудандар арасында Глубокое және Зырян аудандары Жолдауды қолдау аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлген. Үш ай ішінде өткен шараларға жалпы жиыны 20157 адам тартылыпты.
Еркінбек Аязбаев Ассамблея жұмысы облысты түгел қамтып қана қоймай, көршілес елдермен байланысқа жетелеп отырғанын мәлім етті. «Алтай – ортақ үйіміз» акциясының ауқымы артып, ұлттық мерекелер халықаралық деңгейде өтіп жатуы соның дәлелі болса керек. Елбасы саясатын жалпыхалықтық қолдау арқылы жүзеге асыру қағидатын басты бағдар етіп ұстанған Ассамблея өкілдері «G-Global» тұғырнамасын насихаттауды қолға ала бастаған.
Бұдан кейін сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Люция Абдуллина аталмыш топтың Ассамблея жұмысына ғылыми әрі методикалық көмек көрсетіп келе жатқанын, «G-Global» тұғырнамасы арқылы әлемнің әр бұрышына шығу мүмкіндігі туып отырғанын баяндады.
Аймақ басшысы ғылыми-сараптамалық орталықтың жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Достық үйлерінің тәжірибесін облысқа тарату бойынша қандай жобаларды қолға алғанын сұрап, негізгі жұмыс осы бағытта өрбуі керектігін ескертті. Ал Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаевқа бұдан былай көшпелі отырыстар өткізу арқылы тәжірибе алмасу керектігін ескертті.
– Мәселен, сессияны неге Курчатов қаласында өткізбеске, Курчатов қаласының бүгінгі тіршілігімен танысу әркім үшін қызық деп ойлаймын. Ондағы халықтың тіршілігі қалай түзеліп келе жатқанын, татулықты қалай ту етіп ұстап отырғанын өзгелер де көруі тиіс. Соңғы жылдары Курчатовтың халқы өсіп келе жатыр, – деді облыс Әкімі.
Украина этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Нога құрылғанына 14 жыл болған ұйым өңірдегі ұлтаралық татулыққа айтарлықтай үлес қосқанын жеткізді. Әсіресе, бірлестіктің кескіндеме-қолданбалы өнер көрмесі облыстың бетке ұстар көрмелерінің біріне айналған. Облыста тұрып жатқан 7,5 мың украинның ешқайсысы қысым немесе кемсіту көрмегенін ризашылықпен жеткізген ол этноауылдағы украин үйі ұлт өкілдерінің рухани орталығына айналғанын атады.
Бұдан кейін сөз алған мәдени орталық өкілдері өздерінің қаржылық проблемалары мен ұсыныстарын айтып, жағымды жауап алды. Бұл кездесуге Татарстанның тұңғыш Президенті Минтемир Шаймиев Наурыз мерекесімен құттықтау хатын жолдапты.
Семейлік Гүлжихан қажы Жұматаева әр ұлт үшін бір ғана этномәдени бірлестік болуын қадағалау мәселесін көтерді. Бұл ұсынысты қолдаған өңір басшысы барлығы заң аясында, ешкімнің құқығын шектемей жүзеге асу керектігін атап көрсетті.
Кездесуді қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ұлтаралық татулық ұғымын жастардың санасына сіңіруде Ассамблеяның атқарар рөлі зор екенін атады.
– «Мәңгілік ел» идеясын жас ұрпақты санасына сіңіру – әрбір ата мен әженің, әке мен ананың, аға мен әпкенің міндеті. Тұрақсыздық етек алған елдердің қайсысын алсаңыз да, алаңда жүрген жастар екенін көруге болады. Ал жастардың жұмысы болса, әлеуметтік жағдайы қалыпты болса, ондай қауіптің беті аулақ болар еді. Сол үшін де бүгінгі девальвация жағдайында елдің тұрмысына салмақ түсірмеу мақсатында әртүрлі жәрдемақылар ойластырып жатырмыз. Көпбалалы отбасыларды қолдаудың жергілікті жобасын дайындамақпыз. Жер-жерде ашылған әлеуметтік нысандарды айтпағанның өзінде, ауылдар мен аудан орталықтарының келбеті қалай өзгеріп жатқанын көріп жүрсіздер. Осының бәрі елдің ертеңі үшін, тұрақтылық үшін жасалып жатыр, – дей келе, аймақ басшысы орынбасары Жақсылық Омарға жыл соңына дейін қалған 10 аудан мен қалада Достық үйлерін ашуды тапсырды. Елбасының Гаагадағы басқосуда жетекші мемлекет басшыларымен кездесуі біздің ел таңдаған бағытқа әлем халқы құрметпен қарайтынын аңғартатынын атаған облыс басшысы этноауылдағы әрбір ұлтқа арналған үйде жаз бойы үздіксіз шаралар өтіп, халықтың рухани азық алатын орны болу керектігін тапсырды. Биыл этноауылға келушілердің санын бір миллион адамға жеткізу межесі қойылып отыр. Ассамблеяның халықты бір шаңырақ астына ұйыстыруға қауқарлы бірден-бір күш екенін еске салған аймақ басшысы облыс бойынша екі ай бойы жүргізілетін сенбіліктерге жұртты жұмылдыруда да Ассамблея қызметі қажет екенін ескертті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button