Қоғам

Жүйелі жұмыс болмаса, іс ілгері баспайды

Жүйелі жұмыс  болмаса, іс ілгері баспайды

Облыс орталығы «ақылды қалаға» айналуы керек. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қала әкімі Темірбек Қасымжановтың өткен жылды қорытындылаған есептік кездесуінде айтты. Жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов қатысты.
Қала әкімі өткен жылдың Өскемен үшін оңай болмағанын атады. Экономикасының негізін түсті металлургия мен машинажасау саласы құрайтын облыс орталығы үшін дағдарыстың әсері елеулі болған.
-Еліміздің сыртындағы экономикалық қиындықтар мен саяси тұрақсыздықтар қала экономикасының үдеуін бәсеңдетті. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі – 88 пайызға, ауылшаруашылық өнімі – 93 пайызға, капитал түсімі – 84 пайызға, бөлшек тауар айналымының көлемі – 100 пайызға тұрақтады, – деді шаћар басшысы.
Соған қарамастан өңіріміздің бас қаласы өткен жылдың басында меже етіп алынған міндеттерді толықтай орындаған. Дамудың ішкі көздерін іздестірудің нәтижесінде, «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында салық түсімі 107 пайызға орындалды. Ал шағын және орта бизнес нысандарының белсенділігі салыстырмалы кезеңнен кемімеген.
Өнеркәсіп өнімі айтарлықтай азайған кәсіпорындардың ішінде «Азия Авто» және «Востокмашзавод» АҚ-ның үлесі басым. Қала басшысының айтуынша, ағымдағы жылы «Қазцинк» ЖШС өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Осының арқасында өнеркәсіп өнімінің көлемі де қалыпқа түседі. Атап айтқанда, қорғасынды – 62 пайызға, мысты 45 пайызға көп өндірмек. Ал негізгі капиталға қосылар инвестиция көлемі 2016 жылы «Азия Авто», «Kazakhstan Solar Silikon», «ШҚ РЭК», «ТМК» сынды кәсіпорындардың инвестициялық жобалары есебінен ұлғаяды деп күтілуде. Қаладағы азық-түлік бағасын реттеуде тұрақтандыру қоры тиімді жұмыс істеп тұрғанын айтқан Темірбек Қасымжанов Аблакетка тұрғын ауданына жылу желісі тартылып жатқанын оң өзгеріс ретінде атады.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы тұрғын үй құрылысының жоспарын қайта қарастырдық. Ертістің сол жағалауындағы әлеуметтік нысандарға жапсарлас тұрғын үйлер бой көтеретін болады. Қазіргі таңда қала бойынша 45 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін солардың 22-сін қолданысқа береміз. Өткен жыл өскемендіктердің есінде қаланың жаңа келбетке енген жылы ретінде есте қалды. Орталық алаң мен Славский атындағы жағалау, Гагарин желекжолы адам танымастай өзгерді.
Қала аумағында 24 жаңа архитектуралық нысан пайда болды, – деді қала әкімі.
Әкім баяндамасынан кейін қаладағы ірі кәсіпорын басшылары мен қоғамдық ұйымдардың, әлеуметтік мекемелердің өкілдері шаћар басшылығының жұмысына баға беріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Қаладағы жол жүру белгілерінің тым көптігі, олардың әрқайсының артында жол сақшысының тығылып тұратыны, шағын отбасылар жатақханасы типіндегі тоғызқабатты үйлердің лифт мәселесі, сауда орындарының санитарлық тазалығы, медициналық қызмет сапасы, жазғы маусымдағы шомылу орындарының жайсыздығы, №19 шағын ауданның қоғамдық көлік қатынасы сынға алынды. Қала басшысы өз кезегінде айтылған сын-ескертпелердің барлығы есепке алынғанын, мүмкіндігінше рет-ретімен шешілетінін жеткізді. Мәселен, көшелердегі жабайы сауданы тыю үшін Меновное ауылының аумағында толайым сауда базарын салу жопарланған.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қала басшысының есебі нақты жағдаймен қаншалықты қабысатынына назар аударды.
-Сіздің есебіңіз бен сөз алғандардың айтқанына қарасақ, бәрі ойдағыдай сияқты. Кемшін түскен көрсеткіштердің бәрі жекелеген кәсіпорындарға тиесілі секілді. Мысалы, өнеркәсіп өнімінің көлемі 94 млрд теңгеге төмендеген болса, соның 86 млрд. теңгесі «Азия Авто» өніміне сұраныстың төмендеуінен қысқарған. Оған қала әкімшілігінің қатысы қанша деулеріңіз мүмкін. Өз аумағындағы кәсіпорындардың түйткілдерін шешу – қала басшылығының негізгі міндеттерінің бірі. Арнайы комиссиялар құрып, дағдарыстан шығатын жол табу керек еді. Өскемен әкімдігі осы бағытта не тындырып жатыр? Қалалық мәслихат депутаттары да, әкімдік өкілдері де бұған бас ауыртып отырған жоқ, – деді аймақ басшысы.
«Барлық кемшілікті бюджет тапшылығына ысырып қана қоюдың қажеті жоқ» екенін айтқан облыс басшысы әкімдік жұмысының тиімсіздігінен өңір орталығының көптеген көрсеткіштер бойынша аймақ көшбасшысы рөлінен айырылып қалғанын сынға алды.
– Негізгі капиталға инвестиция тарту және жекеменшікпен серіктестік орнату ісінде өңірдің өзге қалаларына үлгі болуларыңыз керек еді. Өткен жылдың соңында Семей қаласы 11 млрд. теңгенің инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жеткізді. Ал Өскемен бұл көрсеткіш бойынша жылды «нөлмен» аяқтады. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Еуропа даму және қайта құру банкі сияқты алпауыттардың меморандум жүргізу тәсілін зерделеп, сауатты әріптестік орната білу қажет. Көшбасшылық әлеуеттеріңізді бұдан басқа салада да игере алмай келесіздер. Былтыр облыс бойынша 28 балабақша қолданысқа берілсе, соның 11-і Семейде, үшеуі Риддерде, үшеуі Өскеменде ашылыпты. Бұл істе жекеменшік серіктестіктің әлеуетін пайдалану тиімді, – деген өңір басшысы қаланың индустриялық даму әлеуеті де әлсіз пайдаланылып жатқанын атады. Өткен жылы өңірлік картаға енген алты бірдей индустриялық жобаның ешбірі өнім бермеген.
Кез келген жоба көз алдау үшін емес, жүзеге асыру үшін жоспарланатынын ескерткен аймақ басшысы жұмысқа адал ниет болмаса, іс алға баспайтынын қадап айтты.
Өткен жылы ұлттық қордан бір млрд. теңгеден астам қаржы тұрғын үй құрылысына бөлінгенімен, тиімді игерілмей, мерзімінен кешіктірілген. Осы орайда облыс әкімі наурыз айында ел бюджетіне қайтарылуы тиіс 800 млн теңгенің есебін сұрады.
Жаңадан бой көтерген №19 шағын ауданға қатысты келеңсіздіктерге тоқталған аймақ басшысы әкімдік жұмысының жүйесіздігіне қынжылыс білдірді.
– Өткен жылы аталған ауданның инфрақұрылымын реттеуге бюджеттен 342 млн теңге бөлінген болатын. Көп өтпей жерасты суы көлденең кедергі болып шыға келді. Түптеп қарайтын болсақ, жобалау кезінде, сараптама жүргізгенде барлық кедергілер анықталуы керек болған, – деген облыс әкімі облыс орталығын «ақылды қала» санатына қосу бойынша бастамаларды қолға алуды жүктеді.
– Аталған жағымсыз жайттардың бәріне тек қала әкімі кінәлі деуден аулақпын. Мұның барлығы бүкіл атқарушы құрам болып іске асыратын шаруалар. Қала басшылығы тарапынан тың бастамалар болуы керек. Мәселен, Өскеменді «ақылды қалаға» айналдырудың жоқ дегенде алғашқы шарттарын ұйымдастыру қажет. Мен де Өскеменнің өркендеп, сәулеттене түскенін қалаймын. Жастардың спортпен айналыса жүріп, интернетке шығуына мүмкіндік жасалғанын қалаймын. Ол үшін атқарушы билік түгел құраммен еңбектенуі қажет. Аялдамалардың Wi-Fi желісімен қамтылуы, көлік тоқтауға ыңғайлы болуы да ескерілуі керек, – деді аймақ басшысы. Ал қаланың санитарлық тазалығын әрбір қала тұрғыны өздерінен бастауы керек. Қаладағы медицина мамандарының тапшылығын шешу де қала әкімінің ағымдағы жылы тындырар міндетіне енді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button