Облыс әкімі: бағыт-бағдарТОП

ШҚО әкімі: Жұмыстың сапасы жұрттың назарында болады

Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, бірінші кезекте қолға алынуға тиіс міндеттерді анықтау мақсатында облыс әкімі Ермек Көшербаев облыстық басқармалардың басшыларымен кездесу өткізді.

Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында хабарлаған аймақ басшысы күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қозғап, Шығыстың әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Ең алдымен назарға алатын дүние – жылыту маусымына дайындық. Облыстың барлық ауданында кестеден кешігу болмауы керек. Сонымен қатар, тұрғындар осы саладағы жобалардың барысынан хабардар болуға тиіс. Атап айтқанда, ол – мектеп, балабақша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары, жол салу және жөндеу жобалары. Яғни, атқарылатын жұмыстардың сапасына барынша көз жеткізе алады. Әрине, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылатын болады, өйткені облыстың әрбір тұрғынының әл-ауқаты осы салаға тікелей байланысты, – деді Ермек Көшербаев.

Сонымен қатар, ол Шығыс Қазақстанның қай кезде болмасын түрлі салалардағы жаңа идеялар мен жобалардың қайнар көзі екендігін атап өтіп, бұл тәжірибені басқа аймақтар да жүзеге асырып, барынша қолданып жатқанын жазды.

Қазір негізгі міндет өңіріміздегі барлық жылу көздерін, магистральдық желілерді, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үй қорын жылыту маусымы басталмай тұрып сақадай-сай етіп дайындау қажеттігін ескерткен облыс әкімі бұл ретте басқарма басшыларына артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін ескертті. Жауапты сала басшылары барлық мәселеден хабардар болып, оны шешуге бар жедел әрекет етуі қажет деп түйді.

 

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button