Жүрегіне ізгілік ұя салған
Соноу, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының орта шені. Болашақ журналистерді университет (ҚазМУ) газет, радио редакцияларына өндірістік тәжірибе алу үшін үшінші курстан екі-үш айға жолдаған. Мен өз өлкем – Шығыс Қазақстанның облыстық газеті «Коммунизм туына» (бүгінгі «Дидар») баратын болдым. Бұрын аудандық газетке жазған бірлі-жарым хабар-ошарды поштамен жібергенім болмаса, басқа редакцияның есігін ашып көрмеген басым, бұл сапар қалай болар екен дейтін қобалжудың болғаны да рас. Менен бір-екі курс бұрын оқып, мұндай жолдан жүріп өткен жерлесім Кеңесхан Зәкеновтен ақыл сұраймын ғой. Туған ағайымдай қамқорлығын көрсетіп жүретін марқұм Кеңесхан ағам: «Сені қай бөлімге жіберсе, алдымен сол бөлімнен шыққан материалдарды оқып, зертте. Онымен де шектеліп қалмай, әр жанрда өз қабілетіңді байқап көр. Тағы бір айтарым, сол газетте қызмет істеген Уаһап Қыдырханов деген ағаңның жазғандарын оқы. Тіліміздің байлығын қалай мөлдіретіп пайдаланатынын үйренесің» деп ақыл айтып еді.
Мамандық алып, оқу бітірген соң, сәті түсіп, жастар газеті «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») қызметке келсем, бір бөлмеде үпір-шүпір отырған он шақты қыз-жігіттің ортасындағы Уаһаңмен алғаш рет таныстым. Ол кісінің де зайсандық екенін бұрыннан білсем де, «мен солай едім» дей қоймадым. Бір қарағанда, ағайым да көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі болып көрінген. Алайда оның біздің қатарымыз сияқты «біздің жақта» деп басталар қысыр әңгімеге араласпағанмен, айтар жерінде байсалды да мәнді әңгімені айта білетінін көрдік. «Іш тарта» сөйлесіп, ел жақтың естіп-білер жаңалығын да айтатын болдық.
Шыны керек, Уақаңның газетке сиректеу жазатын мақалаларынан бұрын «Жырға сапар» атты ұжымдық жинаққа біраз өлеңі енген ақын ретінде танығанмын. Жыр жолдарымен табиғаттың, қоршаған ортаның суретін сұлулап сала алатын, тіршіліктің жақсылы-жаманды сәттерін сырлы да сезімталдықпен айта білетін ақын ретінде танығанмын.
«Жол жатыр төскейге өрлеп иірілген,
Самсатып, қарағайға тиін ілген.
Орманның бір алаңқай иығынан
Аңшының көзге түсті үйі бірден…
Жол жатыр төскейге өрлеп иірілген,
Ақ шабақ шолп етеді иірімнен.
Айдынға қармақ тастап, жас сұлу тұр,
Жартастың суға төнген иінінен».
Осынау өлең жолдарын оқыған соң бұтақтарында тиіндері жүгірген қарағайлы орман алаңқайдағы аңшы үйі, жартас үстінде тұрған жас сұлу – бәрі-бәрі шебер салған суреттей көрінді. Тек сөзбен, құдіретті поэзия тілімен салынған сурет.
Сондай-ақ ақын тағдырдың теперішімен өзі дүние есігін ашқан туған жері Зайсанынан жөргекте жатқанда-ақ жат жерге кетуге мәжбүр болған соң кіндік қаны тамған мекенін өкінішпен жырға қосады.
«Мен дағы Төр Алтайдың түлегімін,
Лүпілі ол – соғып тұрған жүрегімнің.
Тұп-тұнық тынысынан тірлік тауып,
Шыр етіп, шын дүниеге кіре білгем.
Тал бесік бұйырмай тек туған жерден,
Балақты бөтен жақта түре білгем.
Жел айдап, жер ауғанда жөргегіме
Қырсықтың қара жібін іле жүрдім…
Жүгірдім, жығылдым да, жыладым да,
Қайтадан қаз-қаз басып тұра білдім.
Қадірін туған жердің мың мәртебе
Шер жұтып, шет жақтарда жүре білдім…»
Осы бір жолдары оның балалық базарының қызығын көре алмаған өмір жолының қиын кезеңдерден өткенінен хабар бергендей.
Барша қазаққа зор зобалаң әкелген өткен ғасырдың отызыншы жылдары кезінде ескіше, жаңаша сауаты бар, кеңеске де қызмет еткен әкесі сол кеңесінен қуғынға ұшыраған соң Қытай еліне қарай шекара асыпты. Алайда елден жырақ бір аралда бес-алты ауыл кісілері қоңыртөбел күндерін көреді.
Осындай досты қойып, дұшпаныңа да тілемейтін зобалаңды жылдарды бастан өткізген жеткіншек 1948 жылы Шығыс Түркістанның «Білім жұрты» дейтін гимназиясында білім алып, 1955 жылы Қазақстанға қарай өкіметтің ризашылығымен ағылған алғашқы көшпен бірге тұяқ іліктіреді. Ол – елдегі КазМУ деп аталатын жалғыз университет студенті. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» («Дидар»), республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде әдеби қызметкерден бастап, бөлім меңгерушісі, редакциялық коллегия мүшесі болып қызмет істейді. Бір қызығы, 60-шы жылдары Уақап бастап эфирге шығарған қазақ радиосының «Шалқар» атты әдеби-музыкалық журналының негізінде қазіргі кезде өз алдына осы атаумен жеке радио толқынның барын жұрт жақсы біледі. Халықаралық «Шалқар» газеті де Уаһаңның бас редакторлығымен шығып, шет елдердегі мыңдаған қандасымызға таратылды. Кезінде «Социалистік Қазақстанда» У.Қыдырханұлына бастық болған Әзілхан Нұршайықов ағамыз інісі Уаһап туралы былай дейді: «Мені білсе, Қазақстандағы қазақтардың ғана ептеп білуі мүмкін, ал Уаһаңды бүкіл дүние жүзіндегі қазақтардың бәрінің жақсы білетіні анық», деп әзілдеп жазғаны есте қалыпты.
Уаһаңның редакцияларда қызмет істей бастағаннан поэзияны азайтып, прозамен, публицистикамен көбірек айналысып жүргенін жазғаны бар. Жақсы жазушыдан жақсы ақын шықпауы мүмкін, ал жақсы ақынның жаман проза жазуы мүмкін емес. У.Қыдырханұлының қай повесі, қай әңгімесін оқысаң да, кідірмей, мүдірмей сау желіп отырады. «Көзде кіреуке, тұсау, мида мұнар. Тоқсанның түкпірінде тұрмыз. Жүзге қарауға жүз шыдамайды. Артың – із, алдың – мұз…». Өлеңдер топтамасына жазған «Өз елім – өзегім» атты кіріспесі осылай басталады. Тоқсанның төбесі көрінген шақта «мида – мұнар…» десе де, санасы өшпестей болып о бастан сіңіп алған ділмарлықтан гөрі қазақтың қанатты сөзінің әрін де, мәнін де түсірмей айта білу, тереңнен тартып толғай білу қасиеті әлі қаз-қалпында екен.
«Алтын ай» атты романның жүгін көлемі жағынан ғана емес, айтарының келелігімен де көтеріп тұрған повесінде кейіпкерлерінің аузына мынандай сөз салады: «Ә, жаратылыс деген кең дүние. Оған бәрі де сыя береді. Соның өзінде сұлулығы мен алыптығын, болмаса ұлылығын өлшеу қиын-ақ шығар…
Санасызға сұлулықты сезіну, алыптықты айыру, ұлылықты ұғыну оңай емес», – деп кейіпкерлерінің аузына ойлы сөз салады. Немесе мына бір диалогты оқиық:
«– Ел тарихын кім айтады?
– Көнеден қалған көз айтады, ескіден қалған сөз айтады…
– Жер тарихын кім айтады?
– Күзетте тұрған құз айтады, құздарда қалған із айтады…» – деп орақ ауыз билерше толғап алып, сонау жоңғар шапқыншылығынан бермен қарай тартып, түбі қалмақ батыры Қиын мен қазақ батыры Қошқарбайдың 8-9 атадан бергі ұрық-шәрібін кейіпкері мүдірмей тарата жөнеледі.
Кезінде Кеңесхан ағайымның: «…Уаһаптан тіліміздің байлығын қалай мөлдіретіп пайдаланатынын үйренесің» деген сөзі осынау жолдарды оқығанда еске түседі. Қыдырханұлының шежіреге де жүйрік екенін Алтайдың арғы-бергі жағындағы Төлегетай мен Абақ керейдің шежіресін білгірлікпен тарататын «Әттең, Алтай, Марқакөл» атты кітабынан да оқып білген едік…
Автордың ең көлемді, әр саладан түрлі оқиғаларды шеберлікпен қиюластыра білген сүйекті туындысы да – «Алтын ай» повесі. Ең әуелі шығарманың жетістігі деп әлі күнге дейін әдебиетімізде өз өрісін таба алмай жүрген өндіріс тақырыбын білгірлікпен жаза білуі, ерінбей зерттей алуы деп едік. Алтайдағы аты неше өзгерген бүгінгі Риддер, кешегі Ұланбелдің жер астында тұнып жатқан қазынасына – алтыны мен күмісі, қорғасыны мен мырышы, жезі мен мысы сияқты байлығын кезінде ағылшын мен қытай көз тігіп, одан орыстың ұзақ жылдар бабаларынан мұраға қалғандай қызығын көріп, тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң ғана төгіп-шашып болса да өз жұртымыздың игілігін көре бастаған полиметалл комбинатының, айналасындағы шахталардың жұмыстарына барлау жасап, жан-жақты тоқталады.
Оқиға айтасын (селен) қорғасыннан бөліп алудың жолын тапқан инженер жігіт Архат пен журналист әрі ақын жігіт Төкеннің әңгімелерінен басталып, Ұланбелдегі атақты кәсіпорын мен кеніштерді таныстырудан басталады. Сонан соң шырғалаңды оқиғалар оқырманын жетелей жөнеледі. Атышулы 1916 жылғы майданның қара жұмысынан қашып, Ұланбелдің қараүңгіріне тығылып жүрген Қалабай деген жігіт бір күні ақтардың әскерлерінің үш азаматты орманға әкеліп, атып кеткендерінің куәсі болады. Өлді деген үшеудің бірінің шала-жансар жатқанын біліп, оны шұңқырдан шығарып алады да, ем-дом жасап, тірілтіп алады. Осы жерде айта кетер бір жайт, автор емге қолданатын Алтайдың өсімдіктерін өзі емші болып көргендей, аса білгірлікпен тәптіштейді.
Құтқарған жігіті революцияға қатысы болғаны үшін айдалып келген Донбасстың шахтері екен. Қалабай оған Нариман деп ат қойып, өзіне бала ғып алады. Осы бала азамат болған кезде Нариман Қалабаев дейтін елге белгілі, ірі қайраткер тұлға болады.
Негізгі оқиға желісі екі адамның әңгімесі арқылы өрбиді. Өтеу қарт инженер Күленовке әңгіме айтып, Ұланбелдің бір жотасында ойраттармен болған соңғы соғыста қапияда қайтыс болған түпкі, сегізінші бабасы Қошқарбай батырдың жерленгенін айтады. Әрі қарай ойрат батыры Қиын мен Қошқарбай батырлардың бұдан үш-төрт ғасыр бұрын болған оқиғасына жалғасады. Ұланбелдің кешегі тарихы сияқты. Бұл оқиғалардың болған уақыттары өте алшақ болса да, ортақ кейіпкерлердің әңгімелері Сәлменнің нөмірленген дәптерлері арқылы өріліп отырады. Дегенмен, әр дәптердегі оқиғалар жеке-жеке шығарма болғанда қалай оқылар еді деген де ой келді.
Біздің әріптестердің өндіріс тақырыбына көп бара бермейтінінің басты себебі – жаңа техника мен технологияны жете түсініп, талдап жазуға батылы мен біліктерінің жетпейтінінде деп ойлаймын. Ал автордың бұл шығармасында дәрілік өсімдіктердің қайсысын қай ауруға пайдалануға болатыны білгірлікпен жазғаны сияқты комбинат, зауыт, шахтаға байланысты біраз терминді келтіреді. Әрине, бұл – Уаһаптың жазар объектісін жете зерттейтінінің белгісі.
Автордың бұл шығармасын «Алтын ай» деп атауының мәні – Әмірхан ұста бабасының басына қойған айдың бейнесін саф алтыннан құйып қойды – «Алтай да менікі, оның байлығы да менікі. Керек болса, бабаларымның зиратын да алтынмен аптаймын» дегенді меңзеп тұрғандығында сияқты.
Автордың сүбелі еңбектерінің бірі «Ант» повесі – басынан қара бұлт кетпей екі бүйірден қысқан қос мемлекеттің теперішін көп көрген қазақтың, әсіресе шекараға жақын Алтай жұртшылығының қасіретті азап-тозақтарын әшкерелейтін шығарма. Жоғарыдағы «Алтын ай» повесінде айтылған гоминданға жалданған ақ гвардия сілімтіктерінің бір аралда бейбіт отырған ауылдың адамдарын аяусыз қырған оқиғаға кеңінен тоқталады. Өлілердің де, тірілердің де ішінен табылмаған бала Әлім (автордың өзі) үш-төрт күннен соң партизандарды ертіп келеді. Осындай сұмдықты өз басынан өткізген қаламгердің оқырманын толқытпай жазуы мүмкін емес.
* * *
Жарты ғасырдан астам уақыттан бері Уаһаң ағамызбен «тонның ішкі бауындай» ет жақын араласып кетпесек те, аман-сәлеміміз түзу, аға-іні болып сыйласып келеміз. Осы уақыт мұғдарында біреумен түс шайысып немесе біреуді сыртынан ғайбаттағанын көрмеппін де, естімеппін. Қашан да «ерттеген торы аттай» жайдары мінез, жарқын қабақпен жылы жымиып қана жүреді. Жалғыз-ақ Құран Кәрімнің бірнеше аударылу нұсқасында экс-муфти Рәтбек қажы бірге аударған болып жазылып жүрген. Шынында, ол кісі аудармаға еш қатысы болмаса да, «Аударған – мен» деп жалпақ әлемге жар салған кезде ғана күнәсін Алла кешсін, өз құқығын заң арқылы қорғап алды-ау деймін.
* * *
У.Қыдырханұлының халқы үшін жасаған тағы бір ұшан-теңіз еңбегі – Құран Кәрімді алғаш рет қазақ тіліне түсінікті етіп аударды. Қазақ халқы мың жылға жуық уақыт бойы мұсылман дінін қабылдаса, содан бері бірде-бір адам Құран сөзін қазаққа жеткізе алмапты. Демек, бұл – Уақаңның ешқашан ұмытуға болмайтын ұлы еңбегі. Ол:
«Аллаға сиын, Аллаға сүйен!
Жарылқайтын да, жазалайтын да,
Жан дүниеңді тазалайтын да –
Ол сенің иең!» – деген Құран Кәрімді аударуды имани кәлимамен Раббымыздың сөзін осылай бастап, тәржімеге кіріседі.
Біздің әріптес інісі ретінде айтарымыз – бір адамға жетерлік атақ-абыроймен, ордендер мен медальдардың иесі атанып, тоқсан дейтін толағайды игерген ағамызға «Алланың жарылқауымен» жақсы денсаулық пен жарқын жүзбен жүзді көрсін деген тілек айтамын.
Кәдірбек Сегізбайұлы,
жазушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты