Кедергісіз келешек

Жүзден астам балаға көмектесті

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Зайсан ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті соңғы төрт жылда жүзден астам баланың түрлі кемістіктерін толық түзеткен.

Бұл туралы аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жазылған. Жұмыс істеп келе жатқанына 19-шы жылдың жүзі болған мекемеде бүгінгі күні түзету көмегін алып жатқан балалардың саны 119 бүлдіршінді құраса, олардың  31-і ауыл-аймақтардан қатынайды. Мекеме басшысы Толқын Уалынованың хабарлауынша, мұнда түрлі санаттағы балалар көмек алатын көрінеді. Яғни аяқ-қолы сал, тіл мүкістігі, ақыл-ой кемістігі бар және аутизм дерті анықталған балалар да осы жерде түзеу көмегіне жүгінген.

– Бүгінгі күні ерекше білімді қажет ететін балаларға барлық бағдарламалар арқылы заң аясында қолдау көрсетіліп жатыр, – дейді Толқын Уалынова. – Ұжымымызда жұмыс істейтін 15 адамның бесеуі дефектологиялық бағытта базалық білімдері бар мамандар. Олардың ішінде педагог-психолог, педагог-логопед, емдік денешынықтыру нұсқаушысы мен дефектолог мұғалімдер бар.

Түзету сабақтары екі ауысымда өтетінін алға тартқан мекеме басшысы күніне қырыққа жуық баланы оқумен қамтып отырғанын жеткізді. Осылайша, бес күндік жұмыс күні кестесімен жалпы саны 119 баланы түзеу сабақтарымен қамтыған.  Жұмыс жоспарына сәйкес бір баланың аптасына екі мәрте сабақ алуы қажет екенін айтқан Толқын Уалынова қазіргі уақытта жоспарға сай жұмыстың жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Былтырдан бастап біздің мекемеге тіркелу портал арқылы жүзеге асырылып келеді. Порталда тіркелу үшін балаға психологиялық-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алу керек. Осы қорытынды негізінде порталға кезекке қойып, кезегі келгенде мекемеге сабаққа алынады, – дейді Толқын Уалынова.

Бүгінгі күні аталмыш порталда жиырмадан астам баланың кезекте тұрғанын атаған ол ақпан айының соңына дейін кезекте тұрған бүлдіршіндердің барлығын оқумен қамтуды жоспарлап отырғандарын айтты. Тағы бір айта кетерлік жайт, Зайсан ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті соңғы төрт жылда жүзге таяу баланың түрлі кемістіктерін толық түзетіп, кабинет есебінен шығарған.

– Бізге келетін балалардың көпшілігі – мектеп жасына дейінгі, яғни, үштен алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Олардың басым бөлігі – тіл кемістіктері болғандықтан әлі мектепке бармаған балабақша жасындағы және мектеп жасындағы бүлдіршіндер. Мектеп жасындағы балалар түске дейін сабаққа барса, түстен кейін бізден көмек алады. Ал балабақшадағы балаларға біз анықтама жазып береміз. Осы анықтама негізінде кестеге сай бізге келген соң ары қарай балабақшада тәрбиесін алуды жалғастыра береді, – деп қосты Толқын Уалынова.

Бүгінде балаларының түрлі кемістіктері түзеліп, қатарға қосылған ата-аналардың алғысына бөленген мекеме осылайша өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

 

Осы айдарда

Back to top button