Қоғам

Жүзден жүйрік шыққандар марапатталды

Жыл қорытындысын жасаған облыстық кітапхана үздік оқырмандарын марапаттап, байқауда жүзден жүйрік шыққандарға сыйлықтар табыстады. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен екі бірдей байқаудың нәтижесі шығып, үздіктер анықталды.

Биылғы Балалар және Балалар әдебиеті жылына арналған «Ертегі – ғажайыптар әлемі» облыстық байқауы мен дәстүрлі «Кітап оқу көшбасшылары – 2022» марафонының қорытынды шарасы өтті. Байқауға барлығы 100-ге жуық жұмыс келіп түскен. Олардың шығармашылық жұмыстары кітапхананың балаларға арналған detki.pushkinlibrary.kz сайтына жүктеліп, оқырман назарына ұсынылған.

– Байқау балалардың жас ерекшеліктеріне қарай және тіліне қарай өтті. Орыс және қазақ тілді оқушылар жеке-жеке бағаланды. Нақтырақ айтқанда 6-11 жас, 12-15 жас, 16-18 жас аралықтары бойынша бағаланды. Биыл Балалар жылы болғандықтан жас оқырмандарға көбірек көңіл бөлінді. Нәтижесінде байқауға 100-ден астам бала қатысып, өз шығармашылықтарын ұсынды, – дейді кітапханашы Жансая Ашкенова.

Байқауда бақ сынағандар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Менің ертегі әлемім» номинациясы бойынша 6-11 жас аралығындағы 1-орынды Глубокое ауданы Д.Қонаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы Ералы Пазылбекұлы жеңіп алды. Ал 2-орынды Өскемен қаласы №35 орта мектебінің 4-ші «кадет» сыныбының оқушысы Фарид Қыдырмолдин еншіледі. Байқаудың 3-орнын облыстық мамандандырылған IT-мектеп-лицейінің оқушысы Медина Азаматқызы иеленді.

Осы жас аралығындағы орыстілді оқушылардың арасынан 1-орынды Ұлан ауданы Қайсенов ауылы «Риторика» балалар шығармашылық үйірмесінің мүшесі Ева Линкер жеңіп алса, 2-орынды Ұлан ауданы, Айыртау ауылына қарасты Гагарин атындағы орта мектебінің оқушысы Санжар Кадыров еншіледі. 3-орынды «Риторика» үйірмесінің тағы бір мүшесі Артем Мишакин иеленді.

Ал 12-15 жас санаты бойынша 1-орынды Ұлан ауданы, Айыртау ауылы, Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Отанбек Қуанғанұлы иеленсе, 2-орынды осы мектептің тағы бір оқушысы Бекзат Қуаныш еншіледі. 3-орынды Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылдық мектебінің оқушылары Инабат Дайырбекқызы мен Айша Жұмағалиева алды.

Сонымен қатар «Аударма әлемі» номинациясы бойынша 6-11 жас аралығындағы оқушылардан топ жарып, 1-орынды Өскемен қаласы №10 орта мектебінің 1-сынып оқушысы Руслан Асылбеков жеңіп алды. 2-орынды Айыртау ауылы, Гагарин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Айым Қадырова еншілесе, үшінші орынға осы мектептің 3-сынып оқушысы Әли Әділғали ие болды.

Аталған номинацияның 12-15 жас аралығындағы жеңімпаздары да анықталды. Олардың арасынан озық шыққан Гагарин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Ерали Құсайынов 1-орынға ие болса, осы мектептің 7-сынып оқушысы Кәусар Мейремғалиева 2-орынға табан тіреді. Ал 16-18 жас аралығындағы оқушылардың ішінде оза шапқан Шемонайха ауданы, Усть-Таловка ауылдық мектебінің оқушысы Саида Матаева 1-орынды иеленсе, Гагарин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жібек Қуаныш 2-орынды еншіледі.

Сайыстың келесі номинациясы «Суреттер сөйлейді» деп аталды. Оған қатысқан 6-11 жасар оқушылар арасынан өскемендік оқушы Вероника Сионина 1-орынды, Бобровка ауылынан қатысқан Дарья Вебер 2-орынды, Ұлан ауданы, Айыртау ауылынан қатысқан Айару Қайратқызы 3-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар 12-15 жас бойынша 1-орынды Ұлан ауданы, Айыртау ауылының оқушысы Кәусар Мейремғалиева жеңіп алды.

Кітапхана ұжымы осымен алтыншы рет ұйымдастырып отырған «Кітап оқу көшбасшысы» атты байқаудың 6-11 жас аралығындағы жеңімпаздары да марапатталды. Кітап оқудан шеберлік көрсеткен Өскеменнің №35 орта мектебінің оқушысы Аида Аманжолова мен Математика, физика, информатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Анастасия Литвиненко  марапатталды. Сондай-ақ 12-17 жас аралығы бойынша Саратовка ауылының Ахметов атындағы мектебінің оқушысы Ділназ Серікбаева мен Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің оқушысы Ксения Вальтер марапатталды.

Облыстық кітапханамен ынтымақтастығы және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Өскемендегі №24 орта мектептің мұғалімі Меруерт Төлеуханқызы «Ең белсенді ұстаз – 2022», Математика, физика, информатика саласында дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің кітапханашысы Маргарита Дорошенко «Ең белсенді кітапханашы – 2022» номинацияларына ие болды. Ал жыл көлемінде бүкіл отбасымен кітап оқуда белсенділік танытқан отбасы ретінде Ариповтар марапатталды.

Осылайша жылды қорытындылаған кітапхана ұжымы оқырмандарын марапаттап, табыс тіледі.

 Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button