Қоғам

Жұртшылықты жұдырықтай жұмылуға шақырды

Мұхтар Төлеген,

Amanat партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы,      С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры

Біздің Amanat партиясы алда өтетін сайлауда президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан ұсынып отыр.

Менің пайымымша, межеленген жоспарларды жылдамдата іске асыруға және таңдалған дұрыс жолдан жаңылмауға бағдар бола алатын бірден-бір лайық тұлға – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сондықтан партиямыз барлық ел азаматтарын Президентіміздің халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды мақсат еткен ауқымды реформаларын жүзеге асыру жолында күш пен жігерді жұмылдыруға шақырады.

Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі бүкіл партия мүшелері Мемлекет басшысының саясаты мен ұстанған бағыт-бағдарын жан-жақты қолдайтындықтарын жеткізіп жүр. Оның ішінде Amanat жастар қанатының өкілдері де бар, олар да өз тараптарынан Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде ұсынды. Олар Мемлекет басшысының реформаларын бірлесе жүзеге асыруға, сайлауға міндетті түрде қатысып, барынша белсенділік танытуға сақадай-сай.

Партияның жуырда ғана бекітілген жаңа саяси платформасы ең алдымен елдің әл-ауқатын арттыруды көздейді. Сонымен бірге, басымдықтың білім мен ғылымға берілгені құптарлық. Бұл салаларды өркендету, қаржыландыруды күшейту ел болашағы үшін маңызды. Білімді ұлттың ғана келешегі жарқын болмақ.

Бүркіт Сұлтанов,

«Ақ жол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары

Астанада өткен Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халықтық коалиция форумына «Ақ жол» партиясының өкілдері де белсенді қатысты.

Екі мыңнан астам адам қатысқан келелі басқосуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі, сондай-ақ іргелі саяси партиялардың, 20-дан астам республикалық қоғамдық ұйымдардың мүшелері жиналды.

Сайлау науқаны бастала салысымен бірден бірнеше республикалық қоғамдық бірлестік және негізгі саяси партиялар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ел президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы шешімдерін қабылдады. Менің ойымша, түрлі саяси күштердің мұндай ауызбіршілігі біздің қоғамның мүлдем жаңа деңгейде шоғырлана түскенін көрсетеді.

Геосаяси жағдай күрделеніп тұрған қазіргідей кезде бізге елді сынақтардан сүріндірмей алып шығатын көшбасшы керек. Осы тұрғыдан көпшілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап, сенім білдіріп отыр. Халықтық коалицияның ұсынысын ел ертеңіне қажет ең ұтымды шешім деп ойлаймын.

Алдағы сайлаудың халық бірлігін нығайтып, мемлекеттің одан әрі дамуына мол мүмкіндік берері анық. Сондай-ақ жақын арада жария етілетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында қордаланып қалған көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің нақты шешілу жолдары айтылады деп сенемін.

Анжела Горностаева,

Халық партиясы облыстық филиалының төрайымы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын алдағы президент сайлауында қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында «халықтықтар» өз пікірін білдірді.

Оның қарсаңында өткен Халық партиясының кезектен тыс съезінде барлық өңірлерден делегаттар президенттік сайлау науқанына қатысты мәселелерді талқылады. Менің пікірімше, қазіргі жалпы әлемдік дүрбелең кезеңінде Қазақстан Орталық Азиядағы бірден-бір тұрақты «қауіпсіздік аралы» болып қалуда. Ендігі біздің баршамыздың міндетіміз – осы тұрақтылықты сақтау, одан әрі нығайта түсу. Биыл өткен жалпыұлттық референдум Жаңа, Әділ Қазақстанның берік конституциялық негізін қалап берді. Ал алда өтетін сайлаулар арқылы мемлекеттік басқару жүйесін өзгертудің үрдісі толық аяқталатын болады.

Халық партиясының саяси платформасы мен сайлауалды бағдарламасы Мемлекет басшысының ұстанған теңгерімді саясатымен және жоспарларымен толық сәйкес келеді. Сондықтан біз алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдап отырмыз! Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумына қатысқан партиямыздың басшылығы да осы ойды көпшілікке жеткізді.

Партиямыздың жетекшісі айтқандай, өз ішімізден президенттікке лайық кандидаттар баршылық. Десек те, дәл қазіргідей саяси жағдайда Тоқаевтың ұстанған бағдары бізге ұнайды, халық мүддесін басты орынға қоятын осы бағытты еліміз үшін барынша тиімді деп санаймыз.

Осы айдарда

Back to top button