Журналистер сапқа тұрды
Өңірлік БАҚ-тың бір топ журналисі бір күн бойы Ұлттық ұлан гвардиясының Шығыс өңірлігі 5518 әскери бөлімі қатарында қызмет етіп, сап түзеген сарбаздардың, әскеріміздің әлеуетін, әскери өмірді көздерімен көріп, көңілге түйіп қайтты. Мұндай мүмкіндікті құр жіберіп алмай өздерінің білек күші мен жүрек күшін де сынға салды.
Әскери бөлімнің қала сыртындағы оқу-жаттығу алаңына әскери көлікпен ертелетіп жеткен журналистер алыс қашықтыққа жүгіріп, АК-74 автоматын белгіленген уақытта бұзып, жинауға машықтанып, қару-жарақ түрлерімен танысты, тапаншамен нысанаға оқ атып, аздап «Макаровты» да меңгеріп қалды…
Оқу-жаттығу алаңында жүгіріп, секіріп, сарбаздардың барлық жауынгерлік жаттығуларын орындаған тілшілер түсте палаткалардағы әскери асханадан тамақтанып, сарбаз ботқасын жеп, әскерилердің ас мәзірімен де танысуға мүмкіндік алды.
Сапта болған журналистердің «әскери қызметін» қорытындылап, олардың өзара жарысын бағалаған Ұлттық Ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары Ниязтай Алкешев жиын соңында үздік көрсеткіштерге жеткендерді Алғыс хатпен марапаттап, қалам ұстаған қауымға ақын, жазушылардың кітаптарын сыйлады.
Сарбаздар сапында болған бір күнде әріптесіміз, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің фототілшісі Дмитрий Франчук құралайды көзге атқан мергендігімен демесек те, нысанадан мүлт кетпеуімен ерекшеленіп, осы сайыстың жеңімпазы атанды.
Жанаргүл Мұқатай