«Жүректегі көбелек» оқырманға жол тартты
Облыстық кітапханада жас ақын Құндыз Тасқынбекқызының «Жүректегі көбелек» атты кітабының тұсауы кесілді. Оған Өскемендегі университеттердің филолог-ғалымдары мен студенттері, шаһардың жырсүйер көпшілігі қатысты.
Құндыз 2017 жылы орта мектепті үздік бітіріп, биыл Қазақстан-Американ еркін университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Мектеп қабырғасынан өнерге жақын Құндыздың жетістіктері жетерлік. Атап өтерлігі, ол DIDAR газетінің 85 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін иеленген-ді.
Бүгінге дейін ақын қыздың «Жауқазын жыр» жинағы жарық көрген болатын. Алматы қаласында өткен кітаптың алғашқы тұсаукесеріне «Көк тудын желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлы келіп, қолдау көрсетіпті. Оның өлеңдері белгілі ақындар тарапынан да жоғары бағасын ала бастады.
Құндыз Тасқынбекқызының айтуынша, кітап атауындағы «көбелек» сөзі біраз адамдарға ұнамаған сынды. Қазақ ұғымында ол тұрақсыздық пен жеңіл жүрісті білдірсе, ақын қыз оны махаббатқа немқұрайлы қараушылық деген мағынамен толықтырады. Лирикаға толы кітапта қыз баланың сезімімен ойнағандарға ескерту жасалады.
Кездесуде ақын жастармен еркін сұхбат жасап, шығармашылық жоспарларымен бөлісті. Шығармашыл жастардың өнерге деген қызығушылығын оятып, ізденісте жүргендерге бағыт-бағдар ұсынды. Іс-шара әнмен әрленіп, ақын өлеңдерімен өрнектелді.
Мадина Болатханова, студент