Қоғам

Журналистеріміз үшін де жемісті болды

Журналистеріміз үшін де жемісті болды


2018 жыл біздің «дидарлық» журналистер үшін де аса табысты жыл болды. Биыл бірнеше журналисіміз республикалық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарып, жүлдегер атанды. Әріптестерімізге келер жылы да шығармашылық толағай табыстар тілейміз.

Мұратхан Кенжеханұлы. «Рухани жаңғыру» аталымы бойынша үздік мақалалар топтамасы үшін облыс әкімі сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ биыл «Қоңыр қалжың» атты тұңғыш кітабын шығарып, оның тұсаукесері Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада өтті.

Жанаргүл Мұқатай. Экономикалық тақырыптарға жазған мақалалар топтамасы үшін үздік деп танылып, облыс әкімінің сыйлығын иеленді. Сонымен бірге сарбаздар өмірінен жазған жарияланымдары үшін Ұлттық Ұланның мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, өз арамызда редакция алқасының шешімімен ұжымдағы үздік тілші атанды.

Айна Ескенқызы. Өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Халықаралық әйелдер күнінде облыс басшылығының Алғыс хатымен марапатталды.
Мейрамтай Иманғали. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына арналған «Жаңа заманның жаңғырған мектебі» атты республикалық байқаудың лауреаты.

Айжанат Бақытқызы. Астана күні мерекесі қарсаңында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсының «Үздік мақала» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Лаура Тілеубайқызы. 2018 жылы қала өмірінен жариялаған мақалалары үшін Өскемен қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Нұржан Кенжеұлы. Өңірдің спорт саласын дамытуға қосқан белсенді ақпараттық қолдауы үшін облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының грамотасын алды.

Дәурен Аллабергенұлы. Журналистің еңбегі облыс әкімінің, облыстық сот төрағасының, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және Өскемен қалалық полиция басқармасының Алғыс хатымен аталып өтті.

Ержан Әбіш. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорының Алғыс хатымен және журналистер күні қарсаңында Қазақстан халықтық коммунистік партиясының мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Мерей Қайнарұлы. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған республикалық карикатурашылар байқауында екінші орынды иеленді. Семей қаласында Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы фотосуретшілер объективінде» атты облыстық көркем фотосурет көрмесінде «Менің замандасым» аталымында І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінен «Фотография негіздері» атты, кәсіби біліктілікті арттыру курсын бітіріп, сертификат алды. Ең бастысы, облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Киелі Шығыс» атты өзінің жеке фотокөрмесін өткізді.

Тілеубек Шаяхмет. 2018 жылы өңір журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін «Объективтегі өмір» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облыс әкімінің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінен «Фотография негіздері» атты кәсіби біліктілікті арттыру курсын бітіріп, сертификат алды. Сонымен бірге Қазақстан Журналистер одағы ұйымдастырған қазақ халқына танымал фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы арнайы жүлденің иегері атанды.

Бұдан бөлек, 2018 жылы «Астана әлем фотографтары көзімен» атты ІІ Халықаралық «PHOTOfest.KZ» фотофестиваліне қатысып, «Өскелең ұрпақ көзқарасы» номинациясы бойынша сертификатпен марапатталды. Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы фотосуретшілер объективінде» атты облыстық көркем фотосурет көрмесінде «Сүйікті қала» аталымында І орын және «Туған жер» аталымында ІІ орын иегері атанды.

Оразай Жеңісұлы. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалінде жас әріптесіміз Таңжарық Жолдыұлы атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Елорданың 20 жылдығына арналған жас ақындардың республикалық мүшәйрасында Астананың құрдасы екінші орынды жеңіп алды. Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына орай өткен облыстық жыр бәйгесінің бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар қаламгер Ерғазы Рахимов атындағы республикалық ақындар мүшәйрасында екінші орынды қанжығалады.

Тасқын Болатұлы. Астана қаласының 20 жылдығына арналып өткізілген жас ақындардың поэтикалық дуэлінде бірінші орынды жеңіп алды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button