Ауыл шаруашылығы

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҮШ КООПЕРАТИВ ҚҰРЫЛДЫ

ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҮШ КООПЕРАТИВ ҚҰРЫЛДЫ

Ағымдағы жыл басынан бері Бесқарағай ауданында үш ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Былтырдан бері жергілікті атқарушы билік өкілдері аудан тұрғындарына ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың тиімді тұстарын түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде өткен жылы Бесқарағай ауданындағы төрт ауылдық округте алты ауыл шаруашылығы кооперативІ құрылған. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдауды сезінген шаруа қожалықтарының басшылары кәсіптерін дамытып, бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары өнім өндіруге көшкен. Шағын шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, кооператив құру арқылы мемлекеттен техникаға, тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал өсіруге, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алатынын түсінген бесқарағайлықтар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше мән беріп отыр. Қазір аудандағы «Дулат», «Бестерек», «Сатаров К.», «Мукинов», «Лана», «Азамат» сияқты шаруа қожалықтары қазақтың ақбас тұқымды сиырларын өсірумен айналысады. Мысалы, былтыр ауданның мал өсірушілері 415 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алыпты. Жалпы, бүгінде Бесқарағай ауданындағы мұндай шаруашылықтар саны елуден асады, олардың қолында қазір 4,9 мың ірі қара мал мен 213 бас қазақтың тұқымы асыл ақбас бұқасы бар.

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша бесжылдық мерзімге әзірленген жаңа бағдарлама қабылданды. Оның негізгі басымдығы – ауылшаруашылық өндірісіндегі қомақты үлеске ие жеке шаруашылықтардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Өндіріс саласынан мыңдаған қосалқы шаруашылық тыс қалып отырғаны құпия емес. Бүгінгі таңда әлемдік аграрлық экономика мен демографияда жаңа тенденциялар қалыптасуда. Аймақта интеграциялық үрдістер даму үстінде. Отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін дайын өнімдерді шығаруға кеткен шығындардың 50 пайызын субсидиялау жүзеге асырылады, – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин.

Қазір Бесқарағайда 174 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Осы орайда, аудандағы 350 басқа арналған «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіру бойынша республикалық палата құрамына енгенін айта кеткен жөн.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button