38 жастағы өскемендік әйел жүргізуші куәлігін бейтаныс адамнан сатып алуға шешім қабылдаған. Қысқа мерзімде жүргізуші куәлігін жасауға уәде берген «мейірімді жан» қызметі үшін 1 240 000 теңге сұрапты.
Құжаты қолына тимеген келіншек ақыры полицияға жүгінуге мәжбүр болады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Алаяқтық жасаған 54 жастағы шемонайхалық тұрғын полиция бөлімінде өз іс-әрекетін толық мойындаған.
– Қылмыс жасаушыға қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Кінәні мойындаған жағдайда күдіктіге екі жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп мәлімдейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.