Жыл аяғына дейін 103 елді мекеннің су қоры анықталады
Әлемдік сарапшылар келешекте судың қазіргі мұнайдан да қымбат ресурсқа айналатынын айтып дабыл қағуда. Осыған байланысты қолда бар байлықты үнеммен ұқсатып, болашаққа ысырапсыз табыстау үшін жерүсті және жерасты суларын қатаң тәртіппен пайдаланудың маңыздылығы артып отыр. Бұл істі табиғат пайдалануды реттеуші органдармен қатар өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті де жіті назарында ұстап келеді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаћандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындай беретінін баса айтты. Әлеуметтік міндеттеменің ішіне таза ауызсумен қамтамасыз ету де кіретіні белгілі. Аталған міндеттеме «Ақбұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана» бағдарламалары аясында орындалуда. Бүгінде тұщы суға зәру елді мекендерді су көздерімен қамтамасыз етуден бөлек, қолданыстағыларын жаңарту, судың халыққа таза күйінде жеткізілуі сынды мәселелер де үнемі бақылауда болғаны дұрыс. Бұл бағытта геологтар мен гидрогеологтардан да өз міндеттерін мүлтіксіз орындау талап етіледі. Табылған су көздерін жете зерттеу, су қорларын барлау, жерасты суын мониторингілеу, өздігінен төгілетін ұңғымаларды жою сынды көпшіліктің назарынан тыс жүргізілетін қыруар жұмысты облыс бойынша «Топаз» ЖЗК» және «Семейгидрогеология» компаниялары өңіраралық департамент тапсырысы негізінде атқарады.
Жалпы, халықты сумен қамту жобасының ең маңызды бөлігі тартылатын су қорын анықтау десек, қателеспеспіз. Өйткені, тартылатын су қорының мөлшерін, судың құрамы мен сапасын зерттеп алмай, жобаны бастау мүмкін емес. Өңір бойынша 2014 жылдан бері мемлекет бюджеті есебінен 103 елді мекенді сумен қамту мақсатында іздестіру-барлау жұмыстары орындалған. Солардың ішінде Бородулиха ауданының Новопокровка ауылы, Үржар ауданының Елтай ауылы, Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылы, Тарбағатай ауданының Асусай ауылы, Глубокое ауданының Белоусовка және Глубокое кенттері, Күршім ауданының Теректі ауылы сынды жылдар бойы су тапшылығынан таршылық көріп келген ауылдар да бар.
-Жыл аяғына дейін аталған 103 елді мекен бойынша су пайдалану қорлары бекітілмек. Бұл өңірдің ауызсумен қамтылу көрсеткішін біршама жақсартатыны анық, – дейді департамент басшысы Серік Келаманов.
Бұған қоса өткен жылдан бері 83 елді мекенге сумен қамту көздерін геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Ал Жарма ауданындағы Қалбатау ауылының, Глубокое ауданындағы Алтай кентінің, Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылының су кендерін пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты жерасты су қорын қайта бағалау қажеттігі туындап отыр.
Есімжан Нақтыбайұлы