Жүрекке күрделі ота жасалды
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ
Жуықта Аягөз ауданаралық ауруханасында алғаш рет аудандық деңгейде жүрек қағысының бұзылуына күрделі ота жасалды.
Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың профессоры, аритмолог Ерік Садуев жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын хирургиялық жолмен емдеу бойынша шеберлік оқуларын өткізді. Екі күн ішінде астаналық профессор мен жергілікті хирургтер бірлесіп, жүрек аритмиясы бар үш аягөздікке ота жасады.
– Осы уақытқа дейін мұндай диагнозы бар науқастар үлкен қалалардағы клиникаларға баруға мәжбүр болған. Аудан деңгейінде тұңғыш рет жасаймыз. Пациенттер жүрек ырғағының бұзылғанына, үнемі бастары ауыратынына шағымданды. Өйткені жүректің қағысы жаңылысқаннан кейін қан айналымы бұзылады. Бүгін біз алдымен науқастың жүрегіне электрофизиологиялық зерттеу (ЭФЗ) жүргіземіз, бұл – жүректің өткізгіш жүйесінің функционалдық жағдайын бағалау және жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылу механизмдерін анықтау әдісі, – деп түсіндірді Аягөз ауданаралық ауруханасының ангиохирургі, жоғары санатты дәрігер Тимур Өтеғалиев.
Ангиохирургтер катетерді жамбас арқылы енгізіп, науқастың тікелей жүрегіне жеткізеді. Бұл – операцияның басы ғана. Осыдан кейін нағыз зергерлік жұмыс басталады. Енді аритмияның ошағын тауып, оны электр тогының көмегімен абайлап бұзу немесе күйдіру керек.
Радиожиілік абляциясы немесе жүректі күйдіру – бұл әдіс жүрек бұлшық етінің патологиялық қозуын жоюға бағытталған. Радиожиілік сигналдары тіндерге бағытталып, импульстардың артық берілу жолын жабады, содан кейін жүрек қалыпты режимде жұмыс істей бастайды. Дәрігерлер бүгінде жүрек қағысының бұзылуы әртүрлі жастағы адамдарда кездесе беретінін айтады. Осылайша радиожиілік абляциясы деген күрделі атауы бар ота пациенттің жүрек ырғағын қалпына келтіруге, яғни науқастың өмірін ұзартып қана қоймай, сапалы ғұмыр кешуіне мүмкіндік береді.
Ота жасатқан пациенттердің бірі – аягөздік Айгүл Боранова жүрек ауруымен көп жылдан бері науқастанады. 2017 жылы Астана қаласында дәл осы профессорда емделіпті. Айтысына қарағанда, аритмия ошақтары қайта шыға береді екен.
– Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Отадан кейін өзімді жақсы сезінемін. Мен денсаулығымды түзеу үшін сонау Астанаға бармай, осындай күрделі операцияны өз ауданымызда жасатқаныма қуаныштымын. Себебі жол шығыны бар, клиникадан шыққан соң оңалу үшін пәтер жалдау керек дегендей. Аягөздің маңындағы елді мекендердің тұрғындары үшін де өте қолайлы болды деп ойлаймын, – дейді Айгүл.
Аудан орталығының тағы бір тұрғыны Жадыра Байженова да ұзақ уақыт жүрек соғысының бұзылуынан зардап шегіп келген. Науқастың айтуынша, жүрек соғу жылдамдығы минутына 60-80 соққының орнына кейде 250 соққыдан асып түскен кездер болыпты. 37 жастағы науқасқа да операция осы шеберлік оқулары аясында жасалды.
– Мен дәрігерлерге шын жүректен алғыс айтамын. Ота сәтті өтті, өзімді жақсы сезінемін, екі күннен кейін үйге қайтамын, – дейді Жадыра Байженова.
Тимур Өтеғалиев бұл өте күрделі ота деп, операциядан кейін асқынулар да болуы мүмкін екенін ескертті.
– Ота жасайтын хирург аритмологияны, қанның жүретін барлық жолдарын жетік білуі тиіс, онсыз операцияның сәтті аяқталуы екіталай. Ал бұл көп жылдық тәжірибені қажет етеді. Профессор бізге кез келген уақытта келіп, әлі де көмектесуге дайын. Егер басшылық бізге қажетті тағы бір-екі аспапқа қол жеткізсе, бүгінгідей отаны өз бетімізбен жасай алар едік. Ең бастысы – мұндай жоғары технологиялы оталар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде ақысыз қолжетімді, – деді Тимур Кенжешұлы.
Астаналық профессор Ерік Садуев аритмия ошақтары жойылғаннан кейін енді науқастардың өмір сүру сапасы әлдеқайда жақсаратынына сендірді.
«Глобал медикал» компаниясының өкілі Жандос Жақсылық ота жасауда қолданылған бірегей аппарат туралы айтып берді.
– Бұл аспапта электрофизиологиялық зерттеу (ЭФЗ) мен навигациялық жүйенің екеуі де шоғырланған. Бұл – Шығыста навигациялық жүйені қолданумен жасалған алғашқы операция. Орталықтың барлық медициналық қызметкерлерінің белсенді әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде оталар сәтті аяқталды, – деді компания өкілі.
Аягөз ауданаралық ауруханасының инсульт орталығында тұрған заманауи медициналық аппараттар тіпті кейбір облыстарда жоқ. Бұған облыстар бөлінбей тұрған кезде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен облыстың денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың кешенді жоспарының арқасында қол жеткізілген болатын. Сол кезде аягөздіктердің бағына ауданға жұмысқа медицина ғылымының кандидаты Тимур Өтеғалиев келген еді. «Болашақ» бағдарламасымен Кореяда оқып келген, Сингапур, Испания, Ирландия елдерінің озық клиникаларында тағылымдамадан өткен, өзі кардиолог әрі кардиохирург, өзі ангиохирург және эндоваскулярлы хирург, жоғары санатты аритмолог, әмбебап білікті маман Тимур Өтеғалиевтің жетекшілігімен қазір әріптестері жүрек қан тамырларына стент қою, коронография, мидың қан тамырларына күрделі оталар жасайды.