Журналистер жан алысып, жан берісті
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай облыстағы БАҚ өкілдері арасында спорттың екі түрінен жарыстар өтті. Жарыстың алғашқы күні волейболға арналса да, екінші күні өткен шағын футболға алдымен тоқталмақпыз. Мұнымызға нәзік жанның доп тебуі мен жан алысып, жан беріскен бәсі жоғары ойын себеп.
Біз жоғарыда айтқан тоқталуға тиіс ойынымызды баяндайық. Ол жарыстың екінші кездесуі болатын. Алаңда – «Шығыс Ақпарат» ЖШС командасы мен Көкпекті аудандық газетінің командасы. Шығыс Ақпарат командасы елуді еңсеріп-ақ тастаған екі ойыншы мен бір бикешке қарамастан голды голмен тойтарып, майдандасып жатыр. Әсіресе, футболшы бикеш, «Раудный Алтай» газетінің тілшісі Лена Пашке андағайлап ұмтылғанда «Апыр-ай!» деп алаңдаған, «Ойпыр-ай!» деп сүйінген дауыстар жиілей берді. Ал ол қарсылас қақпасына доп соққанда алаң жиегіндегі қауым бір сәтке дем тартып, аңтарылып қалған еді. Айтпақшы, ойын «Восток» футбол стадионының шағын алаңында өтуде.
– Спортпен 10 жылдан астам уақыт шұғылданып келемін. Жеңіл атлетикадан спорт шеберімін. 90 минуттық үлкен футболда да жүгіруге бармын, – дегені Лена Пашкенің сөзінен кейін ғана күдік-күмәннан ада-күде арылдық.
Ойынның екінші бөлігі де тартысты өтіп жатты. Дей тұрғанмен, сапында егде ойыншылардың болғаны ештеңе емес-ау, екі ойын қатар ойнаған ұжым шаршаған секілді. Соңғы секундтарда үш бірдей шабуылшыға жалғыз қорғаушы қарсы қалып қойды. Жан дәрмен допқа ұмтылған қорғаушы мен қақпашы сермеген аяқтар қақтығысып, екеуі де омақаса құлады. Қиын әрине… Ауыздық шайнасып қатар келе жатқанда бір команданың екі ойыншысы қақтығысып қалды. Қақпашы ет қызуымен бе, болмаса өз борышын сезінді ме екен қайта тұрып жүгіріп еді, әлгі «үшеу» ала допты тоғытар жеріне тоғытып үлгерді.
Футболды жалғастырғысы келсе де дегеніне жетпеген ойыншының қал-жағдайын сұрастырып білген едік. «Қалым жақсарды. Медицина қызметкерлеріне алғыс! Алғыс!» – дейді аяғы таңылып, аптығы басылған, «Дидар» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы.
Финалда Көкпекті аудандық газетінің тілшілері облыстық денешынықтыру және спорт басқармасын қапы қалдырды. Үшінші орынға «Шығыс Ақпарат» ЖШС, екінші орынға денешынықтыру және спорт басқармасы, бірінші орынға Көкпекті аудандық газетінің құрамасы ие болды.
Осы арада Футболшылар, яғни, журналистер дәстүрге айналған республикалық Сейдахмет Бердіқұловты еске алу турниріне облыс атынан бір құрама жасақтап барсақ деген арман тілектерін де айтып қалды.
Байланыс және ақпарат қызметкерлері мерекесіне арналған жарыстың бірінші күнінде волейбол турнирі өтті. Онда да тоқтала кетуге болатын қызықты кездесулер бар-ды. Мәселен, алғашқы ойында 24-19 есебімен ұтылып жатып «Шығыс Ақпарат» ЖШС командасы жеңісті қолдан жұлып әкетті. Әсіресе, құрама ойыншысы, «Дидар» газеті бас редакторының орынбасары Серік Әбілханның ойыны қарсыласты қатты састырды.
Ойыншылармен бірге доп тепкен шара ұйымдастырушысы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов мерекеге арналған спорттық жарыс жеңімпаздарына марапаттаулар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.
– Бұл шара адыңғы жылдары президенттік көпсайыс түрінде өтетін. Онда «Дидар» мен «Рудный Алтай» журналистері алдына қара салмайтын. Биыл бұқаралық ақпарат құралдарының өтінішімен жеке спорт түрі футбол мен волейболды ғана қалдырдық, – дейді ол.
Волейболдан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үшінші сатыға, «Шығыс Ақпарат» ЖШС екінші сатыға, «Қазақстан-Өскемен» командасы бірінші сатыға көтерілді. Ал футболдың ауыспалы кубогі екінші мәрте көкпектіліктердің қанжығасына байланды.
Тасқын Болатұлы