Нарық

ЖҮЙКЕНІ ДЕ, ҚАЛТАНЫ ДА ЖҰҚАРТТЫ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылдың соңғы тоқсанында  облыста халықтың жан басына шаққандағы шығын орта есеппен 306 542 теңге болды.

Ал тұтынушылық шығын 280 356 теңге көлемінде, тұрғындар оның 52 пайызын тамаққа,  24 пайызын азық-түліктік емес тауарлар сатып алуға, 14 пайызын ақылы қызметтерге жұмсаған.

Шығысқазақстандықтар  ет және ет өнімдерін сатып алуға (халықтың жан басына шаққанда) тоқсанына 40 000 теңге, нан және нан өнімдерін, жарма түрлерін сатып алуға  21 000 теңге, жұмыртқа және сүт өнімдеріне 21 000 теңге, балық және теңіз өнімдерін тұтынуға шамамен 8 500 теңге жұмсаған.

Иә, халықтың шығынының тең жартысынан астамы ай сайын, апта сайын қымбаттап жатқан тамағына жұмсалып жатыр. Отбасындағы үлкендерді қойып, балаларды дамытуға, демалдыруға, ертеңі үшін түрлі үйірмелерге беріп, білімін шыңдауға, ересек адамдардың денсаулығын түзеуге, тісін емдетуге тапқан табыс жетпей, қымбатшылық  жұрттың жүйкесін де, қалтасын да жұқартты. Дамыған, бақуатты елдердің халқы тапқан табысының  15-20 пайызын, әрі кетсе 30 пайызын ғана тамаққа жұмсап, қалғанын  өркениетті өмір сүруге, тұрмыс кешуге бағыттап, игіліктеріне пайдаланып жатыр.

Индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік баcқармасының басшысы Елдос Байрахметовтің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтқанындай, 2021 жылдың шілдесінде облыста азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылайтын арнайы комиссия құрылған. Содан бері комиссия 51 отырыс (биыл 15 отырыс) өткізген екен. Алайда басқарма басшысы сол отырыстардың қорытындысын, нәтижесін білу мақсатында   қойылған сауалға жауап бермеді.

«Өнім дүкен сөрелеріне жеткенше бағаның бірнеше сатысынан өтетіні жасырын емес. Сондықтан жеткізу тізбегінен делдалдарды жою, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін логистиканы жолға қою аса маңызды» деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы өңірлік комиссияларға алыпсатарлықты, сөз байласуды жою және заңсыз сауда белгілерін анықтау бағытындағы жұмысты жандандыру туралы тапсырған болатын. Олардың отырыстары, жұмыстары өңірде үсті-үстіне қымбаттап жатқан азық-түлік бағасын ауыздықтауға қаншалықты селбесіп жатқаны белгісіз.

Қыстан бастап қымбаттап жатқан көп өнімнің бірі  пияз. Бүгінде Қазақстанда және Азия аумағында пияз мәселесі өткір тұр. Өскемендегі базарларда пияздың келісі қазір 300 теңгеден сатылып жатыр. Өңірлік тұрақтандыру қорының дүңгіршектерінде 110 теңгеден. Бірақ қордағы пияздың таусылатын кезі таяп қалды. Пияз экспорттаудағы көшбасшы ел Пәкістандағы су тасқынынан бұл көкөніс қаңтардан бастап қат дүниеге айналып, құны көкке шарықтады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда бағасы 62,4 пайызға өскен. Жыл басында Үкімет отандық көкөністі сыртқа шығаруға мораторий жариялады.  Сауда және интеграция министрінің  айтуынша, пиязға қатысты жағдай сәуір айында жақсарады. Сәуірден бастап Пәкістан, Өзбекстан мен Тәжікстан Қазақстанға пияз жеткізбек.

Екі-үш күннен бері отандық сарапшылар енді елімізде ет бағасы да 20-30 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін екенін айтып жатыр. Себебі, бұдан былай Қазақстан бір жыл бойы Бразилиядан ет сатып алмайтын болған. Бұрын бұл елден Қазақстан мұздатылған сиыр етін едәуір арзанға импорттап келген көрінеді. Халал еттің әлемдегі ең ірі өндірушісі болып саналатын Бразилиядағы ірі қара малынан губка тәрізді энцефалопатия ауруы шыққанынан байланысты ол жақтың етін әкелуге тыйым салынған.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button